16.10.2026, 11:00
Оқылды: 46

Казталовтықтар әлем чемпионы Фатима Сұпығалиеваны салтанатты түрде қарсы алды

Ел мерейін асқақтатып, қазақ спортының тарихында жарқын із қалдырған жерлесіміз, Қазақстан дзюдо тарихында қыздар арасында тұңғыш рет әлем чемпионы атанған Фатима Сұпығалиеваны Казталов ауданы, Қараоба ауылдық округінің тұрғындары салтанатты түрде қарсы алып, құрмет көрсетті.

image-16-10-26-02-31-5

Мерекелік шара «Тегіне тартқан талант» тақырыбындағы дөңгелек үстелмен басталды. Кездесуде чемпионның спорттағы алғашқы қадамдары, жеңіске жету жолы мен алдағы мақсаттары сөз болды. Салтанатты жиында Қараоба ауылдық округінің әкімі Арман Галимов пен ардагер ұстаз, спорт шебері Тарих Маштақов жас спортшыны тарихи жеңісімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

image-16-10-26-02-31-1

Чемпионға құрмет көрсетуге ауыл азаматтары мен шаруа қожалықтарының жетекшілері де белсене атсалысты. «Бесқасқа», «Ақшырақ», «Сатан», «Еламан», «Ибатов», «Ғалым», «Кенжегалиев», «Ихсан», «Бірлес» және «Ер-Қанат» шаруа қожалықтары 10 жылқыны сыйға тартса, «Қошпан» шаруа қожалығы 5 қой ұсынды. Ал «Арай», «Өмірзақ», «Арсен» және «Ерке» шаруа қожалықтарының жетекшілері қаржылай қолдау көрсетті.

image-16-10-26-02-31-18

Бұл ел намысын қорғаған перзентіне деген туған жердің шынайы ықыласы мен жанашырлығының белгісі. Осындай игі істер ауылдағы бірліктің бекемдігін, азаматтық пен елдік рухтың биіктігін танытады.

image-16-10-26-02-31-15

Мерекелік шара әсем ән мен мың бұралған биге ұласып, ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

 

Әдемі Жасұланқызы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале