4.03.2021, 19:07
Оқылды: 284

Қаратөбеде 67 тұрғын үй пайдалануға берілді

Бүгін Қаратөбе ауданының орталығы Қаратөбе ауылында 67 тұрғын үй халық қолданысына берілді. Баспаналы болған тұрғындардың қуанышымен бөліскен аудан әкімі Жанат Асантаев тұрғын үй кілттерін табыстады.

20210304111748_IMG_4311

Елбасы және еліміздің Президенті тарапынан халықтың өмір сапасын арттыруға айрықша мән беріліп келеді. Осы орайда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 67 үйдің құрылысы басталған болатын. Облыстық бюджеттен бөлінген 562 млн. теңге осы мақсатқа жұмсалып, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым қызметкерлеріне, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, жалғызбасты, тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтарға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға және көпбалалы отбасыларға берілді.

20210304111828_IMG_4314

– Қазіргі уақытта тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі өте өзекті екені барлығыңызға мәлім. Ауданымызда 270 азамат баспана кезегінде тұр. Олардың барлығы осы 5 санат бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар.

Сонымен қатар, аудан бойынша құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Инженерлік-коммуникациялық желілер құрылысы дайын жерлер алдағы уақыттарда жеке тұрғын үй құрылысын салатын азаматтарға берілетін болады.

20210304111659_IMG_4305 (1)

Алдағы жылдары тағы бірнеше тұрғын үйді салуды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта да мұндай қуанышты сәт әлі де жалғасын табады деп сенеміз. Мұның барлығы еліміздегі әлеуметтік бастамалар мен реформалардың сәтті жүзеге асқандығының айқын көрінісі. Халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс-тіршілігін жақсарту мемлекет басшысының әрдайым жіті назарында. Мемлекеттік бағдарлама аясында баспаналы болып отырған барлық отбасының шаңырағы қуанышқа, берекеге толсын. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! - деді аудан әкімі Жанат Асантаев баспана кілтін табыстау сәтінде.

Айта кету керек, аталмыш 67 бір пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша мердігер «Нур-Талап и К» ЖШС жүргізді.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале