13.05.2021, 19:27
Оқылды: 69

Қаратөбедегі жеміс бағына ұлағатты ұстаз есімі берілді

Бүгін Қаратөбе колледжінде ҚР Білім беру ісінің озық қызметкері Махсот Хамбетов атындағы жеміс ағаштары бағының ашылу салтанаты өтіп, «Еңбегі бар елге сіңген» тақырыбындағы шараға ұласты.

 ұ1

Биыл облыс әкімдігінің бастамасымен «Менің аулам – менің бағым» бағдарламасы жүзеге асырылып, бағдарлама аясында жеміс-жидек бұталары мен ағаш көшеттерін отырғызу шаралары жүзеге асуда.

«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын...» деген бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиетін жалғастыру мақсатында және аулаға көрік беріп, келер ұрпаққа өнеге болсын деген ниетпен колледж ауласына 78 тал жеміс ағашы отырғызылды. Оның ішінде 1991 жылғы Шөптікөл орта мектебінің түлектері де өздері оқып-білім алған мектеп ғимаратының ауласына жеміс ағаштарының отырғызылуына атсалысып, колледжге 25 түп алма ағашын сыйға тартты.

ұ2

Шара барысында құттықтау сөз сөйлеген Қаратөбе колледжінің директоры Мәулен Салахаден:

– Шөптікөл орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарған, ҚР Білім беру ісінің озық қызметкері – Махсот Хамбетұлы. Сондықтан да «Жақсының өзі өлсе де сөзі өлмейді» демекші, білім саласында аянбай тер төгіп, саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздың есімін жеміс ағаштары бағына беру ұйғарылды. Махсот Хамбетұлының білім беру саласында қалтқысыз қызмет етіп, саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған ұлағатты ісі әрқашан құрметке лайық, - деді.

ұ3

Жеміс бағының ашылу салтанатында Махсот ағамызбен Шөптікөл орта мектебінде ұзақ жылдар қызметтес болған әріптестері Үмбетқали Бақтығалиұлы мен Мағзом Нұрпейісұлы, ұлағатты ұстаздың зайыбы Лиза Хайдарқызы мен ұлы Жарқын Махсотұлы еңбегі елеулі жанның өмір жолы мен қызметтегі сәттерінен естеліктер айтып, жылы лебіздерін жеткізді.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Назира Ермекқызы жеміс бағын ашып, үлгілі іс жасап отырған колледж ұжымына алғыс айтып, бау-бақша шаруашылығын қолға алуға ниетті азаматтарға әкімдік тарапынан қолдау бар екендігін атап өтті.

Ұлағатты ұстаз есімін иеленген жеміс бағының ашылу салтанатындағы лента қию рәсімін Махсот ағаның жұбайы Лиза Хайдарқызы жүргізді.

 

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале