Бәйтерек ауданында “Менің жүрегім - Көшім” арт-нысаны ашылып, оқушы балалар арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылды. Сондай-ақ құрбан шалынып, жастардың ауылға тарту еткен киіз үйінде мерекеге орай дастархан жайылды.

Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған Көшім ауылдық округінің әкімі Ауған Алмурзин жиналған жұртшылықты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, жастардың игі істеріне ризашалығын білдіріп, осынау игі істі ұйымдастыруда белсенділік танытқандарға Алғыс хат табыстады. Енді мұнда жастар аллеясы бой көтеретінін де жеткізді. Көшімдік жастар енді бұл іске дайындық жасауда.

-Жыл сайын Наурыз мерекесін тойлаған кезде киіз үй таба алмай қиналатын едік. “Бізге киіз керек еді, бере тұрасыз ба?” деп көрші ауылға көзімізді тігіп, не қаладан жалға алып әуре-сарсаңға түсетінбіз. Енді бұл қиындықтың бәрі артта қалып жатқанына қуаныштымыз. Мына су жаңа ақшаңқан киіз үйімізде жайылатын ақ дастарханда баталы сөз айтылсын, сол сөзді ұғатын аталы ұлдарымыз көп болсын, - деді Көшім орта мектептің директоры Нәсіп Есенғалиева.

Осынау игі істің басы-қасында жүрген Мейрам Бақтығұловтың айтуынша, аталмыш іс-шараға дайындықты ауылдың үш жігіті, яғни Ержан Аманғалиев, Тимур Бекбаев және өзі Наурыз мерекесінде бастаған. Соған орай вацап желісінде “Көшім жастары” чаты құрылды.
“Бірінші мақсатымыз киіз үй алу болды, - дейді ол. - Соған орай Алматы облысына сапалы киіз үйге тапсырыс бердік. Сыртына жабатын қалың, жауын-шашын өткізбейтін матаны Қытайдан алдырдық. Киіз үйдің жалпы құны, жеткізілуімен қосқанда 750 мың теңгеге шықты. Одан соң “Менің жүрегім - Көшім” туындысын жасаттық. Оған да 750 мың теңгедей қаржы кетті. Құрбан шалуға деп төрт қой, спорттық сайысқа, соның ішінде балалардың көтеруі үшін шыбыш пен ешкі малдарын сатып алдық. 200 шақты адамға арнап дастархан жайдық. Ауыл жастарының ұйымшылыдығының арқасында Құрбан айт мерекесін жоғары деңгейде атап өттік. Бұйыртса, бұл іс алдағы уақытта да жалғасын табады деп ойлаймыз”.

Іс-шара барысында ауылдағы балаларға арнап жергілікті кәсіпкерлер 400 дана балмұздақ пен тәттілер таратты.

Айта кету керек, аудан орталығынан 47 шарқырым қашықтықта орналасқан Көшім ауылдық округында 6 елді мекен болса, онда 4353 тұрғын бар.Соның жартысынан көбі (2200) осы ауылда тұрады.

Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы