22.02.2024, 14:30
Оқылды: 21

Көлденең көк аттының «кеңесіне» құлақ түріп жүргеніміз...

Жуырда қалаға жолымыз түсіп, таксиге отырдық. Қасымыздағы екі жас келіншек бұрыннан жүзтаныс секілді, отырғаннан-ақ әңгімелері жарасып, жұбай, баладан бастап, жаһандық деңгейдегі де тақырыпқа дейін біраз мәселені қозғап үлгерді. Бар-жоғы сағаттан сәл-ақ асатын уақытта бір көлікте отырғасын, әр айтқан сөзін құлағымыз шалып отырғаны, айтпаса да түсінікті. Көп ұзамай, біреуі бүгінгі тірлігіне баға беріп, «Шүкірміз ғой, жолдасым екеуіміздің табысымыз отбасымызға жетеді, дегенмен қосымша кіріс болса, артықтық етпес еді», – деп тіл қатты. Сұхбаттасының да құлағына бұл сөз майдай жағып кетсе керек, жедел телефонын сөмкесінен суырып алып: «Жуырда instagram-нан ақылы курсқа жазылып қойғам, ертең басталуы керек. Танымал блогер бар ғой бәленше деген, сол бай болудың құпиясымен бөліседі. Міне, қарашы, instagram-ға салған суреттерінен-ақ тұрмысының қаншалықты жақсы екені көрініп тұрған жоқ па? Кеше Дубаида жүр еді, бүгін Астанаға ұшып келмекші. Сенің де уақытың бар ақылы курсқа жазылуға, жас болса да, тез байып кеткен блогер, бізге де жұғысты болсын», – деп үгіттеген соң, сол мезетте онлайн-төлем жасап, құрбысы жаңағы курстың тыңдаушысы боп шыға келді...

Human hand using a laptop computer,Conversation in the chat box icon,social media creation ideas,Chatting and commenting with social networks ,response and chat customer service,online communication

Фото: istockphoto.com

Ауа сатқан «ақылдылар»

ХХІ ғасырда ақпараттық жүйенің сауырына қамшы салдырмай, асқан қарқынмен дамып келе жатқаны рас. Әлеуметтік желінің сан түрі, қиялыңдағыны сурет, мәтін, ән қып әп сәтте шындыққа айналдыратын жасанды интеллект, тағы да өзге заман игіліктері қазір адамзатқа қолжетімді. Осының бәрін ақпарат майданында қаруға айналып, небір пысықайлар өз пайдасына жаратып үлгерді. Қалай дейсіз ғой? Жоғарыда айтып кеткен жағдайдағыдай, ақыл-кеңес сатып, ауадан ақша жасауда.

Қандайма бір желінің тұрақты пайдаланушысы болсаңыз, «1 айда миллионер бол!», «Қарыздан құтыл!», «Бақыттың қырық құпиясы» сынды атауының өзі қаржыдан тарыққан жанның таңдайын қақтырар курстарды көзіңіз шалған шығар. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген, адами құндылықтарды материалдық игіліктер басып, оңай олжаға кенеліп, бақытты болғысы келетін адамдар көбейген кезде солардың ойындағысы оң жамбасына келген  айлакерлер осындай сабақтарды ұйымдастыруда.

Бұл үрдіс бізге дамыған елдерден келді десек, қателеспейміз. Стив Джобс, Марк Цукерберг сынды әлемге әйгілі миллардерлер кезінде онлайн да, офлайн да дәрістер ұйымдастырып, табысқа жетудің құпиясымен бөліскен болатын. Бәріне бірдей топырақ шашуға болмайды, жаңбырдан кейін шығатын саңырауқұлақтай саны көбейген курстардың ішінарасын бизнестің қыр-сырын жетік меңгерген тренер-коучтар, жан-дүниеңнің тұңғиығына түсіп, ішкі қабілеттеріңді жетілдіретін психолог мамандар жүргізеді. Бірақ соның лайығын, пайдалысын танып білуге қарапайым адамның білігі жете ме, міне, мәселе қайда?

Шынын айту керек, бір-екі жыл турасында бүгінгі мақалаға арқау болған курстардың шеңгеліне осы жолдардың авторы да іліккен болатын. Әдеттегідей әлеужеліні ақтарып отырғанда, «Аударма жұмысымен табыс табу» деген курс жарнамасының көзімізге түсе кеткені. «Несі бар, шет тілден қазақ тіліне шығармалар аударып, адал еңбекпен өзімізге де пайда тауып, әрі талғампаз оқырманға да оқитын дүние дайындасақ, айып емес қой» деген ойға келіп, курсты ұйымдастырушылармен хабарластық. Бағасы да қымбат емес екен – бес-ақ мың теңге.

Уағдаласқан уақытта желідегі жабық парақшаға тіркеліп кіріп, тікелей эфирге шыққан «ұстаздың» аузына қарап отырмыз. Санап шықсақ, 400-ге жуық адам ақылы дәріске жазылыпты. Бәріміздің көксегеніміз – аудармашылық кәсіптің майталманынан сабақ алып, әрі қарай жаңа кәсіпке кірісіп, қосымша табыс табу. Сондағы «ұстаз» берген ақылы ақыл қандай болды деп сұрайсыз ғой. Айтайын, қызыл сөзді сапырған тренеріміз аудармашылық кәсіптің негізін тіпті де үйреткен жоқ. Өзге сайттардың мекенжайын беріп,  солардан тапсырыс қалай алуға болатынын көрсетіп,  өзінің осы кәсіппен табысқа белшесінен батып отырғанын айтып, құр ауаны сатып жіберді бізге.

Аңқау елге арамза молданың кері ме?

Қазір бәрі сатылады, жұмысың да, білімің де, ақыл-кеңесің де!  Соның ішінде ең оңайы да, қаржы жағынан ең тиімдісі де осы ақыл айту боп тұрғаны. Жұмыстың шебері болу үшін тәжірибе жинақтап, еңбек етуің керек, ал білімді боламын десеңіз, өзіңізді жетілдіруіңіз қажет, бұл да адал еңбекті талап етеді. Ал дәріс ұйымдастырып, ақыл айту тиімді болатын себебі – курсты өткізу үшін тек әлеужеліде парақша мен белгілі бір салада там-тұм білімің, дүйім аудиторияның алдында тосылмай сөйлей алатын шешендік қабілетің болса, жеткілікті. «Аңқау елге арамза молда» демекші, сол салада сауаты жоқ адамды аз-мұз деректі айтып, өзіңнің өміріңнен бір-екі оқиғаны келтіріп, аң-таң әсерде қалдырасың.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, әлеуметтік желілер тренинг, вебинар мен шеберлік-сыныптардың жарнамасына толы. Мұндай қызмет түріне сұраныс азаюдың орнына күннен-күнге артып қоймай, дәріске қойылатын бағасы да аспандап тұр. Мәселен, әлеуметтік желі арқылы хабарласқан коучтерден жеке кеңес алу үшін сағатына 5 000-нан 150 000 теңгеге дейін төлеу қажет, тіпті одан көп сұрайтындары да бар. Курс ұйымдастырушыларының бір-екеуінен бағаның неге соншалықты қымбат екенін сұрағанымызда,  тренердің білімі туралы шетелден алған сертификат, өзге де курстарда алған тәжірибесін растайтын қағаздарды хабарламамен жолдады. Ал солардың парақшасына кірсеңіз, әдемі өмірдің белгісін айғақтайтын суреттерден көз сүрінеді: яхтадағы серуен, теңіздегі серфинг, қымбат үй, бағалы көлік. Осының бәрі сабақ беретін ұстаздың кез келген кәсіпті ұршықтай иіріп, табысқа жетудің құпиясын тапқандай әсер береді көрерменіне. Жарқ-жұрқ еткен суреттерге иланған жан оның ұйымдастыратын курсы арқылы осындай өмірге қол жеткіземін деп үміттенетіні рас.

Ал сол дәріске ақша төлеп қатысқан соң, одан өзіңе қажет ақпарат ала алмағаныңды дәлелдеу мүлдем мүмкін емес. Алдымен қайда барып шағымданасың – осыны ойлап көрелік. Тағы бір мәселе – дәріс өзінің мақсатынан шықпады деп айып тағайын десең, сабақ берген «ұстаздың» «Келісімшартта көрсетілген барлық қызметті көрсеттім» деп жалтарып кетуі ғажап емес. Ақыл-кеңес тауар емес, қолыңа ұстайтын, не қызмет емес, нәтижесін көретін. Сондықтан бұл ретте бірдеңені дәлелдеу оңай дүние болмасы анық.

Қайсысы жалған?

Көбінесе курсты ұйымдастырушылар алғашқы сабағы немесе вебинарын тегін өткізеді. Оның барысында өзінің ақылы курсын мейлінше жарнамалап, қатысушылардың ұрымтал тұсынан ұрып, өмірінде туындаған мәселелерін шеше алатынына сендіреді. Әрі осындай сабақтан өткендер айына 1000 доллардан табыс тауып, көп кешікпей өмірлік жар да табады екен. Олардың көздейтіні – қатысушыны қалай да өз дегеніне иландырып, қалтасын қағу. Әрине, барлық жағдайда желідегі білім курстарының бәрі бірдей жалған болмайды. Ал солардың аражігін қалай айыруға болады?

Ол үшін мынадай әдістерді қолға алыңыз. Егер аталмыш курстың таныстыру ролигін ақысыз негізде таба алмасаңыз, міндетті түрді оны ұйымдастырушылардан сұрап алыңыз. Әр адамның нені оқитытын білуге қақысы бар. Сонымен қатар дәрістің нақты бағдарламасы, күтілетін нәтижелері көрсетілмесе, оған қатысудың түк мағынасы жоқ. Оқудан кейін қандай нәтиже болатынын сұрап алыңыз. Айталық, сізге байлықтың, бақыттың, тағы өзге дүниенің құпиясын ашып беруге уәде етсе, ақшаңызды құр босқаға жоймаңыз. Себебі қатысушыға құпияның сырын біліп қажеті жоқ, ол  белгілі бір білім мен машық алуы керек.

Жалған курстарды айыратын тағы бір ерекшелік – оның сипаттамасындағы «Миллионер бол», «Өзіңді таны», «Түпсанаңмен сырлас» сынды ұрандар. Сабақ беретін тәлімгер туралы деректерді алдын ала біліп алған да артықтық етпейді. Өмірбаяны, беделді басылымдарда тақырыпқа қатысты сараптамалық мақалалары жарық көрген бе, жоғары деңгейлі шараларда спикер болған ба – осының бәрі маңызды. Мысалы, курс кәсіпкерліктің негізіне үйретуге қатысты болса, тренердің кем дегенде табысты бизнесі болуы керек.

P.S. Әрине, жетістікке жетудің оңай жолы жоқ. Оның әмбеден аян бір ғана құпиясы бар – талмай еңбек ету. Ал айналасы 1-2 сағатттың ішінде кәсіпкерліктің, өзге де саланың қыр-сырын игеремін деу бос әурешілік. Бай болудың кілті екі сағаттық ақыл тыңдауда емес, қажырлы еңбекте жатқанын бағамдауымыз керек. Осы ретте айтарымыз, әлеужелідегі түрлі  дәрістерді заңды негізде бақылауға алатын кез келді. Көшедегі көлденең көк аттылардың жұртты әлденеге оқытып, ақыл-кеңесін сатуға қаншалықты құқылы?

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале