14.02.2023, 16:15
Оқылды: 1022

Қазақстанда қандай есімдер көп кездеседі?

Атам заманнан бері елімізде атаусыз дүние болмаған. Жерде, елде, ондағы көлде атаусыз қалмаған. Ата-бабаларымыз бауыр еті баласына болмайтын, мағынасы жоқ есімді қоймағаны анық. Ырымдап, жақсының аты ұмытылмасын немесе соған ұқсасын деп ел бастаған хандардың, қол бастаған батырлардың, әнші-күйші, ақын-жыраулардың атын қойған.

Ежелден келе жатқан халқымыздың дәстүрлерінің бірі – дүние есігін енді аттаған сәбиге ат қою. Адам есімі себепсіз қойыла салмайды. Перзентке жарасымды есім беру – ежелгі дәстүр. Есімдер де уақыт өте ескіріп, заман талабына сай жаңарып отыратыны анық. Баласына мағыналы есім қоюды ата-ана парыз деп санайды. Халқымыз ежелден-ақ ұрпағының мәнді ғұмыр кешуі үшін мағынасы зор есімдерді қоюға талпынған.

Қазақ халқы сәбиге есім берерде оның мағынасына көп мән береді. Себебі, сәбидің есімі оның болашағына әсер етеді дегенге сенген.

Салтымыз бойынша ата-ана нәрестенің есімін сыйлы, құрмет тұтатын адамға қойғызған. Көбіне қазақтар балаға ырымдап ат қойған. Ырымдап ат қою – қазақтың қанына сіңген дәстүр. Бұрынғы кезде баласына көз тимесін деп мағынасыз есімдерде қойылған.

147b3052-0166-4efa-9ef4-8bb6fdc0f168

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2022 жылы ер балаларға көбіне Әмір, Әлинұр, Алан, Әлихан есімдері қойылған. Ал қыз балаларға көп қойылған есімдер қатарына Медина, Раяна, Әмина, Сафия жатады.

2022 жылы Бөрлі ауданындағы хал актілерін тіркеу бөлімінде 958 туу туралы акт жазбасы тіркелген. Оның 496 – қыз балаға, 462 – ер балаға байланысты. Туу туралы акт жазбаларының көрсеткіші бойынша ең көп тіркелген шілде айында – 97 акт болса, ең аз көрсеткіш сәуір айы - 63 акт. Жиі қойылатын есімдер қатарына Ислам, Мүслім, Алан, Медина, Айзере, Айлин және тағы басқалар кіреді. Бұл есімдер аудан тұрғындарының арасында кең таралған.

Сирек қойылатын есімдер

Кейбір ата-аналар балаларының есімдері ерекше болғанын қалап, сирек кездесетін есімдерді қояды. Мысалы Шах-Сұлтан, Әл-Әзиз, Ай-ханша, Айриза, Сафия-Нұр сияқты. Биыл қаңтар айында ауданда 71 туу туралы акт тіркелген. Қаңтар айындағы қойылған ерекше есімдер қатарына Ақбөбек, Арина, Самир, Имран, Илана, Абдуллаһ, Аманат кіреді.

Аудан халқының қойған ерекше есімдерінің мағыналарына мән берсек. Мысалы, Арина есімі тыныштық, бейбітшілік мағынасын берсе, Илана – жомарт, Самир – көңілді, ал Имран – сенімді, батыл мағынасын береді.

Ерекше есімдер

Заман жаңарған сайын адам аты да жаңа мәнге ие болды. Әркім өз баласына елде жоқ ерекше есім ойлап, қойып жатыр. Ерекше есім – сирек кездесетін, естіген кезде елең еткізетін кісі есімі. Көбінесе ерекше есімдер эмоцияға берілген уақытта туындайды.

Сәби мереке кезінде немесе атаулы күндері дүниеге келсе халқымызда оған  ырымдап ат қоятын дәстүр бар. Мысалы, елімізде тұңғыш рет 2011 жылы ұйымдастырылған Қысқы Азия ойындары кезінде туған 40 нәрестеге Азияда есімі қойылған. Одан кейін Саммит, ЭКСПО, Олимпиадаға арнап есімдер де қойылды. Статистикалық агенттіктің ақпаратына сүйенсек, елімізде Партия, Сенат, Мәжіліс, Мәслихат, Эверест атты отандастарымыз да бар. «Естімеген елде көп» дегендей, елімізбен аттас 32 адам бар екен. Сонымен қатар Астана, Теңге, Елбасы атын иемденгендер де қаншама. Елімізде Нұрсұлтан, Рамазан аттары ең көп таралған есімдерге жатады. Соңғы жылдары Әлихан мен Медина да елімізде жиі қойылатын есімдер қатарына кіреді.

Қазіргі кезде сәбиге қазақ тілінде емес, басқа тілден енген есімдерді беру сәнге айналды. Осындай есімдерді бірнеше топқа бөлуге болады. Мысалы, қазақтың мағынасы бар заманауи есімдері: Айкербез, Айсәнім, Асылайым, Айтұмар, Аңсар, тағы басқа. Араб-парсы елінен енген есімдер: Мелек, Раяна, Сафия, София, Шахназ, т.б. Батыстан енген есімдер: Айлана, Айлара, Айрин, Дильнура, Данелья, Лиллия, Лунара,  т.б. Соңғы уақытта елімізде нәрестеге қос есімдер жиі қойыла бастады. Қос тілді адам есімдері қатарына Сафинұр, Аймира, Айлуна тағы басқасы жатады.

-Біз қызымызды көп күттік. Бірнеше жылдан кейін дүниеге келген қызымызға қандай есім беретінімізді көп ойландық. Ойланып, Медина есімін бердік. Медина – мұсылмандардың қасиетті қаласы болып саналады, - дейді қала тұрғыны Сара Аяпбергенова.

 

Өзіме келсем...

 

Есімім Айдана. Ешкім қайталап сұрамайтын, таңқалмайтын көп тараған қарапайым есімдердің қатарында. Оқуда жүргенімде ерекше, жиі естімейтін есімдерді көп кездестірдім. Мысалға оқу орнымызда Ақтау-Маңғыстау, Атырау есімді ер балалардың есімдерін кездестіріп, таң қалдым. Өздері де сол қалалардан екен.

Сөз жоқ, адам ұрпағымен мың жасайды. Артында қалған ұрпағы әулеттің жалғасы. Сондықтан есім таңдауда еліктеуден гөрі, ұлттық құндылықты алдыңғы кезекке қойып, есім таңдауға ерекше талғам танытқанға не жетсін. Не десек те, әр балаға қойылған есім онымен бірге мәңгілік жүреді.

 

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале