18.11.2022, 17:15
Оқылды: 62

«Көкпар тартқан жігіттер бар біздерде»

Көкпар – қазақтың жаны мен қанына үйлесім тауып, мәдениеті мен салт-дәстүрін әлемге паш ететін  ұлттық спорт ойындарының бірі. Соңғы уақыттарда кеңінен дамып келе жатқан ұлттық ойынымыздан Тасқала ауданының көкпаршылары да қалыс қалмай келеді. Екі-үш жыл турасында бастары бірігіп, бүгінде аудан атынан «Найзатас» деген көкпар құрамасын құрған жігіттердің аяқ алысы жаман емес. Аудан намысын асқақтатып жүрген көкпаршылармен сұхбатымыз төмендегідей өрбіді.

Көкпаршы (2)

 -Көкпаршылар, күні кеше көкпар бойынша облыс көлемінде үлкен жетістікке жетіп ел мерейін асырдыңыздар. Қандай жетістік екенін айта өтсеңіздер.

-Біріншіден, елдің азаматтары деп есімімізді атап, еңбегімізді бағалап,  бұқараға танытып жатқан газет ұжымына алғысымыз шексіз. Иә, жақын арада аудан атынан шыққан «Найзатас» құрамасы Орал қаласында облыс көлемінде өткен көкпардан ел чемпиатына іріктеуден бірінші лига бойынша үздік атанып, мәртебеміз биіктеген болатын. Іріктеу сайысы жоғары және бірінші лига болып бөлінді. Біздер бірінші лигада Жаңақала, Сырым, Қаратөбе аудандарының көкпаршыларымен ойын көрсетіп, үздік атандық. Атап өтер болсақ, Қаратөбе ауданын 5:1, Сырым ауданының көкпаршыларын 4:1 есебімен ұтып, финалда Жаңақала ауданының жігіттерін 9:1 есебімен салымды болып, жоғары лигага жолдама алдық. Бұл жетістік - көптен бері жасап келе жатқан тынымсыз еңбек пен дайындығымыздың нәтижесі.

- Көкпар тартуға деген қызығушылықтарыңыз қалай пайда болды. Жаттықтырушыларыңыз кім? Алғашқы салымдарыңыз қашан болды?

Көкпар – жігіттердің ептілігін, батылдығы мен төзімділігін, күш-жігерін  сарп етіп, ат үстінде мығым отыруға тәрбиелейтін ұлттық ойын. Әр қазақтың қанында атқа міну, бәйгеге шабуға деген қызығушылық бар. Құрамадағы жігіттердің қызығушылығы әр түрлі қалыптасқан, әрісі 2004 жылдан бастаса, бергісі екі-үш ай шамасында пайда болып, еселі еңбек пен көкпарға деген махаббаттан осындай нәтижеге жетіп отыр. 2019 жылы аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі жанынан «Ат спорты» арнайы спорт секциясы ашылып, Абдрахманов Серік ағаның жаттықтыруымен басталды. Серік ағаның жанына бүгінгі құраманың кейбір жігіттері топтасып, әрбір ауылдан көкпарға деген қызығушылығы бар жігіттерді жинап, көкпарымызды қалыптастырды. Ашылған жылы бар дайындығымызбен Ақжайық ауданында өткен «Ақбидай» жазғы ойындарына қатысып, 11 құраманың ішінен 4 орынға табан тіредік. Аз уақыттың ішінде бұндай жетістікке жету бізді қанаттандырды. Биылғы жылдың жаз айының аяғына таман бізге республикалық деңгейде батыс құрамасында өнер көрсетіп жүрген, арамызда отырған көкпаршымыз Жеңісов Мағжан деген арнайы жаттықтырушы келіп, бүгінде бізді жаттықтыруда. «Найзатас» болып құрылғаннан кейін алғашқы салымымыз Шыңғырлау ауданында өткен жарыста жаттықтырушымыздың өзі салып, қуантып тастаған болатын. Содан кейінде салымымыз азаймай, көптеген жарыстарға жолдама алып, нәтижелі өнер көрсетіп келеміз.

-Көкпар тартып жүрген жігіттерге тоқталсаңыз? Арнайы мамандар ма, әлде әуесқой көкпаршылар ма?

-Біздің жігіттердің барлығы әуесқой көкпаршылар. Әртүрлі салада қызмет жасап, қолдары қалт еткенде көкпарға қарай елеңдеп, дайындалып жүреді. Атап өтер болсақ, Жеңісов Мағжан, Шурен Артур, Қуан Емқанат, Қуанышов Тұрарбек, Қожақов Қайыржан, Нажимов Азамат, Жеңісов Әділжан, Сырым Қуаныш, Аманғалиев Елдос, Талапов Мұратқали, Төлегенов Сансызбай ағамыз бар. Жоғарыда атап өткен Қожақов Қайыржан - он жеті жастағы ең жас көкпаршымыз. Құраманың жігіттерінің осалы жоқ, көкпар десе ішер асын жерге қойып, ортақ тіл табысып, аудан намысын қорғаймыз деп үнемі бірге жүреді. Көкпар алдында бірін шабуылдаушы, бірін қорғаушы деп әр жігіттің негізгі орындарын белгілеп береміз.

-Көкпар - ер азаматты батылдыққа, жауынгерлікке тәрбиелейтін ұлттық ойын. Сіздер үшін көкпар тартудың қиындығы қандай?

-Көкпардың - ер балалардың бойында азаматтық қабілетті дамытуда орыны ерекше. Ұлдарымызды көкпар тартып, атқа мінгізіп, бәйгеге шапқызсақ балалардың осал болмай, рухты болары белгілі. Көкпардың қиындығына келер болсақ – қауіпті ойын сәттері, денсаулыққа зиян келетін тұстары баршылық. Ат үстінде мығым отырғанның өзінде де кейде қарсыластың айла-тәсілімен, аттың сүрінуі, жарақат алуынан көкпаршы да зиян шегуі мүмкін. Өткен жарыста жарақат алған жігіттердің келесі ойында да тайсалмастан қайта көкпар тартып жүргенін көріп жүрміз. Әр жарысқа шыққан сайын иманымызды бекітіп, дәретімізді алып, жаратушыдан дұға тілетіп шығамыз. Отбасымыз да тілеуімізді тілеп, алаңдап отыруы да үлкен қолдау.  Біздер көкпардың қиындығынан қорықпай, оған деген махаббаттан ләззәт алып, ат үстінде делебеміз қозып, рухтанып кетеміз.

-Көкпар тартатын аттарды өздеріңіз баптайсыздар ма? Аттардың  бабы қалай?

-Әр жігіт өзінің тұлпарын өзі баптап, өзі дайындайды. Оның ішер асы мен жем-шөбін, тазалығын, түрлі дәрумендерді беруді өздерінің мойындарына алды. Сол арқылы көкпардағы атының қыр-сырын терең меңгеріп,  ыңғайлап, үйлесіммен ойын көрсетеді. Жарыс алдында, кейінде үнемі бабын келтіріп, баптап жүреміз. Қазіргі таңда бізде арнайы көкпарға дайындалған 6 ат бар. Негізі көкпарға құрамадағы адам санымен аттың санының бірдей болуы қатаң бақыланады. Осының негізінде ұлттық ойынымызды дамыту үшін алдағы уақытта ат басын көбейтіп, қанды аттарды алу жоспарлануда. Соңғы уақыттарда елдің азаматтарынан ат жарату, асауды үйрету, аттарын арнайы көкпарға дайындап беру бойынша арнайы ұсыныстар түсіп жатқаны біз үшін үлкен қуаныш. Аудан әкімдігі тарапынанда үнемі қолдау білдіріп, қажетімізді алып беріп, көкпарға жанашырлық танытады. Ең алғашқы кезеңде көкпарға арнайы киім, ат әбзелдері болмаса, бүгінгі таңда қажетті құрал-жабдықтарымыз түгенделді. Осы орайда,  аудандық спорт клубтың директоры Әсет Хайыршақовтың  да еңбегін атап өткен жөн.

-Облысымыздағы көкпар ойынының дамуы қандай? Тасқаланың көкпаршылары үздіктер қатарынан қашан көрінеді?

-Қазіргі таңда облысымыздың көкпардағы деңгейі көңіл қуантарлық. Оған соңғы уақытта ұлттық спортымызға көңіл бөліп, көкпарымызды дамыту негіз болады. Жоғары дайындықта жүретін Орал қаласы,Ақжайық, Жәнібек, Шыңғырлау аудандарының көкпаршыларының бәсі биік. Көкпарға дайындалған арнайы аттарының болуы, жігіттердің үйлесіммен ойын көрсетуі, арнайы дайындық алаңдарының болуы оған дәлел. Тасқаланың көкпаршылары осы қарқыннан қайтпай, дайындықты арттыра берсе, жоғары жетістікке жетеді деген үміттеміз. Біздің қазіргі таңда алға қойған жоспарымыз көкпар аттарын реттеу, мүмкіндік болса қанды аттарды жарату. Себебі алаңда көкпаршылардың тақымындағы серкені қазандыққа жеткізбей қанды аттарымыз алып кетіп жатады. Біздің жабы аттарымыздың кейде шабысы жетпей қалып, көптеген жеңісті сәттерден айырылып қаламыз. Десе де, көкпаршыларымыз бұл олқылықтың орынын өздерінің күш-жігерімен, ептілігімен білдіртпей жатады.

-Алдағы жоспарларыңыз қандай?      

-Жоғарыда атап өткендей, келесі жылғы ойындарға аттарымызды, өзіміздің дайындығымызды жетілдіру көзделуде. Ел чемпионаты биылғы жылдың қорытынды ойыны. Алайда ел ішінде жаппай көкпар, ас беру, дала қызықтарына шақырту алудамыз. Алдағы уақытта Ақжайық ауданы Үштөбе ауылында жаппай көкпарға қатысамыз. Бүгінгі күні соңғы дайындықтарымызды пысықтап, жоғары нәтижеге жетеміз деген үміт бар. Көкпар алаңында жігіттердің бағы мен тұлпарлардың бабы үйлессе алар асуымыз, бағындырар белесіміз көп болары анық.

 

Сұхбаттасқан

Меңдібек Нұрболатұлы,

Тасқала ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале