30.05.2022, 13:00
Оқылды: 52

Қос саланың ардагерімен кездесті

Жуырда Қаратөбе аудандық орталықтандырылған кітапханада аудан жастары еңбек жолы көпшілікке өнеге болған белгілі өнер иесі, ардагер ұстаз Бейбіт Сағынғалиевпен кездесті.

 Бейбіт ага

Айтулы шараны жүргізген аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Нұрберген Жоламанов кеш кейіпкері Бейбіт ағаға өміріне серік еткен өнер жолындағы шығармашылық жұмыстарына қатысты бірнеше сауал қойды.

Жерлестеріне кеңінен танымал Бейбіт Есенбайұлы жастайынан өнерге, білімге құштар болыпты. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ән шырқап, әдемі дауысымен, ән орындау шеберлігімен тыңдармандарын баурап алады.

Кездесу барысында қос саланың ардагері Бейбіт Есенбайұлы білім және мәдениет саласында қызмет жасаған кездерін шараға қатысушыларға қызықты етіп әңгімелеп, жастардың қойған сауалдарына жауап берді.

Ағаның зайыбы Сәния Тынымжанова аудан орталығындағы Мұхит орта мектебінде ұзақ жылдар биология пәнінен дәріс берген ардагер ұстаз.

Ұстаздарым Бейбіт аға мен Сәния апа елге сыйлы, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, жерлестерінің ықыласына бөленіп жүрген өзгеге үлгі аға ұрпақ өкілдері. Олар отбасының тәрбиесін көріп, бойына сіңіріп өскен ұл-қыздарының, немере-жиендерінің қызығын көріп отырған еңбекқор жандар.

Бейбіт ага 1

Ағамыз домбыраны қолына алып, күмбірлете күй орындап, сал Мұхит пен Ғарекеңнің әндерін және «Ақ бантик» әнін орындады.

Мерей Амангелдиевтің  «Өнер жолындағы жарыстарда қазылар тарапынан әділдік бола ма? Өзіңіз қазылық еткен сәттерде  адал бағалау  болды ма?» деген сауалына, Бейбіт Есенбайұлы «Қазылық жасаған сәттерде өз тарапымнан әділ қазылық жасадым» деп жауап қатты.

Ағамыз  жастарға мәдениет саласында еңбек еткен кездерінде сонау Мәскеуге көркемөнерпаздарға түрлі арнайы киімдер тіктіруге барған сәті турасында қызықты етіп әңгімелеп берді. Сонымен қатар өнер жолында  өзімен бірге абыройлы қызмет атқарған әріптестері туралы сыр шертті.

Осыдан біраз жыл бұрын белгілі ақын, журналист, өлкетанушы болған әріптес аға Қайыржан Төлегенұлы терезеден қарап тұрып, Бейбіт ағаны көрген бір сәтінде «Шіркін, Бейбіт інім сияқты ширақ қадам бассам, «Мәңгі жас Бейбіт»- деп, ылғи жүзі күлімдеп, көтеріңкі көңілде жүретін інісіне ризашылық сөзін айтқаны бар.

Әр кез көңілді күйде жүретін адамдар қартаймайды деген сөз осы да болса керек. Ағамыз жан-жақты, өзі айтқандай барлығына үлгеріп жатады. Кітап оқып, немере тәрбиелейді. Спортпен де шұғылданады. Еңбекке де құштар ел ағасы.

Кездесуге қатысқан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Набиоллаұлы ағаның өнер жолындағы еңбегіне зор ықылас танытып, арнайы сыйлығын табыстады.

Кеш соңында Бейбіт аға ауыл жастарымен бірге жерлес әнші Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» әнін орындады.

 

Ерболат Райсов,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале