Казталов ауданы, Талдыапан ауылдық округі бүгінде ауыл шаруашылығында жаңа бағыттарды батыл қолға алып жатқан өңірлердің біріне айналып келеді. Табиғаттың берген мүмкіндігін тиімді пайдаланып, мал азығы қорын нығайту мен егін шаруашылығын дамытуға ден қойған шаруалар тың тәжірибелерді енгізіп, еңбек өнімділігін арттыруға күш салуда. Біз осы бағыттағы жұмыстармен танысу үшін округтегі «Асқар» және «Дархан» шаруа қожалықтарында болып, дала төсіндегі қарбалас тіршілікке куә болдық.

Алғашқы аялдамамыз Дархан Аябалиев жетекшілік ететін «Асқар» шаруа қожалығы болды. Мұнда шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр. Шаруашылық биыл алғаш рет судан шөбін егіп, табиғи шабындыққа тәуелділікті азайтуды мақсат еткен.
Шаруашылық жетекшісінің айтуынша, соңғы жылдары қуаңшылық салдарынан табиғи шөптің тапшылығы сезіліп, құнарлы мал азығын өз алқаптарында өндіру қажеттілігі артқан.
— Соңғы жылдары қуаңшылық салдарынан табиғи шөптің тапшылығы жиі байқалады. Сондықтан құнарлы мал азығын өзіміз өндіруге көшіп жатырмыз. Биыл судан шөбін, эспарцет, кострец пен житняк егіп көрдік. Бұл – малдың күйін сақтап, шаруашылықтың тұрақтылығын қамтамасыз етудің тиімді жолы, – дейді «Асқар» шаруа қожалығының жетекшісі Дархан Қадырәліұлы. Оның айтуынша, биылғы жауын-шашынды көктем егіс жұмыстарының сапалы жүргізілуіне мүмкіндік беріп, алғашқы өнім де жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Алдағы уақытта екпелі шөп көлемін ұлғайтып, жайылымдарды жаңғырту негізгі мақсаттардың бірі.

Алқапта заманауи техникалар қолданылуда. Судан шөбі арнайы техникамен шабылып, оның қайта көктеуіне мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар шаруашылықта 600 басқа арналған бордақылау алаңы, жем үлестіргіш техникалар және электрлі жайылым жүйесі жұмыс істейді.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Казталов ауданы