Ташкент қаласында пауэрлифтинг және жатып сығымдау (bench press) бойынша Оңтүстік және Орталық Азияның субөңірлік чемпионаты өтті. Халықаралық додада түрлі елдерден келген спортшылар күш сынасып, өз шеберліктерін ортаға салды.
Жарысқа қатысқан Казталов өңірінің тумасы, бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүрген тәжірибелі жаттықтырушы Елемесов Айдын Елемесұлы да жоғары нәтиже көрсетті. Спорттағы ұзақ жылғы тәжірибесі мен кәсіби шеберлігінің арқасында ол жарыста «Best Lifter Award» – үздік спортшы атағына ие болды.
Бұл марапат – Айдын Елемесұлының пауэрлифтингтегі шеберлігі мен техникалық дайындығына берілген жоғары баға. Бүгінде өзі спорттық жолын жалғастырып қана қоймай, жинаған мол тәжірибесін кейінгі буынға үйретіп, жас спортшыларды жарыстарға дайындап келеді.
Бапкер еңбегінің нәтижесі шәкірттерінің жетістігінен де байқалады. Айдын Елемесұлының шәкірттері бүгінде түрлі жарыстарда жүлделі орындардан көрініп, өздерінің жақсы нәтижелерімен танылып жүр. Бұл – ұстаздың кәсіби ізденісі мен шәкірттеріне берген тәлімінің жемісі.
Ташкент төріндегі халықаралық додада алған «Best Lifter Award» марапаты - Айдын Елемесұлының спорттағы еңбегіне берілген кезекті лайықты баға.
Жайна Таусихқызы