29.07.2021, 11:44
Оқылды: 77

Қопаның қамы ─ халықтың қамы

Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумов жергілікті тұрғындар жиі көтеріп жүрген қопаға су түсіру, Мұратсай су тоғанының деңгейін көтеруге қатысты мәселелер бойынша тиісті орындарда аралап, жауапты мекеме мамандарымен кездесті.

қопаныңқамы (1)

Сапар барысында қопаны суландыру арналарының қазіргі жағдайын қарап, арна бойын шолып өтті.

─ Қопа мәселесі көптен бері күн тәртібіндегі өзекті мәселе екені рас. Бұл ауқымды мәселе ретінде облыс басшылығының назарына да сан мәрте ұсынылды. Өйткені қопа мәселесін шешуге жергілікті атқарушы биліктің құзыреттілігі аздық ететіні түсінікті. Мұратсай су тоғанынан су тарту қопаны суландырудың бірден-бір жолы боп отыр. Осы мақсатта Ресейден алынатын су көлемін арттыруға қомақты қаржы бөлініп, келіссөз жүргізіліп, тиісті келісімшарт жасалды, - дейді аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов.

Аудан әкімі бастаған жұмыс тобы Мұратсай су тоғанында болып, Жәнібектен келетін арналардың жай-күйін де шолып шықты. Жәнібек ауданындағы «Қазсушар» РМК аудандық филиалының басшысы Нұрлан Жүнісовпен кездесті. Жылдағы дәстүр бойынша Ресейден келетін су Мұратсай тоғанына қыркүйек-қазанда жіберіледі. Биыл су жылдағы мөлшерден еселенді. Бұйыртса, 2,6 миллион текше метр су келмек.

Аудан басшысы Нұрлыбек Даумов су жіберу шарасын қыркүйекті күтпей, тамыздан бастауды ұсынды. Осы сапар барысында аталмыш мәселе бойынша жұмыс жоспары, су арналарының қажетті жерлерін бөгеу, судың тиісті деңгейде ауданға келуі бойынша мәселелер талқыланды. Алдағы уақытта жыл сайын Мұратсай көліне берілетін судың көлемін көбейту, Қопаға су түсіру мәселесі бойынша салаға жауапты облыстық басқармалармен тиісті жұмыстар атқарылатын болады.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале