9.04.2021, 12:00
Оқылды: 66

Казталовтықтар көш басында

Биыл Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған  «Рухани жаңғыру»  бағдарламасына 12 сәуірде төрт  жыл толғалы отыр. Қоғамның санасын жаңғыртуды басты мақсат еткен бұл бағдарлама  тәуелсіз Қазақстан тарихындағы  рухани адамгершілік бағытындағы ең ауқымды және ең маңызды жобалардың бірі болып қалары сөзсіз.  

5BEDEE0C-12B7-4404-BC35-EB59D27F4F54

Облыс  көлемінде аталған бағдарламаны ерте қолдап, сәтті жүзеге асырып жатқан Казталов ауданы екені көпшілікке аян. Әсіресе, бірліктен береке тапқан Жалпақтал ауылының ұлтжанды азаматтары туған жерге тарту жасауды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланбастан бірнеше жыл бұрын бастап кеткен.

– Ауданымыз  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында төрт жыл бойы облыс көлемінде алдыңғы орындардан көрініп келеді. Бағдарлама бастау алғанға дейін 2009-2016 жылдары жалпы құны 150 млн 470 теңге болатын 63 жоба іске асырылды. Ал 2017 жылдан бастап күні бүгінге дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында мектеп түлектері мен меценаттардың демеушілігімен жалпы құны 265 млн 430 мың теңгені құрайтын 122 жоба жүзеге асты. Осы жылдар ішінде жеке қаражат есебінен Нұрлыбай Жолдыбаев өзі туып-өскен Сарықұдық ауылынан, ағайынды Сралиевтердің Әжібай ауылынан, Самат Хасанов Ақпәтер ауылынан, Рауан Есенғалиев Жаңажол ауылынан фельдшерлік- акушерлік пункттер салды. Сонымен қатар рухани құндылықтарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында аудандық өлкетану музейі және Тереңкөл, Талдыапан, С.Есетов, Ғ.Бегалиев, А.Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін білім ошақтарында мектеп музейлері жасақталып, пайдалануға берілді, – деді Казталов аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Абешова.

Жалпақталда әр жылғы мектеп түлектерінің демеушілігімен Кеңес Одағының Батыры және Социалистік Еңбек Ері атағын алған жалпақталдық 15 адамның мүсіні қойылған «Батырлар  аллеясы» жасақталып, бірнеше спорт алаңы салынып, ауылдың сәнін келтіретін композициялар орнатылды. Ауыл орталығындағы  мешіт мұнарасы қайта жаңғыртылып, орталық бақтағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш тақта жаңғыртылды. Орталық  көшедегі мәдениет үйінің ауласына суретші Сәкен Ғұмаровтың мүсіні орнатылды.  

Соңғы төрт жылда Жалпақтал ауылында әр жылдары бітірген мектеп түлектерінің демеушілігімен  демалыс орталығына «Мұнаралы сағат» архитектуралық кешені орнатылса, Молдашев мектебінің ауласына футбол ойнауға арналған спорт алаңы және  баскетбол, волейбол ойындарына арналған «Толағай» балалар спорт алаңы, «Жастар» саябағына «Ратон» архитектуралық кешені, «Street workout» спорт алаңы салынса, Казталов ауылындағы «Достық» саябағының кіреберісіне «LED» экран орнатылған. Сонымен қатар Талдыапан ауылдық округі мен Қособа елді мекенінде ауыл азаматтарының демеушілігімен салынған бастауыш мектеп есігін айқара ашса,  Болашақ ауылдық округі, Жаңатаң елді мекенінде «Балапан» шағын орталығы пайдалануға  берілген.

Өткен жылы Ғ.Молдашев мектебінің 2000 жылғы түлектері Жалпақтал ауылының орталығынан «Шағын арбат» демалыс орнын халыққа тарту етсе, 1973 жылы дүниеге келген перзенттері Жалпақтал ауылындағы аспалы көпірді қайта жаңғыртып, күрделі жұмыстарын жүргізіп, заманға сай өзгеріске енгізіп, халық игілігіне берді. Ал аталған ауылдағы К. Меңдәлиев мектебінің 2000 жылғы түлектері мектеп ауласына футбол, волейбол, баскетбол әмбебап спорт алаңын салып,  тұрғындардың игілігіне тарту жасады. Өткен күзде Көктерек ауылдық округіне қарасты Сатыбалды елді мекенінің тұрғындары өз қаражаттары есебінен клуб ғимаратын салып, халық игілігіне берді.

– Биылғы жылдың өзінде ауданда құны  30 млн 600 мың теңгені құрайтын 19 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жалпы, алдағы уақытта ауылдарды көріктендіру, әлеуметтік нысандарды жаңа заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, қайта жөндеу, ауыл көшелерін абаттандыру, мектеп аулаларына «Street workout», волейбол, баскетбол спорт алаңдарын салу, субұрқақ орнату, күн сәулесінен қуат алатын жарық шамдарын орнату секілді ауқымды жұмыстар атқарылатын болады, – дейді Айша Уәлиқызы.

Біз «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін» дейтін мақалы бар халықпыз ғой. Алла Тағала берген мол несібені құзғындай астына баспай, сұңқардай айналасына шашып жейтін Атымтай азаматтар қазақ қоғамында бұрын да болған, қазірде аз емес. Бір ғана аудан көлемінде атқарылған ауқымды істер соның айғағы.

Елбасымыз өз мақаласында «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деп атап өткен болатын.

Ендеше, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әр шаруаға жұмыла кіріссек, бағынбайтын белес, алынбайтын асу болмасы анық. Ең бастысы, еліміз тыныш, бірлігіміз бекем болғай, ағайын!

 Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале