23.10.2023, 16:00
Оқылды: 45

Қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді

Қайырымдылық айлығы аясында Бәйтерек ауданының Переметный ауылдық округы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен қарияларға арналып дастархан жайылды. Отырысқа округ орталығы мен оған қарасты Қаражар, Болашақ, Поливное ауылының тұрғындары, барлығы 50-ге жуық қария келді.

IMG-20231022-WA0077

- Аға буынға құрмет көрсету, қамқорлық жасау - біздің борышымыз. Бұл күні жайылған дастархан, шырқалған әуезді ән, көңілді жадыратар күй мен бидің бәрі өздеріңізге арналады. Талай жыл табанды еңбек етіп, ауданның дамуына еңбек сіңірген, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған сіздерге қарыздармыз, - деген ауыл әкімі Алексей Герасимов аға буынның қоғам өмірінде, жас ұрпақ тәрбиесінде алатын орнын атап өтіп, іс-шараның өтуіне демеушілік жасаған кәсіпкерлерге алғыс білдірді.

Аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Әсел Ижанова да еңбек ардагерлеріне ізгі тілегін арнады.

Басқосуда сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Өтешев, еңбек ардагерлері Николай Анципрович, Қаным Құнанова, Жігер Менешев, Айсұлу Нармағамбетова және өзгелері әдемі дастархан жайып, көтеріңкі көңіл күй сылағаны үшін шексіз ризашылықтарын білдірді.

Қазыналы жандарға ұйымдастырылған отырыста замандастардың әзілдері жарасып, арқа-жарқа болды. Кеште ауданның белгілі өнерпаздары ардагерлер алдында өнерлерін көрсетіп, ән мен күйге сусындатты.

 

Нұрсұлу Атамекен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале