23.04.2021, 16:58
Оқылды: 637

Қараусыз мал қамалады

Бұрын ата-бабаларымыз малдың жайын жақсы біліп, оқу-ғылымсыз-ақ күтімі мен бабын, одан қалса ем-домын жасай білген. Ал қазір ше? Атакәсіпті жалғастырып, малмен күнелтіп отырған қарапайым жандардың мал басын көбейтіп, оны асылдандыруға көптеген мемлекеттік бағдарламалар қарастырылуда. Сонда да малдың бағымына келгенде салғырттық пен жауапкершіліктің жоқтығы байқалады.

 мал1

Асыл тұқымды мал өсіру үшін оның күтімі мен баптау технологиясы түгелдей дерлік бұған дейін зерттеліп қойған. Ауданда атакәсіптен қол үзбей келе жатқан шаруалар мемлекеттік бағдарламалар арқылы төрт түлігін асылдандырып, мал басын көбейту жұмыстары қарқынды іске асып келеді. Өйткені мал баққанға бітетінін біз айтпасақ та әр шаруа жақсы біледі. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырғандар да осы шаруа қожалықтары. Алайда малдың жазғы жайылымы, оның күтімі мен кезекпен бағу сынды шаруалар кейбір елді мекендер мен округтерде әлі күнге реттеле қоймаған десек, артық айтқандық емес. Бұл шаралар көктем мезгілінде көппен бірге ұйымдастырылғанымен, істің соңында шикіліктер байқалады. Астында жылқысы жоқ бақташы мен бағымсыз көше кезген малдар күтпеген жерден алдымыздан шыға келеді. Оған малын айына бір түгендеп қоятындарды қосыңыз. Өзен бойы мен түбектерде толып жүрген қараусыз малдың күзге қарай қолды болып кететінін еміс-еміс естіп жатамыз. Естіген құлақта жазық жоқ. Мал бағуды дұрыс жолға қоятын уақыт әбден жеткен тәрізді. Өйткені әр ауылдағы ағайын малдан табыс тауып отырғандықтан оны күтіп-баптап, олардың бағылуына немқұрайлылық таныту асқан әбестік деп білеміз. Бір күні күтусіз жүрген малымыз жоғалса, «ұрланды» деп дабыл қағып, полиция қызметіне жүгінеріміз шындық.

мал2

Қазіргі уақытта малдарын қараусыз жіберген мал иелері анықталған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 408-бабы бойынша 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде оларға айыппұл салынуда. Оған қоса әр ауылдық округте қараусыз, қадағалаусыз малдар анықталған жағдайда әкімшілік белгілеген мал тұрақтары бар. Иесі анықталғанша сол тұрақта бағылады. Иесі табылғаннан кейін малдың шөп-жемі, бақташының еңбегі төленіп, мал иесіне айыппұл салынады. Бұл жағдай қайталана берген жағдайда айыппұл салу тоқтатылмайды. Керісінше айыппұл салып, хаттама толтыру жалғасын таба береді. Арқаны кеңге салып, малдарын қараусыз қалдырған ағайынға мал ұрлығы бойынша мәселенің мән-жайын түсіндірудің өзі артықтау. Сондай-ақ малдың күтіміне мән беріп, олардың өрісте дұрыс жайылуына ауылдағы ағайын түсіністік танытулары қажет. Осы орайда ақпаратымыз нақтырақ болуы үшін Тасқала ауылдық округі әкімі Гүлжан Мұхамбетқалиевамен пікірлескенбіз.

– Аудан орталығы Тасқала, елді мекендер Бірлік пен Жігер ауылдары бойынша айтар болсам, 2400 аула бар. Сол ауланың 1000-ға жуығы ірі қара және ұсақ мал шаруашылықтарымен айналысады. Малдың барлығының бағымын ұйымдастыру үшін қазіргі танда Тасқаланың өзінде төрт жаққа ірі қара малды бағуға ұйымдастырып жатырмыз. Сонымен қатар бағымды сапалы түрде ұйымдастыру үшін ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жерде жауапкершілікке көшетін болсақ. Қараусыз қалған малдармен қалай күресеміз? Әрине, өзекті мәселе, күрмеуі қиын сұрақ. ҚР 408-баппен әкімшілік құқықтық хаттама толтырылады. Ол тек бағымсыз қалған малға емес. Сондай-ақ егінге түскен немесе ауылдың шетінде қараусыз бақташысы жоқ мал болса, соның барлығы жауапкершілікке тартылады. Ал 505-бабында ауыл ішіне мал кіріп, абаттандырылған жерлерді бүлдірсе, ереже бойынша, соның ішінде гүлге, терекке тиіссе және шарбақтарға кіріп кеткен мал иесіне хаттама толтырылады. Әрине, бірден хаттамаға жармаспай, алдымен ескертетін боламыз. Одан әрі малдың иесінде жауапкершілік жоқ болса, хаттама толтырып, айыппұл салуға мәжбүр боламыз. Бұның бәрі ауылдық учаске полициясымен бірге жасалады. Қараусыз қалған малдар жөнінде екі шаруа қожалықтарымен келісімшарт жасалды. Олар: «Арай» ЖК және «Луч» ЖШС. Екеуі де ауылдың шетінде орналасқан. Бос жүрген малдарды қамауға ыңғайлы. Сонымен қатар аудан орталығында да малды қамайтын жерді ұйымдастырып жатырмыз. Былтырғы жылы осы бағыт бойынша 20 хаттама толтырылды. Түсіндіру жұмыстарын барымызша жүргізіп жатырмыз. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, өткен жылға қарағанда қазіргі таңда қараусыз малдың саны азайған секілді. 20 мен 30 сәуір аралығында он күннің ішінде қосылатын малдың барлығы дерлік өріске шығуы тиіс. Содан соң бақташылардын тізімдерін алып, одан әрі тексеретін боламыз. Кімнің малы бағымға қосылмаса, әрине, оларға сұрақ туындайтын болады. Мал міндетті түрде қосылу қажет. Барлығын шараларды қолға алып, жұмыстанып жатырмыз, - дейді ауылдық округ әкімі Гүлжан Болатқызы.

Ауданнан алыс жерде орналасқан ауылдық округтерге де байланысқа шығып, малдың бағылымы жөнінде бір ауыз пікірлесіп көргенбіз.

– Ауылдық округте қараусыз қалған малдар жүретін болса, дереу иесін тауып хабарласамыз. Қазіргі таңда дамыған заман болғандықтан ұялы телефон арқылы да біраз шаруаларды тындырамыз. Бағымсыз жүрген малдарды суретке түсіріп алып, ауылдың тобына жібереміз. Ол малдың қай көшеде жүргені және кімнің малы екенін анықтап, әрі қарай шара қолданамыз. Иесі табылғаннан кейін оны әкімшілікке шақыртып сөйлесеміз. Яғни түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Егер бірнеше рет қайталанған болса, онда хаттама толтырудан басқа амал қалмайды. Қазіргі кезде Амангелді ауылында мал тұрағын дайындау қолға алынды. Айыппұл тұрағы жақын арада дайын болады. Жиырмасынан бастап малдар жайылымға шыға бастайды. Содан соң көшеде жүрген малдарды қамап, әрі қарай тиісті шара қолданатын боламыз. Әзірге ауыл тұрғындарынан арыз-шағымдар түсіп жатқан жоқ. Керісінше көшеде бағымсыз жүрген малдарды қамап, олардың иесіне шара қолдану керек деген оң ниеттерін білдіріп жатыр, - деді Амангелді ауылдық округінің әкімі Саягүл Мәулетқызы.

Бұған Ақтау ауылдық округ әкімінің қосатын пікірі де бар екен.

– Қазіргі танда ауылымызда мал далаға шықты. Әр бағытқа бақташылар бекітілді. Ауылдың ішінде жүрген бағымсыз малдарға айыппұл төлейтіндері жөнінде ауыл тұрғындарына ескертіліп айтылды. Малды бағымға қосып, бағып жатыр. Айыппұл малдың иесіне салынады және оған хаттама толтырылады. Арнайы орын дайындалуда. Бұл туралы шаруа қожалықтарымен келісілген. Егер бағымсыз жүрген мал болса, аталмыш жерге қамаймыз. Бірінші кезекте ескерту береміз. Содан соң айыппұл салынады. Қазіргі танда ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - дейді Ақтау ауылдық округінің әкімі Нұрсейіт Белгин.

Түйін

Аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы халықпен кездескен сайын малдың бағылымы жайлы айтып келеді. Ақ адал малдың күзде оңалған уақытында ұрылардың жемтігіне айналмауы үшін олардың дұрыс бағылуы керек екендігін еске салып отырады. АӨК құрып, малдың бағылымын дұрыс бағытта ұйымдастыру керектігін де ауыл әкімдеріне тапсырған болатын. Ол бағыт бойынша ауылдық округ әкімдері тынымсыз жұмыстануда. Тек ауыл тұрғындары дұрыс түсініп, жетекке жүрсе болғаны...

 

Гүлмира Мақанова,

Тасқала ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале