31.08.2022, 15:30
Оқылды: 48

Қаратөбеде Конституция күні аталып өтті

Кеше Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған мерекелік салтанатты шара ұйымдастырылды.

3

Салтанатты жиналыста сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов елдің басты құжаты Ата Заңымыздың тарихына, оның маңызына, ерекшелігі мен өміршеңдігіне тоқталып, Конституция аясында елде атқарылған іргелі жұмыстар туралы айтты.

– Сіздерді шын жүректен Конституция күнімен құттықтаймын! Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгені осының айғағы. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді. Жылдан жылға біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, келісім мен бірлігіміз нығая берсін. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!, – деді мерекелік құттықтауында.

4

Салтанатты шара аудан көркемөнерпаздарының «Елдің асыл тірегі - Ата заң» атты концерттік бағдарламасына ұласты.

6

Шара барысында қазақ еліне кеңінен танымал композитор, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықпан Жолдасов және оның қызы, Қазақстан эстрадасының жас әншісі Фарида Жолдасовалар өнер көрсетіп,  “Ақ қанат, ақ құсым” атты шығармашылық кешіне жалғасты.

5

Әнші ауыл тұрғындарын Конституция күнімен құттықтап, жылы лебізін білдіріп, ”Шамшырақ”, “Табиғатым махабатым”,  «Алтынай», «Ғашығым менің», «Қаздар қайтып барады», “Сәби бақыты”, “Ақ қанат, ақ құсым” атты әсем әндерін нақышына келтіре орындады.

Кеште әншінің қызы Фарида да қаратөбеліктерге әсем әндерін жолдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

1

Кеште аудан әкімінің орынбасары Қ.Нұржанұлы қадірлі қос өнерпазға рақметін айтып, алғысхат пен естелік сыйлық табыстады.

 

Райымбек Абай,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале