4.04.2024, 11:45
Оқылды: 42

«Қариялар мен балаларды көтеріп тасып жүр»

Сырымдықтар тасқын кезінде азаматтық танытқан әкім орынбасары жайлы айтып жатыр.

b024

Сырым ауданында су тасқыны қаупі сейілді. Дегенмен салдарын қалпына келтіру жұмысы көп қаржы мен қажырды талап етеді.

27 наурыз күні түнде топан судың тебініп үйге кіріп келгені тұрғындардың әлі көз алдында. Бәлкім ұзақ жыл есінде де сақталатын шығар.

- Осы ауылда жарты ғасыр тұрсам да, бұрын соңды мұндай тасқынды көрмеппін. Бірінші рет көруім. Қораның артындағы сай тасып, бір-екі метр көтерілсе, қорқатын едік. Мынау, жүде Алланың құдіреті, - дейді Өлеңті ауылының тұрғыны Мақсот Бисенғалиев.

Мақсот мырза сол кездегі картинаны былай суреттейді:

- Құлаған үйлер де бар, қабырғасы сөгілгендер де. Мал шығыны орын алды. Төтеншеліктерге, ауылдың жігіттеріне рахмет. Үйді су басты. Ұзын резеңке костюммен, қайықпен, алты дөңгелекті автокөлікпен келіп, балаларды, үлкен кісілерді шығарып, қауіпсіз жерге тасып жатыр. Әкімнің орынбасары Артур Шерғалиевтің азаматтығы мол екен. Тұрғындарды арқалап алып шығып жатты. Бәрін көзімізбен көрдік.

Расында да, Сырым ауданының әкімінің орынбасары Артур Шерғалиевтің су басқан түні апаттық-құтқару жұмысын жанкештілікпен атқарғаны туралы ел айтып жатыр. Мәселен, бір оқырманымыз әкім орынбасарының төтеншеліктермен бірге Өлеңтідегі М. Үмбетова көшесіндегі үйден қарт ананы көтеріп алып шыққан видеосын жіберді.

-Сағат түнгі үште үй үйді аралап, қариялар мен балаларды көтеріп тасып жүрген Артур Мұратұлы мен төтенше жағдай қызметкерлеріне рахмет! - деп жазыпты видео соңында.

Артур Шерғалиевтің сын сағатта сыр бермей, ауылдың жігіттерімен бірге сапқа тұрып, белуардан су кешуі - оның азаматтық келбетін ашып, мемлекеттік қызметкер ретінде айбынын асқақтатып тұр. Қособа ауылдық округінің әкімі Бейімбет Жаймановтың да эвакуациялау жұмысына белсене қатысқанын байқаған едік.

Артур мырза - спортшы, дзюдо, самбо және қазақ күресінен спорт шеберіне үміткер, грэплингтен халықаралық турнирдің күміс жүлдегері. Ол 2022 жылдан бері Сырым ауданы әкімінің орынбасары болып еңбек етеді.

 Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале