15.12.2017, 15:31
Оқылды: 26

Қаратөбеде Кәсіпкерлер үйі ашылды

6Қаратөбе ауданында Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Кәсіпкерлер үйінің ашылу салтанаты өтті. 

Осыдан біраз ғана уақыт бұрын жеке кәсіпкер Құсайын Мұқанов аудан орталығындағы пайдаланылусыз тұрған ғимаратты меншігіне алып, өз қаражаты есебінен толықтай күрделі жөндеуден өткізіп, кәсіпкерлік саласы бойынша тиімді қызметтер ұсыну мен жаңадан кәсіп бастаушыларға көмек көрсету орталығына айналдыру мақсатына білек сыбана кіріседі.

Ерен еңбектің нәтижесінде осындай сәулетті ғимарат жаңарып шыға келді.

Кәсіпкерлер үйінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Жанат Асантаев салтанатты шараға қатысушыларды қазақ халқы ғасырлар бойы арман етен Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен қолдау көрсетілетінін жеткізіп, жаңадан ашылған жаңа нысан да аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосатынына сенім білдірді.

Қуанышты сәтті бөлісуге келген еңбек ардагері Мақсот Ермеғали, аудандық мәслихат депутаты Гүлнар Мусаева, оралдық кәсіпкер Иса Камалұлы жаңадан ашылған Кәсіпкерлер үйінің халық игілігіне жұмыс жасауына тілектестігін жеткізді.

Сәні мен салтанаты келіскен жаңа орталықтың лента қию рәсімін аудан әкімі Жанат Асылханұлы пен еңбек ардагері Орынғали Бәкесұлы жүргізді.

Нысанның ашылу салтанатына жиналған жұртшылық жайлы да жылы, барлық талаптарға сай келетін ғимарат ішін аралап көріп, «Құтты болсын!» айтысты.

 Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале