2.03.2021, 20:26
Оқылды: 70

Казталов ауданы әкімі жастармен кездесті

2 наурыз күні Казталов аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен аудан әкімі Альберт Есалиевтің жастармен бейресми кездесуі өтті.

80CDA06E-B937-410E-8498-6FB365CAD33B

Еркін форматта өткізілген кездесуді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Аңсар Ибраев жүргізді. Кездесу барысында жастар аудан мәдениетінің дамуы, экономиканың қарқыны, рухани бағытта сауалдарын қойып тұщымды жауаптар алды. Сонымен қатар күн тәртібіндегі техникалық су мәселесі мен кәсіпкерлікті дамыту жолдары да талқыланып, аудан басшысының көтерілген мәселеге қатысты идеялары тыңдалды. Альберт Темірболатұлы жастармен кездесуге өз бағасын беріп, серпіліс байқағанын тілге тиек етті.

FAF5CFED-A569-4A5A-B85E-7A70A9E6B6E9

-Бүгінгі кездесуде жастардың ойының ұшқырлығы қуантты. Ел қамын ойлайтұғын жастар барда ауданымыздың болашағы да жарқын болмақ. Жастар тарапынан айтылған барлық ұсыныстар мен пікірлер ескеріліп, тиісті шаралар қолға алынатын болады. Бастысы ел тыныштығы мен бірлігі, ауданымыздың экономикасының дамуы жолында сіз біз десіп, бірлескен жұмыс үлгісін көрсетейік, - деді аудан әкімі.

Кездесуге аудандық мәслихат депутаты Дулат Рахматуллин де қатысып, өзінің жеткен жетістігімен бөлісе отырып, еңбектің адам өміріндегі маңызын ерекше атап өтті. Кездесуде ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікке қатысты қойылған сауалдарға аудан әкімі «Аудан экономикасының ахуалын жандандыру үшін өз өнімдерімізді нарыққа шығару мәселесін қолға алғанымыз жөн» деген ұсынысын білдірді.

Ауданымызға жастарға арналған коворкинг орталығынан басқа да басқосу орындары мен бүлдіршіндерге арналған ойын орталықтары мен алаңдары қажет екендігі айтылды. Барлық ұсыныстар мен пікірлер қараусыз қалмайтынын атап өткен аудан әкімі жастарға ризашылығын білдірді.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале