28.09.2022, 19:58
Оқылды: 217

Қос жүлде Көгерісте немесе Айшуақ су жаңа "көлік" мінді 

Бүгін Сырым ауданында қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен, батыр Сырым Датұлының туғанына 280 жыл толуына орай «Дала кемеңгері» І облыстық байқауы өтті.​

image-28-09-22-07-37-7

Байқау күні кеше ғана тұсауы кесілген Ж.Тілековтың «Сырым батыр» дастанын жатқа айту мен С.Датұлының шешендік сөздерін жатқа айту секілді екі бөлімге бөлінді.

Сөз додасының ашылу салтанатында Жәрдем Тілековтің немере інісі Сағынғали Айтанов бата-батиқасын беріп, сәттілік тіледі.

Сырым ауданындағы мектеп оқушыларынан бөлек өзге де аудандардан 28 оқушы қатысты.

image-28-09-22-07-37-5

«Сырым батыр» дастанын жатқа оқыған жас өрендерге аудандық «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің жауапты хатшысы, жәрдемтанушы Мүсірбек Айташев, облыстық тарихи-өлкетану музейі қор бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Мұхтар Өтесов, «AMANAT» партиясы Сырым аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Дарғожиев қазылық етті.

image-28-09-22-07-37-3

Ал, Сырым Датұлының шешендік сөздерін жатқа айту бөлімінде жас сөз шеберлеріне облыстық білім басқармасының облыстық білім беруді дамыту орталығының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері Альбена Қуатова, аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының «Сырым ұрпақтары» дебат үйірмесінің жетекшісі Мейірбек Жампозов, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдіскері Раушан Мұхамбетқалиева өздерінің әділ бағасын берді.

​Жырды жатқа оқуда жаңылмай ІІІ орынды ақжайықтық Сәнім Жора, ІІ орынды теректілік Мансур Мұрадым иеленсе, сырымдық Айшуақ Өмір І орынға лайық деп танылып, су жаңа «көлік» мінді.

image-28-09-22-07-37-9

Сөздің майын тамызып, Сырым батырдың шешендік сөздерін жатқа соққан, бірнеше образды сомдай білген қаратөбелік Жангүлім Берікқызы ІІІ орынды қанағат тұтса, жаңақалалық Мұхаммед-Әли Боранбай ІІ орынды, мықтылар ішінен суырылып шығып сырымдық Рюксан Хусайн І орын еншілеп жаңа телефон иеленді.

image-28-09-22-07-37-6

Жүлдегерлер скутер, планшет, смарт сағаттарға ие болса,​ алғысхат алған қатысушылар да бағалы сыйлықтарға ие болды.

Сайыс соңында Сырым аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева аудан әкімдігі мен жерлестер атынан ерекше ризашылығын білдірді.

​Айжан Бауыржанқызы, 

Сырым ауданы

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале