12.11.2021, 19:31
Оқылды: 264

Киелі өнер өгейсімесін десек...

Қоғам белсендісі, өнер жанашыры, зейнеткер Айтуған Ғайнеденұлы Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетіндегі «Мәңгілік күй астанасы – Жаңақала» атты мақаласында бірқатар өзекті мәселелерді ортаға салыпты.

A7045091-9B28-411E-985D-9CFFF4DADF36

Иә, ғұлама Әбіш Кекілбайұлының Жаңақаланың киелі өнер ордасының мәртебелі мінбесінен күй өнерінің арғы-бергі тарихын тарата айта келіп, «Күй астанасы – Жаңақала» дегенін құлағымызбен естідік. Даңғайыр Әбіштің дуалы аузынан мұндай баға алу – туған өңіріміз үшін баға жетпес бақыт. Әбекең оны Венаның, Париждің төрінде емес, жерұйығы Жаңақалаға – Құрманғазы, Дина, Мәмен, Қали, Оқап, Шамғон, Тұяқтардың дүниеге келген құнарлы топырағына келіп айтып тұр ғой.

Ендігі айтарымыз, біз осы сүлей сөздің қасиетіне жетіп жүрміз бе? Әй, қайдам?!.

Келім-кетім мен кез келген өткен-кеткендерге «Әбіш Кекілбаев «Күй астанасы – Жаңақала» деген» деп бөркіміз дағарадай болып, кеудемізге нан піскендей болғанмен, Әбекеңнің сөзін іспен дәлелдей алмай жүргеніміз жасырын емес.

Міне, Айтуған ағамыз да Әбекеңнің бір ауыз сөзінің парқына жете алмай жүргенімізді ашына айтқан екен. Ащы да болса ақиқаты – осы. Қолдаймыз, құптаймыз.

Кешегі Тұяқберді Шәмеловтың 70 жасына орай Орал қаласында өткен күйші-композитор атындағы тұңғыш республикалық сайыста «Күй астанасынан» барған не күйшіміздің, не әншіміздің соңғы сатыдағы жүлделердің біріне іліге алмауы өңіріміздегі өнер дейгейінің қаншалықты дәрежеде екенін көрсетіп берді емес пе?

Осындайда кезінде 60-70 адаммен хор ұжымын құрып, «Халық хоры» атағын, 40-50 адамдық оркестрмен «Халық оркестрі» атағын алып, сахнаны дүрілдеткен күндер есіңе түседі. Жаңақала оркестріне атақты Шамғон Қажығалиев, Қаршыға Ахмедияров, Тұяқберді Шәмеловтер дирижерлік жасап, «қай дәрежедегі сахнаға да ұялмай апаруға болады» деп ұлылар баға берді дегенге қазір кім сенеді?

Оны айтасың, көненің көзіндей болып жүрген сазгер-сырнайшы Ерлан Сатыбаевтың күшімен құрылған, Тұяқберді Шәмеловтің есімі берілген фольклорлық ансамбльдің де түбіне су құйдық емес пе?

Осыншама құлдырауымыздың себеп-салдары неде? Оның басты себебі – басқарып отырған адамдарының дәрменсіздігінде. Айтуған ағамызша айтсақ, жауапкершілігінің төмендігінде, өнерге деген жанашырлықтарының кемшіндігінде. Мемлекет оларға басқару тетігінің барлық ырқын берді, бірақ халықтық атағын алған, аға-апаларымыздың ұйқысыз түндері мен тынымсыз күндерімен құрылған өнер ұжымдарын өшіру құқын берген жоқ.

Егер сараптап, сараласақөнерпаз жастарымыз арамызда аз емес. Өкінішке орай, аудандық мәдениет үйі қазір ерінбесе келіп, «әу» деп кететіндердің сауық-сайран орнына айналып кетті.

«Тоқсан ауыз сөздің түйінінде» мынадай ұсыныс-пікірлерімізді назарға бергім келеді. Алда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, алдағы жылдың наурыз айында ауданның қайта құрылғанының 50 жыл толу мерекелері келе жатыр. Осы халықтық мейрамға орайластырып, мынадай шаралар жүзеге асырылуы қажет.

Бірінші, «Күй астанасы» екенбіз, ендеше халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының тарихи сөзін мәрмәр тасқа түсіріп, өнер алыптарының жанынан тұғырға орнатумыз керек.

Екінші, «Халық хоры», «Халық оркестрі» фольклорлық ансамбль толық құрамда қалпына келтірілуі тиіс.

Үшінші, аудандық мәдениет үйі хорға, оркестрге қажетті музыкалық аспаптармен, ұлттық киімдермен толық қамтылып, ауданның  жарты ғасырлық мерейтойында сахна шымылдығын оркестрмен, хормен ашулары міндетті.

Ауданның 50 жылдық мерейтойы аясында өңір мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Қуан Ғалиев, Сәлекен Қайырғалиев, Жолай Шарапов, Бақтығали Айтжанов, Мамай Отарбаев, Қайырғали Сұлтақов, Әслима Лұқпанова, Аманжол Ғұбайдуллин, Мәлік Қайырғалиевтердің есімдерін ел есінде қалдыру шаралары жүйелі өткізіліп тұруы керек.

Қысқасы, осы айтылған мәселелердің іске асуына аудан әкімдігі, аудандық мәслихат, басқа да тиісті құзырлы органдар атсалысып, халықтың көкейкесті мәселелерін ойдағыдай шешеді деген үміттеміз.

Өнерін сыйлаған өрге шығарын естен шығармайық!

Закария Сисенғали, Халықаралық Жазушылар және Қазақстан Журналистр одағының мүшесі

(Сурет аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Шафиховтың жеке мұрағатынан алынды)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале