9.10.2022, 12:31
Оқылды: 46

Қоғамдық ұйымдар акцияға үн қосты

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен «Табиғатта қоқыс жоқ!» жалпыұлттық экоакциясы бастау алған болатын. Еліміздің бас қаласы Астана мен мәдени астанамыз Алматы қаласында бастау алған акцияға Казталов ауданының қоғамдық ұйымдары да үн қосты.

11

6 қазан күні Қошанкөл ауылдық округінде аудандық «Ардагерлер кеңесі», аудандық «Аналар кеңесі» қоғамдық бірлестіктерінің мүшелерінің бастамасымен жалпыұлттық экоакция аясында көшеттер отырғызылды. Экологиялық іс-шараға аудан әкімі Рүстем Зұлқашев, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысып, қоғамдық ұйымдар өкілдерімен бірге округ орталығындағы саябаққа көшеттер отырғызды.

12

-Соңғы уақытта адамзаттың келеңсіз қылықтарының салдарынан табиғаттың ластануы деректері орын алуда. Ауладан аттап, ауылыңызға көз салсаңыз жол жиегінде, саябақтарда, өзге де қоғамдық орындарда тұрмыстық қалдықтар менмұндалап тұрады. Әрине, апта сайын мемлекеттік мекемелер қызметкерлері өз ғимараттарының ауласын, қала берді, белгіленген көшелерді қоқыстардан тазартып жатады. Дегенмен, халқымызда экологиялық сауаттылық қалыптаспай, ауылдарымыз қоқыстан тазармасы анық. Сондықтан Президентіміздің бастамасына сөзі жүйелі, ауызы дуалы ақсақалдар мен аналар үн қосып, халықты, жас ұрпақты табиғатты аялауға, экологиялық сауаттылықты арттыруға шақырамыз, - деді аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Күнсұлу Шаканаева.

«Артыңнан мал қалғанша тал қалсын» деген дана халқымыздың ұлағатты сөздерін берік ұстанған ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарымыздың бұл бастамалары кейінгі үрпаққа үлгі болмақ. Ал, жас шыбықтар күні ертең жайқалып, ауылдың ажарын келтіріп, табиғатқа дем беріп тұрары сөзсіз.

Асылбек Нәсіпқали,

 Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале