14.03.2024, 21:00
Оқылды: 5

Көрісу – көңіл көктемі

Жылдың бастауы ретінде тойланатын көрісу күнінің еліміздің, әсіресе, Батыс өңірінде алатын орны ерекше. Наурыз айында тойланатын мәнді де сәнді дәстүрдің бірі десек те болады. Қаһарлы қыстың бейнетінен аман шыққан халық мәре-сәре болып, үй, ауыл аралайды. Ағайын-туыспен жүздескеніне қуанып, қол алысады һәм төс қағысады. Дәл осы күні олар бір-біріне деген өкпе-ренішін ұмытып, шын жүректен жақсы сөз айтып, амандық тілейді, жаңа жылын бастайды.

431955769_965101815619493_9042579234570279070_n

Көрісу күніне орай Жәнібек аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен бүгінгі шара – осы айтылғандардың дәлелі. Жер аяғы кеңейіп, шуақты көктемнің лебі жеткеніне қуанған ауыл тұрғындарын орталық алаңда аудан өнерпаздары қарсы алып, қол алысса, енді бірі төс қағысты.

431993224_965101722286169_6199796559730118970_n

Ал ауыл ақсақалдары мен ақжаулықты әжелеріне сәлем салған бір топ келіндер қазақылықтың иісін шығарса, ұлттық нақышпен өрнектелген қос етек көйлегі мен ақ орамалдары болмысымызды бейнелегендей.

431981214_965102002286141_6535710788466453414_n

Келген қонақтар бауырсақтан дәм татып, көжеден ауыз тиді. Осындай әдемі көрініс театрландырылған қойылыммен жалғасын тапты.

431860988_965101878952820_2649554088100705695_n

Аудан өнерпаздары қазақ халқының көрісу күнін қалай тойлайтынын, оған айрықша мән беретінін сахналап, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Қойылым барысында күмбірлеген сазды күйден де, мың бұралған мәнерлі биден де, әуелеген әуезді әннен де шашу шашылды.

Шынар Қаюпова «Келін шайы» әнін әсем орындаса, келіндер қонақ болып келген ауыл үлкендеріне сүт қатқан тәтті шайларын ұсынды.

431902352_965101848952823_7049307761390245661_n

Көрермендер «Ақмаржан» халықтық би ансамблінің жетекшісі Зәмзәмгүл Мұратованың араға жылдар салып сахна төрінде «Қара жорға» биін мың бұрала билегеніне қуана қол соқты. Әрмен қарай ұлттық ойындармен жалғасты. Көрермендер мен өнерпаздар бірігіп алтын сақа ойынын ойнады, арқан тартысып, қол күресті. Осындай ән мен күйге, би мен ойынға толы мерекелік шарадан жағымды әсер алған көпшілік дарындарға дән риза болып, қошеметін аямады.

431980250_965102285619446_6745184448107664246_n

Соңында білім саласының ардагері, батагөй қария Қабаш Жүнісов жиналғандарға шын ниетімен ақ батасын берді.

Айсұлу Нұрболатқызы,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале