8.09.2021, 16:25
Оқылды: 64

Қаратөбелік өнерлі жанұя

Жыл сайын елімізде қыркүйек айының екінші жексенбісінде Отбасы күні мерекесі тойланады. Отбасы – адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі. Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Осы орайда бірлігі мен берекесі жарасқан қаратөбелік өнерлі жанұя Жасұлан Темірғалиевтің отбасы жайында әңгіме өрбіткенді жөн көрдік.

 IMG-20210904-WA0015 (1)

Отағасы Жасұлан Қаратөбе ауылының байырғы тұрғындары екі ұл, бес қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға ұшырған Жалғас пен Жеміс Темірғалиевтердің отбасында дүниеге келді. Әкесі Жалғас ерен еңбегі арқасында зейнетке шығып, сексеннің сеңгірінен асқан ақсақал болса, анасы Жеміс «Алтын алқа» иегері, немере-шөберелерінің ақылшы әжесі.

Жасұлан Жалғасұлы жұбайы Бағдагүл екеуі 2002 жылы отау құрып, қазіргі таңда екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған үлгілі отбасылардың қатарында. Ұл-қызына өнегелі тәрбие беріп отырған бұл жанұя биыл Отбасы күні мерекесі қарсаңында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңіне қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленді.

Отағасы Жасұлан Темірғалиев Қаратөбе ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы қызметін абыройлы атқарып жүр. Мемлекеттік қызметпен қоса киелі сахнада ән шырқап, талай ән байқауларында аудан абыройын асқақтатқан өнер адамы.

44

Атап айтсақ, 2004 жылы өткен Ескендір Хасанғалиев әндерін орындаушылардың ІІІ республикалық«Атамекен» ән фестивалінің І орын иегері атанды. Одан кейін де өнер ордасына айналған туған жеріміздің мерейін үстем етіп, республикалық, облыстық дәрежедегі ән байқауларының лауреаты болды. Қазіргі таңда да өзі және ұл-қыздары аудан орталығында ұйымдастырылып жүрген түрлі мерекелік шараларда өнер көрсетіп, ауылдастарының ықыласына бөленіп жүрген өнерлі отбасы.

Жарасымды жанұяның ұйытқысы Бағдагүл Бауыржанқызы жеке кәсіпкер, сауда саласында қызмет атқарып жүр. Қызметімен қоса отбасының береке-бірлігін сақтай білген Бағдагүл егіз қыздары Аңсағаным мен Балаусаға терең тәрбие берумен қатар оқуда озат болуларына зор күш салды. Соның нәтижесінде қос қарлығашы Қаратөбе мектеп-гимназиясын «Алтын белгіге» тәмамдап, қазіргі таңда Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарының бірінде білім алуда.

Ал үйдің кенжесі Құдайберген болса, Мұхит атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы. Құдайберген де әкесінің жолын қуып, өнерлі өрен атанып жүр. Ол биылғы Ұлттық «Бала дауысы - 2021» балалар ән байқауының қатысушысы. Сонымен қатар жас жеткіншек Құдайберген футбол ойынын да жанына серік етіп келеді. Ол шағын футболдан жеткіншектер құрама командасы сапында өнер көрсетіп, спорттық сайыстарға қатысады.

Киелі өнерді дәріптеп, қастерлей білген Темірғалиевтар отбасы ауданымыздың мақтанышы.

 

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы  

zhaikpress.kz


 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале