28.01.2021, 17:21
Оқылды: 267

Кәсібі - көрпе тігу

Сөзге ғана емес, іске шебер қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан қолөнері бар. Қайталанбас стилі мен көшпенділер өмірінен сыр шертіп тұратын халқымыздың ою-өрнегі мен әшекейін сұлулықты түсінген жандар қазаққа тән екенін бір қарап айырады. Қошқармүйіз бен қосмүйізді, арқар мүйізді айыра алмайтын жан болса да, оның қазақтың өрнегі екенін көпшілік бірден түсінетігң хақ. Өйткені киім-кешек пен әшекейге, көрпе, алаша, кілем мен жастық сынды тұрмыстық заттардың барлығына ою таңбаланып, өрнек бастырылады. Осы күні көп адам ұлттық нақыштағы және оюмен көмкерілген заттарға қызығады. Ал бүгінгі кейіпкеріміз Гүлсім Жәнібекқызы қыз жасауын тігіп, құрақ көрпе кестелеумен айналысады. Ол бұл өнерді мектеп кезінде үйреніпті.

6EB65F53-2194-4651-A05B-310DDE54C9CF

Гүлсім Жәнібекқызы Тасқала ауданының тумасы, Бәйтерек ауданына қарасты Үлкен Шаған ауылының келіні. 19 жылдан бері осы ауылда тұрады.

-Бала күнімнен ине ұстап, көрпе тігуге құмар болдым. Еңбек сабағында осы өнерді үйренуге көп көңіл бөлетінмін. Бірақ тіккен көрпелерімді тек үйде пайдаландым немесе туыстарыма сыйлайтынмын. Бір күні қолдан келер істі неге пайдаға асырмасқа деген ой келді. Содан бері түрлі көрпелер тігіп, қыз жасауына тапсырыстар ала бастадым. Негізгі тапсырыс берушілерім – Орал қаласы мен округ аумағының адамдары,- дейді Гүлсім Жәнібекқызы.

12BD800E-1EF4-46F3-A0D6-F10E136610EB

Шебердің айтуынша, ол алғашында барлық тапсырыстарын бір ізбен жасапты. Кейін өнерін шыңдап, шеберлігін арттыру мақсатында Орал қаласына барып, көрпе тігуді кәсіп еткен жандардың шеберлік сағаттарына қатысқан. Осы күні алған сертификаттары пайдаға асуда. Шеберлік сағаттарының арқасында ол тапсырыс берушілердің барлық талаптарын орындайтындай дәрежеге жеткенін айтады.

-Қолөнерді, соның ішінде тігіншілікті қолға алған адамның басты қателігі – білдім, толдым деп ойлауы. Неге десеңіз, әр шебердің өзіндік қолтаңбасы, неше түрлі стилі бар. Тапсырыс беруші де қонаққа деп жайған көрпесінің ерекше болғанын қалайды. Сондықтан әрқашан шеберлігіңді шыңдап, басқа тігіншілермен ақылдасып отырған артық етпейді. Халқымыз: «Кеңесіп пішкен тоң келте болмас» деп те сол үшін айтқан болар,-дейді шебер.

Тапсырыс көп болмаса да, Гүлсім шебердің қолынан шыққан бұйымдардың сапалы екенін естіген жұрт келіп тұрады екен. Сөзінше, көп адам қыз жасауына істеп беруін өтінеді екен. Десе де шебер соңғы жылдары көрпеге қажетті жүн табу қиындық тудырып отырғанын айтады. Шебердің сөзінше, Көшім, Үлкен Шаған, Янайкин ауылдарындағы қойлардың жүні қылшықты боп келетіндіктен, көрпе тігуге жарамайды екен. Гүлсім ханым жүнді көбіне Тасқала жағынан алатынын айтады. Оны да алдын ала тапсырып қоймасаң, қой иелері қырқылған жүнді лақтырып тастайды екен.

-Көрпе тігу өзіме ұнаған соң оған қажетті шикізат яғни жүнді жуу, түту, соғу жағына қиналмаймын. Жолдасым мен қыздарым қолдан келер көмегін көрсетіп тұрады. Жуып, кептіріп алған соң облыс орталығына апарып, түтемін. Қажет матаны да базардан сатып аламын,- дейді шебер.

Нарыққа әлі бейімделе қоймаған Гүлсім ханым тауарларын инстаграм желісіне салып жарнамалап отыруды да әдетке айналдырған. Көрпеден бөлек түрлі ойыншықтар мен кәжекей және шәйнек пен таба астына қоюға арналған төсемшелер жасауды да меңгеріп алған. Сонымен қатар құрақ көрпе тігуді ерекше ұнататынын айтады ол.

-Біздің өңірде қыз жасауында құрақ көрпе болуы керек. Сол себепті құрақ тігуге үлкен мән беремін. Халқымыз үшін құрақ көрпенің орын ерекше. Бұрындары теңін тапқан қыздары үшін аналары өздері тігіп, осы көрпені табыстайтын болыпты. Ол ең алдымен ананың қызына деген сыйы болса, қыз үшін анасының көзі саналады. Сан түрлі оюмен көмкерілген құрақта ананың махаббаты мен жүрек жылуы көрініп тұратындай болады,-дейді шебер.

Бүгінде жолдасы Аман екеуі төрт қыз бен бір ұл тәрбиелеп отыр. Үлкені Айнұр қаламыздағы колледждердің бірінде білім алуда. Одан кейінгі қызы Динара 10-сыныпта оқиды. Ал кішілері Нұрай, Анарбек және Арайлым әлі кішкентай.

-Үлкен қызым тіккеннен гөрі тоқығанды ұнатады. Ал Динара әрқашан қасымда. Барлығын сұрап, сабақтан босаған кезде көрпе пішуге және торлауға көмектеседі,- дейді Гүлсім ханым.

Жұмысының ең қиын тұсы пішу екенін айтатын шебер болашақта киім пішуді үйреніп алғысы келеді. Сондай-ақ ауылдан шағын шеберханасын ашып, кәсібін кеңейтсем деген де ойы бар.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале