6.07.2022, 16:45
Оқылды: 62

Құрбан айт - құтты мереке!

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Қазіргі уақытта Құрбан айт мейрамы әлемдік және мемлекеттік деңгейдегі мәртебесі биік мереке ретінде аталып өтеді. Ал елімізде Құрбан Айт мейрамы жылдан-жылға бұқаралық сипатта, халықтың белсенді атсалысуымен үлкен деңгейде өткізіліп келеді. Барлық мұсылман жұрты асыға күтетін осы бір қасиетті мейрам күні таң ата еліміздің барлық өңірлеріндегі мешіттерде Құрбан айт намазын оқумен басталады.InShot_20220705_151409279
Ислам дінінің басты мерекесінің тарихы сонау бағзы заманнан бастау алады. Алланың бұйрығы бойынша Ибраһим Пайғамбар (Оған Алланың сәлемі болсын) өзінің сүйікті ұлы Исмаилды құрбандыққа шалуы керек болады. Әкесі мен баласы Жаратушының бұйрығына қарсы келмей, бағынды. Сынақтан сүрінбей өткен әкесі мен баласының тақуалығына, адалдығына Алла риза болып, Өз құзырынан ерекше сый – құрбандық орнына көктен қошқар түсіреді. Демек, Құрбан Айт күні исі қазақ баласының сауап жасауға талпынуының түп негізі – Аллаға деген құлшылық, жақындық, сондай-ақ, баланың ата-анаға деген құрметі, жақсылығы. Содан бері игі дәстүр болып жалғасын табуда.

Айт уақыты

Құрбан айт мейрамын тойлауды Айт намазын оқудан бастаған жөн. Себебі, Айт намазын оқу әрбір мұсылманға уәжіп (міндет). Алла Тағала Құран Кәрімде Пайғамбарымызға (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «(Әй, Мұхаммед!) Раббыңның (разылығы) үшін, намаз оқып, құрбандық шал!» («Әл-Кәусар сүресі, 2-аят) – деп, әмір еткен.
Бұл жөнінде әл-Бәрә ибн Азиб риуаят еткен хадисте: «Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын (үйге) қайтып келіп, құрбанымызды шалу...», – деп, айт күнгі ең маңызды істі баяндаған. Ал намазға дейін жақсылап ғұсыл құйынып (денені толықтай жуу), сонан соң әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына барудың сауапты іс екені исі мұсылманға мәлім.

Шынайы ниет

Құрбан шалу жалпыға бірдей парыз емес. Себебі Ислам діні ондай күштеу мен мәжбүрлеуден мүлдем ада. Олай болса, Құрбан шалу – ең бірінші балиғат жасқа толған, дәулеті асып-тасымаса да негізгі қажеттерден тыс, нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болған мұсылманға міндет (уәжіп). Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе осы құнға тең келетін ақшамен есептеледі. Яғни, 85 грамм алтын сатып алуға жағдайы жететін кісілер ғана құрбан шалуға міндетті. Демек тапқаны күнделікті қажеттерінен артылмайтын, сондай-ақ сапарда жүрген кісіге құрбан шалу шарт емес. Және айта кететін негізгі шарт, Құрбан шалған уақытта міндетті түрде құрбан шалушы ниет ету керек. Өйткені, құрбандық малы тек қана етін пайдалану үшін ғана емес, ең бастысы ол құрбандықты Алла разылығы үшін, Жаратушыға шын ниетті көрсету үшін шалынады. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық...» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.

Құрбандыққа қандай малдар жарамды?

Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малы жарайды. Алайда олардың жасына қатысты белгілі бір өлшем бар. Нақты айтсақ, қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр – екі жасар, түйе – бес жасар болуы керек. Бірақ егер алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. Ескерте кету керек, елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қаз, үйрек сияқты құстар құрбандыққа жарамайды.

Құрбандық етін, терісін қалай таратамыз?

Шалынған құрбан малын үшке бөліп, бір бөлігі туған-туыстарға, екінші бөлігі кедей, мұқтаж жандарға, үшінші бөлігі отбасына қалдырылады. Шалынған малды түгелдей мұқтаж жандарға таратуға да болады. Ал егер, біреу жағдайы жоқ адамның немесе жақын туысының атынан шалып жатса үлкен сауапқа кенелетіні анық. Ескеретін жайт, құрбандық шалған адамға құрбандық малының терісін қолдануына рұқсат етілмейді. Тіпті ақшасын садақа етуді көздесе де оны сатуға болмайды. Сондай-ақ, теріні қасаптың қолақысы ретінде де беруіне жол жоқ. Құрбан малының терісі тек қана мұқтаж жандарға садақа ретінде берілуі тиіс. Ол жөнінде хадисте Хазіреті Әли: «Алланың Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ... бізге терісі мен бас бауларын садақа етіп беруді, оны қасаптың қолақысына бермеуді бұйырды», – деген.
Ескере кететін жәйт; Құрбандығымыз Алланың алдында қабыл болуы үшін шалынғалы жатқан құрбандыққа барынша құрмет көрсетуіміз керек. Мал шалатын орынның таза болмауы, малдың көзінше пышақ қайрау, өтпейтін пышақты қолдану сияқты амалдардан сақтанғанымыз жөн.

Айт күні қандай амалдар жасаған жөн?

Айт мейрамында ең бірінші ата-анаға жақсылық жасаған жөн. Халқымыз ата-ана мәртебесін жоғары дәрежеге көтерген. Қасиетті Құранда Алла: «Раббың өзіне ғана ғибадат етулерің мен әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе «түһ» деме! Сондай-ақ, ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле» деп бұйырды (Исра сүресі, 23 аят).
Құрбан Айт мерекесінің қоғамдық маңызы өте үлкен. Ол туыстық қарым-қатынастарды нығайтып, жақындастырады, мұсылмандардың бір-біріне деген сүйіспеншілік, сыйластық, өзара құрмет сезімдерін арттыруға септігін тигізеді, отбасында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын дәстүрлерді жаңғыртып, өскелең ұрпаққа ұлағатты ғибрат береді. Айт намазынан кейін мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғандарын аралап, «Айт қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бір-бірін құттықтайды. Мереке күндері көтеріңкі көңіл-күйде, мейірбан, кешірімді болуға тырысу керек. Араздасып қалған кісілер болса, қайта табысып, бір-біріне мейлінше кешірімді болғаны жөн. Бұл күні науқас жандардың көңілін сұрау, жетім-жесір, мұқтаж жандарға қол ұшын беру, қолдан келгенше көмектесу өте сауапты іске жатады. Қабірлерді зиярат етіп, өмірден өткендерімізге Құран бағыштау да үлкен сауап. Балаларымызға барынша шағын ойын-сауықтар ұйымдастырып, келесі Айтты асыға күтетіндей, естерінде қаларлықтай қызықты өткізген абзал. Сондай-ақ, әке-шешемізге, отбасымыздағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарымызға мүмкіндігінше кішігірім болса да сый-сияпат жасап, Құрбан айт мейрамын ерекше өткізсек мұсылманшылығымыздың жарқын көрінісі болары хақ.
Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Еліміз тыныш, жеріміз аман болсын. Келесі құрбан айтқа амандықта, саулықта жетуді нәсіп етсін.

Жомарт Лұқпанов, Жаңақала аудандық мешітінің бас имамы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале