Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақтың бойына ата-баба мұрасына деген құрметті сіңіру – бүгінгі тәрбиенің маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Ақбұлақ ауылдық мәдениет үйінде «Ұлттық қолөнер – ұлт мұрасы» тақырыбында тағылымды шеберлік сабағы ұйымдастырылды.

Іс-шара аясында мәдениет үйінің директоры Алмагүл Имашева ұлттық қолөнер бұйымдарынан арнайы көрме жасақтап, ондағы сан алуан әсем туындылардың тарихы мен ерекшеліктерін оқушыларға таныстырды. Көрмеде халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қолөнер дәстүрін айшықтайтын бұйымдар қойылып, келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Шеберлік сабағына ауылдық округтегі аналар кеңесінің төрайымы, қолөнер шебері Айгүл Қаленова қатысты.
Ол қазақтың ұлттық қолөнерінің тәрбиелік мәні мен мәдени маңызына тоқталып, қолөнердің бірнеше түрін таныстырып, олардың жасалу тәсілдерін тәжірибе жүзінде көрсетті. Оқушылар да шебермен бірге жұмыс жасап, ұлттық өнердің қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік алды.

Тағылымды кездесудің нәтижесінде жастардың ұлттық мұраға деген қызығушылығы артып, қолөнердің ұлт руханиятындағы орны туралы таным-түсініктері кеңейе түсті. Осындай үйірме сабақтары ұлттық өнердің өміршеңдігін сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізудің жарқын үлгісі екені сөзсіз.
Сара Әділ
Шыңғырлау ауданы