26.03.2020, 14:50
Оқылды: 93

 Қолөнерші Светлана

Қолына ине ұстап, іс тігетін қазақ әйелдері аз емес. Алайда өмірін  өнермен, оның ішінде қолөнермен байланыстырып, еңбегінен береке тапқан жандар саусақпен санарлық.

1C1E62DE-D187-4B5A-9401-7B4FCF2309CD

 Бүгінгі әңгімемізге арқау болған кейіпкеріміз - Бәйтерек ауданы Январцев ауылдық округіне қарасты Красноармейск ауылының тұрғыны Светлана Жалпанова.

Оның ісмерлігінен бөлек, күнделікті өмірде қолданыстан шыққан түрлі бұйымдардан да небір дүниелерді жасайтын өнері ауылдастарына жақсы таныс. Шеберді жақынырақ білу үшін оның қолынан шыққан бұйымдармен егжей-тегжейлі таныстық. Светлана Михайлқызы сүйікті ісі жайында әңгіме тетігін ағытты.

Сан түрлі бұйымдарға бай шеберхана ішінде қағаз картоннан, қарағаш бұтақтарынан, тоқыма жіп қалдықтарынан, полиэтилен мен майлықтан жасалған балалар ойнайтын ойыншықтар, гүл өсіретін құмыралар көздің жауын алады.

BB1FEF83-3010-4FC6-B08D-7FB52A338C3B

  Қолөнер машықтарын тамаша меңгерген Светлана Михайлқызы өзі қызмет ететін Красноармейск мектебінің оқушыларын өнерге баулу мақсатында «Ласкутное шитье» атты үйірме ашыпты. Әр істің қалай жасалатынын теория және тәжірибе жүзінде қадам-қадаммен үйрететін үйірмеге келушілер де көп екен.

  Жұмыста да, тұрмыста да еңбекқор жанды көршілері де, достары да құрметтейді. Өйткені көрші-көлем, тума-туыс, достары оған үнемі сыйлықтарды тапсырыспен жасатып алатын көрінеді. Өзінің айтуынша, сонау тоқырау жылдары қиналған сәттері осы қолөнерінің арқасында табыс тауып, бала-шағасын оқытып-тоқытыпты. Қазір де тапсырыс түсіп жатса, тұтынушының ұсынысынан бас тартпайды. Адамның қолынан бәрі келеді. Тек алдымен ниет болуы керек, - дейтін ол қолөнердің қыр-сырын Клава Мұқашева әжесінен үйренген.

Светлана Михайлқызы Орынбор облысы Құрманаев ауданы Федоровка ауылында дүниеге келген. Отағасы Баян Жалпанов екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Олардан екі немере, екі жиен сүйіп отырған бақытты ата-әже. 

  Мінсіз қызметінің арқасында ауылдастары мен замандастарының шексіз құрметіне бөленген Светлана Михайлқызы жергілікті билік тарапынан алғысхат қана алып қоймай, 2014 жылы бұл отбасы «Үздік аула» аталымын жеңіп алып, жерлестеріне үлгі-өнеге бола білді.

Қолынан келгенін игілігіне жаратып жүрген қазақ келінінің тыныс-тіршілігі кісі қызығарлықтай.  

«Қолы білген құм үстіне кеме жүргізер» дегендей, он саусағынан өнер тамған шебердің дүниелері әдемілік әлеміне шақырады да тұрады.

Гүлжан Аязбаева

Бәйтерек ауданы

 zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале