27.05.2020, 11:45
Оқылды: 574

Казталовтық биші қыз АҚШ-та спорттық бал билерін зерттеп жүр

 Казталов өңірі «Бишілер елі» деген абыройлы атаққа ие болғалы қашан! «Казталовқа барып бишімін деме» деген ескертпенің өзі сөзімізді дәлелдеп тұрғандай. Иә, «Бишілер елі» деп құр мақтанып отырғанымыз жоқ, 50 жылдан аса тарихы бар халықтық «Қарлығаш» би ансамблінің қазір де қанаты талған емес. «Қарлығашты» аялап, қанат қақтырған Райса Шынтеміровадан бастап күні бүгін жетекшілік жасап жүрген Ақмаралдай мың бұралған бишінің талай мәрте биіктен көрінгеніне қуанамыз. Өзіміздің Тереңкөлде кіндік қаны тамған Назерке Ишанғали - әлемді аузына қаратқан Алмания елінің «JB BALLET» би ұжымының құрамында болған жалғыз қазақ аруы. Ол атасы мен әжесінің тәрбиесінде өскен. Әкесі Құрманбек пен анасы Самал тәрбиелеп отырған бес қыздың үлкені. Анасының айтуынша, болашақ биші қызды әжесі Дина би үйірмесіне өзі жетелеп апарыпты. Содан бері би өнерінің қыр-сырын меңгеріп, біраз жетістікке жеткен Назеркемен телефон арқылы тілдесудің сәті түсті. Ол қазір АҚШ-та спорттық бал билерін зерттеп, сабақ алып, шәкірт тәрбиелеп жүр. 23 жасар кейіпкеріміздің біраз елді аралап, табысқа жету жолындағы ізденістері өнерсүйер жастарға үлгі болады деген сенімдеміз.

F83E8D1B-A750-421D-83F2-91C2AD965BF7

Назерке, бимен неше жасыңнан айналыса бастадың? Алғашқы жетістіктерің қандай еді?

– Бимен 7 жасымнан бастап айналысамын. Мен Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №11 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында білім алдым. Ең алғаш осы мектептегі «Өнер» мектебіндегі ұлттық би үйірмесіне қатыса бастадым. Би әлеміне сол бір кезден бастау алған қызығушылығым әлі күнге бәсеңсіген емес. «Айгөлек», «Балдәурен», «Дельфий ойындары» атты облыстық би жарыстарына ансамбльмен қатысып, бірінші орын алып жүрдік. Бұл үлкен жауапкершілік, әрі менің би әлемінде бағындырған алғашқы жетістігім десем де болады. Кейін 2017 жылы елімізде өткен спорттық бал биінен чемпион атандық. Басқа да көптеген конкурстарға қатысып, әлемдік деңгейдегі спорттық бал билерінен бірінші, екінші орындарға ие болдық.

Би сайыстарына қатысқан кезде қандай сезімде боласыз? Жеңіліп қаламын деген қорқу бола ма?

- Әрине, жарыс алдында толқу болады ғой. Бірақ мен билеуге шыққан кезде барлығын ұмытамын. Билегенде өзге бір әлемге енгендей сезім билейді. Қорқыныш, үрей болып көрген емес. Бір сөзбен айтқанда, мен биден ләззат аламын! Мен үшін жүлделі орын алғаннан билеген маңызды.

8DC5F8F7-9F26-43EF-8760-10D3B007F977

-Осы жолда сізге қолдау көрсеткен ұстаздарыңыз кімдер еді?

- Ұстаздарым дегенде ұлттық би үйреткен «Назерке» би ансамблінің жетекшісі Ақмарал Тасболатова мен спорттық бал билеуге баулыған «Латинский квартал» би клубының жетекшісі Ирина Павловнаның орны бөлек.

Би билеп тапқан алғашқы табысыңыз есіңізде ме? Бимен айналысқаныңызға неше жыл болды? Сіз би өнерін үйрену үшін шет елдерде көп болыпсыз. Осы туралы тарқатып айтып беріңізші?

–Ең алғаш жақын ағамның үйлену тойында билеп 20 мың теңге алдым. Ол кезде маған ол көп ақша болып көрінді. Қуанғаным есімде. Кейін сол ақшаны менің би костюміме жұмсадық. Бимен айналысқаныма 18 жыл болды. Қазір 23 жастамын. Осы жылдар ішінде мен үнемі өзімді жетілдірумен келемін. Белгілі бір белестерге шыққаннан кейін менде жаңа арман пайда болды. Ол АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Бродвей би мектебінен сабақ алу еді. 2016 жылы арманым орындалып, сол мектептен тәлім-тәрбие алып, жаңа стильдерді үйреніп, өзіме жаңа әлем аштым. Сол сапардан мен қанаттанып, серпіліп, алдыма үлкен мақсат қойып оралдым. Содан соң Мәскеуде «Protancy» мектебінде тәжірибемді шыңдаудың сәті түсті. Дәл осы жерде мен ТМД бойынша мықты кәсіби ұстаздардан сабақ алдым. Бірнеше сыннан өткен соң Германиядағы «Fantissima» балет театрында келісімшарт бойынша жұмыс істедім. Германияда кәсіби тренер Татьяна Денисованың «GB» балет атты командасында жұмыс істеудің орайы келді. Бұл студияның Германияда негізі қаланғанына 17 жылдай болды. «Fantissima» Еуропадағы танымал театрлардың бірі. Театрда өтетін шоуды көру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен көрермендер жиналады. Мен ол жерде тек билеп қана қоймай, актерлық қабілетімді де шыңдадым. Негізінен, театрландырылған балет тобының құрамына үнемі украиндар таңдап алынатын. Мен Қазақстаннан бірінші болып аталмыш театр құрамында өнер көрсету бақытына ие болдым. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш, жоғары жетістік. Ол жерде мықты кәсіби бишілермен және «Танцуют все», «Танцы на ТНТ» секілді түрлі би тележобаларының жеңімпаздарымен танысып, тәжірибе алмастым. Әлемдік деңгейдегі кәсіби бишілерден көп нәрсе үйрендім. Германияда талантты балаларға биден сабақ бердім. Шынымды айтсам, баларға би үйрету маған қатты ұнады. Өзімді басқа қырымнан таныдым.

E1E220BD-3DD5-4B15-A7FF-ABF2F1775CB1

-Сіз қай уақытқа дейін бимен айналысамын деп шештіңіз? Негізі спорттағыдай биде жас межесі болады ма?

-Бал биінде жас шектеуі деген болмайды. Мен денсаулығым мен біліктілігім жеткенше билеймін деп шештім. Құдайға шүкір, жарақат алған жоқпын. Қазір бимен қатар шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Орал қаласында серіктесіммен бірге «РитмДанс» би мектебін аштық. Би мектебі Оралда әлі күнге дейін жұмыс жасайды.

88FFD1A3-BF08-44A0-A011-9B69F82A5717

Құпия болмаса өнер арқылы қанша табыс тауып жүрсіз? Жалпы, кәсіби биші болу үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керек? Алдағы мақсат-жоспарлар туралы айтып өтсеңіз?

– Егер адамның айтары болса, белгілі бір белеске жетсе, өзінің жан-дүниесі қаласа сол арқылы табыс табуға болады деп ойлаймын. Аллаға шүкір, өнерім арқылы жақсы табыс тауып жүрмін. Бірақ қазіргі деңгейіме жету үшін көп қаражат салдым. Ұйықтамай еңбек еттім. Германияда келісімшартпен жұмыс жасап жүріп айына 2500 еуро таптым. Бұл өте көп ақша еді. Кәсіби биші болу үшін адамның бойында ең бірінші биге деген махаббат болуы керек. Өз ісін жақсы көрген адам алға қойған мақсатына жетеді, кездескен қиындықтарға шыдайды. Бірнеше елде білім алып, тәжірибе алмасып, жұмыс жасау айтуға ғана оңай. Алға қойған мақсатыма жету үшін маған қиын сындардан өтуге тура келді. Сол қиындықтарға шыдап, мақсатыма жеттім. Ендігі кезекте мен бірнеше жылдан бері ел аралап, үйреніп жүрген бар білімімді елге барып, өсіп келе жатқан бүлдіршіндерге үйретуді мақсат етіп қойдым. Арманым – Қазақ еліндегі бидің дамуына, соның ішінде спорттық бал билерінің дамуына өз үлесімді қосқым келеді.

-Әңгімеңізге рахмет!

 Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале