3.06.2021, 23:53
Оқылды: 88

Қаратөбе ауданында «Бабалар ізімен...»  экспедициясы бастау алды

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты өлкемізден шыққан тарихи тұлғаларды ұлықтау мақсатында «Бабалар ізімен...» жобасы негізінде Қаратөбе колледжінде тарихи-танымдық шара өтті.

IMG-20210528-WA0025

Шарада колледж директоры Мәулен Салахаден сөз сөйлеп, өскелең ұрпақты өлке тарихын ұлықтауға, өнеге етуге шақырды. Сондай-ақ шараға қатысқан еңбек ардагері Мәулен Қожахметов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Набиоллаұлы, аудандық мешіттің бас имамы Әділжан Төлебайұлы, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Нұрберген Жоламановтар Соналы көтерілісі туралы тарихи деректермен бөлісті.

қ1

Биыл тарих толқынында Соналы көтерілісіне 105 жыл толып отырғандығы белгілі. Осы орайда «Бабалар ізімен...» жобасы аясында Соналы көтерілісіне қатысқан қайраткерлердің ұрпақтарымен тағылымды кездесу ұйымдастырылды.
Тарих парақтарына көз жүгіртсек, Соналы болысында патша жарлығын орындау үлкен ыждағатпен жүргізілген. Болыс Көшербай Сарғожин қасына нөкерлері мен хатшысын (писарін) ілестіріп, Сулыкөл, Батпақкөл, Соналы, Үшағаш ауылдарын аралапты. Жігіттерді тауып, тізімге жазған. Бұған наразы болған ел жігіттері атқа қонады. Көтеріліс басшыларының бірі – Сенғали Дәуешев еді.
Тағылымды шарада Соналы көтерілісінің басы-қасында болып, ерлігімен елге танылған өлкеміздің тарихи тұлғалары Сенғали Дәуешов пен Бақтығали Шонаевтың ұрпақтары Марат, Рафик Сенғалиевтар сөз алып, аталарының ғибратқа толы өмір жолдарын тебіреніспен әңгімелеп берді.
Одан соң Сенғали Дәуешовтің ұрпақтары мен колледж мұғалімдері, студенттер Қалдығайты ауылына сапар шегіп, Сенғали қарттың басына барып, құран бағыштады.

қ3

Бейіт басында Үшана ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Аман Жүсіпқалиев белгілі өлкетанушы, журналист Қайыржан Хасановпен бірлесе жұмыстанған өлке тарихына қатысты, соның ішінде Соналы көтерілісі туралы тереңнен ой қозғады. Сонымен қатар Соналы көтерілісіне қатысушылардың бірі Бақтығали Шонаев ағасынан көзі тірісінде жазып алған естеліктерімен де бөлісті.

Танымдық шара шеңберінде мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында кіші футболдан спорттық сайыс, қыздар арасында аспазшылар сайысы ұйымдастырылғандығын айта кеткен жөн.

 

Маралбек Амантаев,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале