30.10.2026, 16:45
Оқылды: 10

Казталов ауданында ветеринария қызметі бірізділеніп келеді

Ауылда тұрып, төрт түлік мал ұстап, оның қызығын көруді тұрмыс салтына әбден сіңірген ауыл тұрғындары үшін күнкөрістің көзіне айналған сол малдардың бағым-күтімі мен жеке басының қоңдылығы бірінші кезекте тұрары сөзсіз. Ол үшін ветеринариялық талаптарды уақытылы сақтап, күнделікті тұрмыста кездесетін түрлі аурулардың алдын алып отыру — сол малдардың иелеріне де тікелей жауапкершілік жүктейтінін әрбір тұрғын білуі тиіс. Ветеринариялық саладағы соңғы талаптарға сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, әрбір бас малға жеке нөмір беріп, есепке алу – ауыл шаруашылығындағы негізгі жұмыстардың бірі болып табылады. 

image-30-10-26-04-43-1

Соңғы мәліметтерге сәйкес, бүгінгі таңда ауданымыз бойынша 539 906 бас ауыл шаруашылығы жануары тіркелген. Оның ішінде 167 759 бас ірі қара, 333 419 бас ұсақ мал, 38 440 бас жылқы және 288 бас түйе бар. Олардың бәрі «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» дерекқорына енгізіліп отыр.

– Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңына сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарлары міндетті түрде бірдейлендірілуі тиіс. Бұл – әр малға жеке нөмір беріп, оның иесі, жасы және ветеринариялық іс-шаралардың жүргізілгендігі туралы мәліметтерді енгізуге өте қолайлы. Малды есепке қою кезінде оған құлақ сырғасы тағылады. Қажетті мәліметтер электрондық дерекқорға енгізіліп, ветеринариялық паспорт рәсімделеді. Осы арқылы малға қандай вакцинация жасалғаны, қандай аллергиялық тексерулерден өткені және басқа да ветеринариялық шаралар туралы толық ақпарат сақталады. Мал уақытылы тіркелсе, оның иесін анықтау, ветеринариялық қызмет көрсету және малдың қозғалысын бақылау жеңілдейді. Ал егер мал бірдейлендірілмесе, оның иесін анықтау да, ветеринариялық шараларды жүргізгені жөніндегі ақпаратты білу де қиындай түседі. Бүгінгі таңда малдың жеке нөмірі болмаса, ветеринариялық ілеспе құжаттары рәсімделмейді. Сондықтан әрбір мал иесі қолындағы малын тіркеуге қойып, қажетті ветеринариялық шаралардан уақытылы өткізіп, малдың төлдерін де уақытында тіркетуі керек. Бұзау, қозы, лақ, ботаны туғаннан кейін жеті күн немесе одан әрі 14 жұмыс күнінен кешіктірмей бірдейлендіру қажет. Ал құлынды таңбалау төрт айлық жасынан, чиптеуді жеті күн өткен соң жүзеге асырады.

image-30-10-26-04-43-4

Ветеринария мамандары мал иелеріне төмендегі талаптарды естеріне салады:

– Қолдағы малды уақытылы бірдейлендіріп, есепке қою;

– Мал сатып алынғанда, сатылғанда, сойылғанда, төлдегенде немесе сырғасы жоғалғанда үш күн ішінде ветеринария мамандарына хабарлау;

– Малдың иесі өзгерген жағдайда дерекқордағы мәліметтерді жаңарту;

– Ветеринариялық-профилактикалық шараларды уақытында өткізу;

– Малдың сырғасын өз бетінше алып тастамау және оның жеке нөмірінің сақталуын қадағалау.

Үй жануарлары туралы мәліметтерді дұрыс жүргізу ветеринариялық қызметтің сапасын арттырып, аудан бойынша мал басының нақты есебін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда мал туралы мәліметтерді электрондық түрде жүргізуге арналған «Төрт түлік» мобильді қосымшасы қолданылады. Сондықтан мал иелерінің қосымшаны пайдалану тәртібін біліп, ондағы мәліметтердің дұрыс әрі уақытылы енгізілуіне назар аударғаны маңызды. Бүгінгі басты талап – әрбір бас малдың қараусыз жүруіне жол бермеу керектігін тұрғындар естен шығармауы керек. Малдың көшеде, жол бойында қараусыз жүруі жол-көлік оқиғаларына әкеліп соғады. Сондықтан тұрғындар жеке малдарына жарық шағылыстырғыш белгілерін таққандары абзал. Егер малды бірдейлендіру мен есепке алу туралы түрлі сұрақтар туындайтын болса, мал иелері тұрғылықты жердегі ветеринариялық мамандарға хабарласуға әбден болады, – дейді «Казталов аудандық ветеринариялық станциясы» ШЖҚ МКК бас маманы Әйгерім Дарипова.

– Ауылда тұрған соң, біздің күнкөрісіміз төрт түлік малмен тығыз байланысты. Жалпақтал ауылдық округіне қарасты тұрғындардың бағымында да 5 559 бас ірі қара, 9 231 бас ұсақ мал, 573 бас жылқы бар. Оларға аурулардың алдын алу бағытында түрлі вакцинациялар уақытылы жүргізіліп тұрады. Профилактикалық іс-шараларды жүргізу кезінде заңнама талаптарын сақтау ветеринариялық мамандардың ғана емес, барлық мал иелерінің де ортақ міндеті екенін қаперден шығармай, қадағалап отырамыз. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру мақсатында ветеринариялық паспортты бере отырып, сырғалау, таңбалау арқылы жануарларға жеке нөмір беруді жүзеге асырып, тиісті мәліметтерді дерекқорға енгізіп, оларды дер кезінде есептен шығару жұмыстарын да қолға аламыз.

Соңғы уақытта жеке малдарын бірдейлендіру мен сәйкестендіру жұмыстарының өте тиімді екенін түсініп, осы бағытта жаппай жұмыстанып жатқан жерлестеріміздің қатары сәл де болса алға жылжып келе жатқаны осы саланың маманы ретінде бізді де қуантады. Алдағы уақытта бұл жұмыстың түбегейлі қарқын алатынына өз басым толық сенемін, – дейді Жалпақтал ауылдық округінің ветеринариялық станциясының жетекші маманы Жансая Акмурзина.

 

Қыдыр Харесұлы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале