19.10.2023, 16:30
Оқылды: 120

Көпжасарлықтар қариясын қадірледі

Халқымызда «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген ұлағатты сөз бар. Осыған орай Жаңақала ауданына қарасты Көпжасар ауылында «Мейірбандық күндері» қайырымдылық айлығы аясында ауылдың қазыналы қариялары мен қамкөңіл жандарға арналған тағылымды іс-шара өтті.

393592714_1984108008637460_6351985590314322498_n

Үлкен ас беріліп, ата-баба рухына қасиетті Құран аяттары бағышталды. Аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев ел ағалары, еңбек ардагерлерін мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Ардагерлер – еліміздің алтын қоры. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды. Сондықтан xалқымыз ертеден-ақ үлкенге құрмет көрсетуді өсиет етіп, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа, үйлесімге ерекше мән берген. «Ата қайратты болса, бала ғибратты болады» деген ғибратты сөз бекер айтылмаса керек. Сіздер сабырлылық, қарапайымдылық қасиеттеріңізбен біздерді мейірімділік пен еңбексүйгіштікке, Отанға, отбасына деген адалдыққа және абыройлы болуға тәрбиелеп келесіздер», - деді аудан әкімі.

393716399_1984107638637497_6463673334116535626_n

Айта кетсек, ауқымды іс-шараны Көпжасар ауылдық округ әкімдігі ұйымдастырды. Ауыл әкімі Нұрбол Бектілеу ауылда ынтымақ пен бірліктің нығайуына, ұлттық тәрбиені өскелең ұрпақтың бойына сіңіруде елеулі еңбек еткен қазыналы қарияларларға шынайы алғысын білдіріп, атаулы мерекемен құттықтады. Әманда әмме жұрттың амандығын, мерейлі мемлекеттің тыныштығын тілеп отыратын абыз-ақсақалдарымыз бен аяулы аналарымыз да игі іске ұйытқы болып, өздеріне құрмет көрсеткен ауыл әкімдігіне және демеуші азаматтарға алғыстарын жаудырып, ақ баталарын берді.

Тағылымды басқосу ауыл көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Әуезді әндер, жыр-терме айтылып, күмбірлеген күй шертілді.

- Ата-әжелеріміздің ел үшін еткен еңбектеріне назар аударып, оларға қай кезде де қамқорлық көрсету – біздің басты міндетіміз. Бүгінгі іс-шарамызға қаржылай қолдау көрсеткен «Мусин Е.Т.» шаруа қожалығының басшысы Ерген Мусин және дәмхананың қызметін ұсынған Ербол Теміржанұлына ауыл жұртшылығы атынан зор алғыс білдіреміз! – деді ауыл әкімі Нұрбол Серікұлы.

Ақсұңқар Сәдір,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале