19.03.2020, 12:22
Оқылды: 253

Коронавирус: Сырым ауданындағы ахуал қандай?


Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы біздің елде де тіркелді. Ауру жұқтырғандар саны да артуда. Соған орай Сырым ауданындағы ахуал қандай? Соған көз жеткізу үшін бірқатар мекеме басшыларының есігін қақтық.

kvirus

Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында коронавирусқа қатысты былай деп мәлімдеген: «Әлемді жайлаған коронавирус инфекциясы Қазақстандыда айналып өтпеді. Осыған орай елде төтенше жағдай жарияланды. Бүгінгі Мемлекет басшысының тапсырмасына орай ауданымыз бойынша құрылған штабтың кезекті отырысын өткіздік. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданымыз бойынша барынша сақтық шараларын күшейтуіміз керек. Осы бағытта дайындалған іс шаралар жоспары негізінде штаб отырысында тиісті сала басшыларына нақты тапсырма бердім. Кәсіпкерлерімізге ірі сауда обьектілеріне шектеу қойып, қоғамдық тамақтану орындарында санитарлық эпидемиологиялық талаптарды күшейту керектігін түсіндірдім. Құрметті аудан тұрғындары! Баршаңызға сабырлық танытып, сақтық шараларына немқұрайлы қарамауға шақырамын!».

Сырым аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Ләззат Мұқанова коронавирус туралы бүгінгі ахуалға қатысты былай дейді:

– Сырым ауданы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, ауданымызда коронавирустық инфекция тіркелген жоқ. Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 12.03.2020 жылы №20 Қаулысына сәйкес тұрғындардың көп шоғырланатын және әртүрлі қызмет көрсету нысандарында санитарлық-дезинфекциялық режимді күшейту және  әрбір іс-сапардан соң қоғамдық  көліктерді жуғыш және дезинфекциялық заттарды қолдана отырып өңдеу талап етілді. Сондықтан әрбір азамат денсаулық сақтау министрлігі ұсынған профилактикалық шараларды қатаң ұстанса қауіптілік азаяды.

Елде жарияланған  төтенше жағдайға орай халық көп шоғырланатын, вирус жұғу қаупі жоғары орындардың қызметіне шектеу қойылатыны айтылды.  Біздің ауданда бұл шектеудің қалай іске асып жатқаны жайында Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Аслан Бисенғалиевтен білдік. Ол  Батыс Қазақстан  облысының кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасынан арнайы хат келгенін айтты. Онда Қазақстан Республикасы Президентінің 15 наурыздағы  Төтенше жағдай туралы Жарлығын орындауда ірі сауда орындарының қызметі санитарлық қауіпсіздікті күшейте отырып, сағат 10-нан 18.00-ге дейін шектеу, азық-түлік дүкендері, супермаркеттері мен базарлары жанармай бекеттері, медициналық бұйымдарды сату орындары санитарлық және дезинфекция шараларын күшейтіп, әдеттегіше жұмыс жасай беретіні айтылған. Нан және кондитерлік өнімдерді тек қана қаптамамен сату,  тауар базарларының жұмысын сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін санитарлық және дезинфекция шараларын күшейтілген режимде жүргізу,  кафе, ресторан басқа да қоғамдық тамақтану орындары кешкі сағат 22:00-ге дейін 50-ден аспайтын тұрғындарға қызмет көрсету керектігі жазылыпты.

Бүгінде аудандағы мейрамхана, тойханалар 15 сәуірге дейінгі тапсырыстарынан бас тартқанын айтады А.Бисенғалиев.

Жол бойында орналасқан Аида Нұрмұханова жетекшілік «Жібек жолы» кешені жұмысын 22:00-ге дейін жүргізуде. Мұнда жолаушылар  бір-екеуден, бес-алтаудан келеді екен. «Бұған дейін түріктер, орыстар, басқа да шетелдіктер келетін. Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін тек орыстар ғана келіп жүр. Көліктер автотұраққа қойылып жатыр. Монша жұмысын әзірге тоқтаттық.  Қонақүйде санитарлық-дезинфекциялық шараларға  бұрыннан да жіті көңіл бөлетінбіз. Қазір де тазалыққа аса сақтықпен қараудамыз. Себебі біз үшін қызметкер қыздарымыздың денсаулығы маңыздырақ»,- дейді Аида Баянбекқызы.

Аслан Бисенғалиевтың айтуынша, Рафик Камалиевтың «М-32» кафесі  де сағат 22:00-ге дейін жасайды. Ал «Алашорда» қонақүйі жұмысын әдеттегіше жалғасуда. Себебі мұнда қонатын меймандар саны, күніне бір-екі адамнан аспайды екен. Санитарлық-дезинфекциялық жұмыстар жүйелі жүргізілуде.  

Қазақстанда коронавирус тіркелді деген ақпарат тарағаннан кейін халық арасында толқу, дүрбелең басталып кетті. Халық жаппай азық-түлік сатып алуға көшті. Алда қандай жағдай күтіп тұрғанынан бейхабар халық бір дүкеннен 30, 40, 50 мыңға ауқат сатып алып жатыр. Мұның бәрі азық-түліктің бағасының өсуіне әкеп соқтырды. Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы А.Бисенғалиев бағаның өскенін жоққа шығармайды. Аудан орталығындағы 7 ірі азық-түлік дүкендерінің  бағасын анықтап, шығарылған орташа баға туралы ақпаратты бізге берді. 16 наурыз күнгі баға мен 18 наурыз күнгі бағаны салыстырып қарасақ, өсім бар. Ұн бағасы ған әзірге тұрақты. Бірінші сортты ұнның келісі  137 теңге болған болса, 18-і күні 133 теңгемен тұр. Ал І сұрыпты нан 115 теңгеден 124 теңгеге көтерілген.  Макарон (рожки) 200 теңге болған, қазір 208 теңге.  Қарақұмық  318-ден 322-ге өскен. Картоп  127 теңгеден 156 теңгеге, сәбіз 127 теңгеден 139 теңгеге,  пияз 107 теңгеден 119 теңге болып бағасы артқан. Қырыққабат 105 теңге болған болса, қазір  120 теңге. Қант 210 теңгеден 241 теңгеге өсті.  Күнбағыс майы 395 теңге болған, қазіргі бағасы 399 теңге. Тауық еті 775 теңгеден 830 теңгеге көтерілген. 2, 5 пайзыздық сүттің бағасы 200 теңгеден 220 теңгеге артқан. 2,5 пайыздық айран 285 теңгеден 291 теңгеге өсті. Сары майдың келісі 605 теңгеден 620 теңгеге артты. Жұмыртқаның 10 данасы 290 теңге болған болса, көтерілгендегі орташа бағасы 300 теңге. 5-9 пайыздық ірімшіктің келісі 583 теңгеден 638 теңгеге өсті. А.Бисенғалиевтің мәлімдеуінше, бағаның өсу себебі  - біздің ауданның дүкен иелері қаладан азық-түлік алатын көтерме сауда орындарынан қымбаттатып отыр. Дүкен иелерінің тамақ алатын көтерме сауда орындарымен жұмыс жүргізіліп, не себепті бағаны өсіріп отырғанын анықтап,  облыстық басқармаға тізімі беріледі.

Қоғамдық көліктерге қатысты айтсақ, біздегі қоғамдық көліктер санатында тұрғындарды Орал қаласына таситын таксилер бар. Оның халық үшін қауіпсіз екеніне кім кепіл бола алады? Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейрам Қайырғалиев біздің ауданның қоғамдық көліктері – таксилерді зарарсыздандыру қажеттігі жөнінде жергілікті атқарушы орган  ретінде түсіндіру ғана құзырында екенін алға тартады.  Орал қаласына қатынайтын таксилерді дезинфекциялануын МАИ  мен аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы жауапты дейді. Сырым аудандық полиция бөлімінің  ӘПБ бастығы, полиция капитаны Бақытжан Казахстановтан сұрағанымызда, «Таксилердің зарарсыздандырылғанына жауап беретін бірден-бір мекеме – аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы»,- деді. Ал Сырым аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Ләззат Мұқанованың сөзі төмендегіше: «Дезинфекцияны әркім өзі жасауға міндетті. Дезинфекция жасайтын препараттар дәріханаларда сатылады. Егер, арнайы келісімшартқа отырып жасаймыз десе,  дезинфекция орталығына келіп жолығуларына болады. Зарарсыздандыру жұмыстарын МАИ қадағалап, жасамаса, шарасын алуы керек» ,- дейді.

«Сырым» таксиінің иесі Бейбіт Тахамбетовтың айтуынша, такси жүргізушілерінің қолдарына төтенше жағдайға қатысты көлік қызметі туралы қаулы беріліп, түсінік жұмыстары жүргізілді. Оларға көлікті күніне 3 мезгіл жуып, зарарсыздандырып отыру тапсырылды. Дезинфекция құралдарын өздерінің қаражатына сатып алады.

«Сырым» таксиінде 30 такси болса, олардың бәрі бірдей қалаға қатынаған күнде барып-келуде  240 адамды тасиды екен.  Осынша халықтың саулығына қай мекеме де салғырт қарамауға тиіс.

Президентіміз төтенше жағдайға қатысты шекара жабылатынын айтты. Самара-Шымкент халықаралық тас жолы бойында орналасқан ауданымызға шетелден көліктер келіп жатыр ма, жоқ па? Анығын кім біледі? Бұл жөнінде аудандық полиция бөлімінің  ӘПБ бастығы, полиция капитаны Б.Казахстанов:

 –  Президентіміз шекараны жабылады деді. Бірақ, жабылған-жабылмағанын білмеймін. Төтенше жағдайға орай барлық ОПМ-дарды тоқтатты. Сондықтан, шетелден көліктер кіріп жатыр ма, жоқ па, оған рейд жасай алмаймыз. Армения, Грузия, Ресей мемлекетінің нөмірлерімен жүрген қазақстандық көліктер қаншама? Оның қайсысы біздің, қайсысы шетелдің көлігі екенін білу де қиын. Біздің ауданның үстімен өтетін ауыр жүк көліктері негізінен қазақстандық. Олар Қызылорда, Алматы, Шымкент жаққа баратындар, - дейді.

Коронавирус пандемиясына қатысты дайындық деңгейін білу үшін аудандық ауруханаға да аяқтай бардық. Біздің сұрақтарымызға аудандық аурухананың  бас медбикесі Күлаш Айташова жауап берді.

–  Егер ауданда коронавирус анықталып, тіркелсе немесе вирус жұқтырған адаммен контактіде болған болса, карантинге жабуға 25 кереуеттік орын дайын тұр. Қазір елде жарияланған төтенше жағдайға орай, Алматы, Нұр-Сұлтан, басқа да қалалардағы студенттер үйлеріне келіп жатыр. Соған орай ауылдардағы, аудан орталығындағы медицина қызметкерлері үй-үйді аралауда. Студенттер түгенделіп, есепке алынып, қадағалануда. Бір рет қолданылатын бетперде, тамақ қарайтын шпательдер, қолғаптар, дәрі-дәрмектер, азық-түлік қоры, бір реттік төсек жаймалары, арнайы медициналық киімдер, өкпені оттегімен жабдықтайтын аппараттар да жеткілікті. Халыққа коронавирустан сақтану жолдары, оның белгілері жазылған брошюралар, парақшалар көптеп таратылуда. Медицина қызметкерлері халыққа қолды 20 секунд бойы жақсылап жуу, жөтелгенде  ауызды сулықпен немесе бүгілген шынтақтың ішкі жағымен жабу, жиі-жиі жылы сұйықтық ішу, бөлмені желдету, дымқылдап тазалау керектігін түсіндіруде. Аудандық аурухана директоры Роза Тахамбетова да аяқтай жүріп, келген  адамдармен сөйлесіп, сақтық шараларын жасауға шақыруда. Ауру анықталған қалалардан келген студенттер COVID-19 вирусын жұқтырған адаммен қатынаста болған болса, ол да міндетті түрде  ауырады деген түсінік болмауы тиіс. Коронавирусты әдеттегі ЖРВЖ-мен (ОРВИ) шатастырып, үрейленуге де болмайды. Алайда  қандай да бір ауру белгілері болып, қызу, әлсіздік, мұрын бітуі байқалып, адам өзін жайсыз сезінгенде, ауруханаға келмей, дәрігерді үйіне шақырта алады. Инфекционист-дәрігер Айгүл Әнесова пандемияға қатысты оқып жатыр. Ол облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында дәрігерлер резервінде тұр. «Сақтансаң – сақтармын» дегендей, сақтық шараларына аса мұқият болған жөн, - дейді Күлаш Ғазезқызы.

Президентіміз халыққа үндеуінде арандату бағытында әлеуметтік желіге ақпарат таратқандар жауапкершілікке тартылатынын айтты. Халықтың алаңдаушылығы артып отырған кезде Whats App әлеуметтік желісінде  көптеп таратылып жатқан хабарламалардың бәріне сене беруге болмайды. Аудан әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы Алмаз Қуанаев тек Tengrinews.kz сайты мен  Батыс Қазақстан облыс әкімінің ресми сайтында жарияланған ақпараттарға ғана жүгінген дұрыс дейді.

Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале