Өңір өркениетінің сардары
2 Желтоқсан 2022

Өңір өркениетінің сардары

Оралда жезөкшелікпен айналысу үшін притондар қызметін ұйымдастырған екі тұрғын ұсталды
2 Желтоқсан 2022

Оралда жезөкшелікпен айналысу үшін притондар қызметін ұйымдастырған екі тұрғын ұсталды

Қаратөбе ауданында футзалдан жарыс өтті
2 Желтоқсан 2022

Қаратөбе ауданында футзалдан жарыс өтті

Жаңақала ауданында TopIQ.kz платформасын таныстыру семинары өтті
2 Желтоқсан 2022

Жаңақала ауданында TopIQ.kz платформасын таныстыру семинары өтті

Қаратөбеде кемеңгер қаламгерді еске алу кеші өтті
2 Желтоқсан 2022

Қаратөбеде кемеңгер қаламгерді еске алу кеші өтті

«Ер есімі – ел есінде»
2 Желтоқсан 2022

«Ер есімі – ел есінде»

Құрғақ уәде ауыз кептірмесе игі

Таяуда Казталов ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық мәслихаттың бюджет, экономика және инфрақұрылымды дамыту мәселелері мен білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияларының кеңейтілген бірлескен отырысы өтті.

7

Жиынға аудан әкімі Рүстем Зұлқашев, аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев, облыстық басқарма басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары, округ әкімдері, комиссия мүшелері, қоғамдық кеңес мүшелері мен білім ордаларының құрылысына жауапты мердігерлер қатысты.

Кеңейтілген отырыстың күн тәртібінде Казталов ауылындағы А.Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектептің, Жұлдыз ауылындағы А.Құсайынов атындағы орта жалпы білім беретін мектептің, Сарықұдық негізгі жалпы білім беретін мектебі құрылысының ағымдағы жағдайы және Казталов мектеп-лицейінің күрделі жөндеу барысы туралы мәселелер қаралды.

Келелі жиында аудан әкімінің орынбасары Қадер Нұрғалиев, БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев, «ГрадСтройСервис» ЖШС директоры Бейбарыс Қасымов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Жангереева мінберден табылып, аталған мәселелерге қатысты баяндама жасады.

– А.Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектеп пен Сарықұдық негізгі жалпы білім беретін мектебі жылдың аяғына дейін пайдалануға берілетін болса, А.Құсайынов атындағы орта жалпы білім беретін мектеп келесі жылы іске қосылады деп сеніммен айта аламын. А.Оразбаева мектебі бойынша құрылысқа 60 адамнан көп жұмысшы тартылды. 2021 жылы белгілі себепке байланысты жұмыс тұралады. Мәселе шешіліп, мердігерге 600 млн. теңге қаражат бөлінді. Жыл аяғына дейін А.Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектепті пайдалануға береміз деген жоспар бар.

Құрылысы 2020 жылдан басталған екі білім ордасы бар. Олар: Сарықұдық негізгі жалпы білім беретін мектебі мен Жұлдыз ауылындағы А.Құсайынов атындағы орта жалпы білім беретін мектеп. Сарықұдық мектебі құрылысының 90 пайызы аяқталып отыр. Қазіргі таңда спорт залының құрылысы мен абаттандыру жұмысы жүргізілуде. Спорт залы бойынша сэндвич панельдерінің мәселесі оң шешімін тауып, мердігерге 12 млн. теңге төленді. Жоспар бойынша бұл мектептің құрылысы қазан айының соңына дейін аяқталады. Жұлдыз ауылындағы А.Құсайынов атындағы орта жалпы білім беретін мектеп құрылысын да жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланғанымен, жауапты мердігер «Алауқұрылыс» ЖШС тиісті қаражатты алып, жұмысын жүргізбеді. Өз тарапымыздан Атырау облыстық полиция департаментіне мердігердің үстінен шағым түсірдік. Ақша кері қайтарылды. Қазіргі уақытта мердігермен келісімшартты бұзып, сотқа бердік. Мектеп құрылысын жүргізуге тендер ойнатылып, мердігер анықталуда. Жоспарға сәйкес мектеп қабырғасын тұрғызып, ішкі жұмысын аяқтап, балалардың білім алуына жағдай жасаймыз деген сенімдеміз. Ал абаттандыру келесі жылдың еншісіне қалады, – деді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев.

Ол өз сөзінде 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің де ахуалын тілге тиек етті. Сала басшысының сөзіне сенсек, «сақалды» құрылыс бойынша сараптама тағайындалып, қазан айының басына дейін қорытындысы мәлім болып, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» қазанның соңына дейін конкурс жариялайды. Дәлірек айтар болсақ, 2023 жылы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасын табады.

«Аудан орталығындағы А.Оразбаева атындағы мектептің құрылысы баяу жүріп жатыр. Жыл соңына дейін аяқталмау қаупі бар», – деген аудан әкімі орынбасары Зәйлім Мажитованың сөзіне басқарма басшысы: «Маманымды алып келдім, қадағалайды, жылдың соңына дейін үлгертеміз», – деді.

Алайда «Асығамыз деп олқылыққа жол беріп алмаймыз ба?» деген сауал көкейде қала берді. Ал депутаттар тұралап қалған құрылыстың мердігерлерін жауапкершілікке тарту керектігін алға тартып, сауал жолдады.

– Бізге халықтың қояр сауалы анық. Елмен кездескенімізде ауыз аштырмастан қояр сауалдары – мектептердің құрылыс жұмысы. Бұл туралы жергілікті, облыстық басылымдар беттерінде мақалалар жарық көріп, бірнеше кездесу ұйымдастырылды. Нәтиже жоқ. Халық құрғақ уәдеге тойды. Мәселен, 600 орындық мектептің құрылысы биыл аяқталмайтынына толық негіз бар. Себебі сырты бүтінделгенімен, ішкі жұмысы менмұндалап тұр. Жұмысшы санының жеткіліксіздігі де жұмыстың тұралауына сеп.

Казталов мектеп-лицейінің ахуалы айтпасақ та түсінікті. Неге біздің балаларымыз апаталды деп танылған мектепте, әртүрлі мекемеде білім алып, ұстаздарымыз бір ғимараттан екінші ғимаратқа тентіреп жүруі керек? Бақылау қайда? Мердігерлер неге жауапкершілікке тартылмайды? Егер мектеп құрылысы белгіленген мерзімде аяқталмайтын болса, Мемлекет басшысына хат жолдаймыз, – деген депутаттық корпустың жанайқайына Әлібек Сайынұлы: «Аудан орталығындағы қос мектептің мердігерлері құрылыс жұмысын мерзімінен кешіктірген жағдайда тиісті шара қолға алынады», – деп жауап берді. Ал құрылыс сапасы бақылауда болады деп сендірді.

Қоғамдық кеңес мүшелері де мәселені назардан тыс қалдырмай, үнемі бақылауда ұстайтындарын жеткізді.

– Зер салып қарар болсақ, қазіргі уақытта бірде-бір нысан құрылысы уақытында аяқталып отырған жоқ. Бұған пандемия мен экономикадағы тұрақсыздық себеп болар. Мердігерлер түрлі себепті алға тартса да, табиғаттың тосынсыйына қарсы келе алмасымыз анық. Мысал ретінде Казталов мектеп-лицейінің күрделі жөндеуін алып қараңыз. Сол баяғы «Байқожаның таяғы». «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деп айтып, жазып, шырылдағанымыз сол еді, жаңбыр жауып, төбесі жабылмаған мектепте атқарылған ішкі жұмыстар еш кетіп, қалыпқа келтіруді қажет етіп отыр. Бұдан бөлек өзге мектептер құрылысының да тұралауы бұл жерде гәп бар екенін аңғартады. Ашығын айтсам, құрылыс барысында жемқорлық бар деген пікір туады. Қазіргі уақытта бір күндік фирмалар қатары артты. Осы тұста мемлекеттік сатып алу, конкурстық рәсімдерді өткізудің тиімсіздігін ескере отырып, мердігердің бір өңірден бірнеше объект алуына шектеу қою, құрылыс қаржысына конкурс өткізу мен құрылысты жүргізуде бірыңғай жауапты тұлғаны белгілеу жөнінде заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынғымыз келеді. Мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиімсіздігін Мемлекет басшысы 1 қыркүйекте жариялаған Жолдауында да атап өтті. Қоғамдық кеңес мүшелері мектептердің құрылысын бақылауда ұстап, қажет болған жағдайда атқарушы билікке өз ұсынысымызды жеткіземіз, – деді аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Сисенғали Нығметов.

8

Казталов мектеп-лицейінің күрделі жөндеу жұмысы да халық сынына ұшырады. Жауапты мердігер өз жауапкершілігін сезініп, жиынға қатысып, мінберден сөз алып, халық көкейіндегі сауалдарды негізге алып мәлімдеме жасады.

– Мектептің күрделі жөндеу жұмысына тартылған жұмысшыларды құрылысшылар деп есептемеймін. Себебі нақты білімі жоқ. Казталов ауданындағы мектеп құрылысы компания тарихында бірінші рет дау туғызған мәселе болып отыр. Мектеп құрылысында құрал-жабдықты немесе бөлінген қаражатты қалтаға басып отырған жоқпыз. Техникалық қадағалаушы компания өкілдері құрылысты үнемі бақылауда. Жұмыстың кешеуілдеуіне әуел баста қаржы мәселесі кедергі болды. Мұны тапсырыс беруші де анық біледі. Тұрғындардың сауалына тоқталар болсам, төбе мәселесіне қатысты тапсырыс берушімен сапалы ағаштарын қалдырып, содан үнемделген қаржыға мектептің өзге жұмысын жүргізу туралы ауызша келісім болды. Осы келісім күшіне енген соң тапсырыс беруші толық ауыстыру қажет екенін алға тартты. Сол себепті төбені жабу кешеуілдеді. Жаңбыр суынан зардап шеккен орындарды қайта жөндеп, қалыпқа келтіреміз. Күрделі жөндеуді аяқтаған соң 1 желтоқсанда қабылдауға тапсырыс берушімен бірге депутаттарды, қоғамдық кеңес мүшелерін қатысуға шақырамын. Кемшілік кеткен жағдайда орнын толтырамын. Берілген бес жыл кепілдік мерзімінде мектепті жөндеуде қателіктер орын алса, қайта жөндеуге уәде беремін, – деді «ГрадСтройСервис» ЖШС директоры Бейбарыс Қасымов. Бейбарыс мырзаның «Нысанды уақытында тапсырамын» деген уәдесін аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Жангереева жоққа шығарып, «Жұмыстың уақтылы аяқталмау және қаражаттың игерілмеу қаупі жоғары» екенін атап өтті.

– Аудан орталығында орналасқан Казталов мектеп-лицейі бойынша құрылыс-монтаждау жұмысына бөлінген қаражат сомасы 315 132 000 теңге. Биылғы мамыр айында 94 539 600 теңге алдын ала төлем жасалды. Бес ай ішінде мердігер «ГрадСтрой Сервис» ЖШС жалпы сомасы небәрі 133 736 973,31 теңгені құрайтын №1, 2 атқарылған жұмыстардың актілерін ұсынды. Оның ішінен 40 121 091,99 теңге алдын ала төлем ұсталып, 93 615 881,32 теңге қаражат аударылды. Яғни бес ай ішінде құрылыс-монтаждау жұмысына бөлінген қаражаттың 42 пайызы ғана игеріліп отыр. Күрделі жөндеуді аяқтау мерзімі – 08.12.2022 жыл, яғни жобаның аяқталуына үш айдан аз уақыт қалды. Қазіргі таңда құрылыс өндірістік кестеде көрсетілген мерзімнен кешіктіріліп келе жатыр. Осыған байланысты жұмыстың уақтылы аяқталмау және қаражаттың игерілмеу қаупі жоғары. Туындап отырған мәселеге байланысты сегіз мәрте техникалық кеңес өткізілді. Техникалық кеңестің хаттамаларына енгізілген облыстық білім басқармасының, аудан әкімдігінің, техникалық қадағалау қызметінің сын-ескертпелері, анықталған кемшіліктер күні бүгінге орындалмай отыр. 16 қыркүйек күні білім беру бөлімінің ұсынысы негізінде ауылдық округ әкімдігінде жергілікті қауымдастық, кеңес мүшелерін жинап, күрделі жөндеу жұмысы мәселесі қоғам өкілдері, жергілікті атқарушы орган, мердігер, техникалық қадағалау қызметімен талқыланып, ғимарат зерделенді. Ғимаратты толық аралаған кезде жағдайды көзбен көріп, жұмыс уақтылы аяқталмаған болса, қаражатты кері қайтару туралы ұсыныс берілді. Көтерілген мәселені өзекті деп есептей отырып, жобаның нәтижелі аяқталуына тиісті шаралар қабылдау үшін мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына (үш мәрте), білім басқармасына (үшмәрте), аудан әкімдігіне (үш мәрте) хаттар және мердігерге (жеті мәрте) ескерту түріндегі хаттар жолданды, – деді Самал Қанапияқызы.

Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, Казталов мектеп-лицейінің шатыры, яғни бастауыш сыныптар блогы жабылып, өзге екі блок әлі де ашық күйде. Қабырғалары мен төбелердің ішкі әрлеуі аяқталғанымен, жаңбыр суы салдарынан атқарылған жұмыс зая кетіп, бүлінді. Қайта қалпына келтіру басталмаған. Барлық қабат еденінің жөндеуі толық аяқталып, терезелер орнатылды. Желдету, кәріз, жылыту жүйелері жүргізілуде, алайда радиаторлар орнатылмаған. Сонымен қатар ішкі электрмен жарықтандыру 45 пайызға жүргізілді (сыртқы электрмен жарықтандыру басталған жоқ), жертөледе кәріз құбырларын орнату және сумен жабдықтау жұмысы жүргізіліп жатыр. Ал табиғаттың тосынсыйынан кейінгі қалпына келтіру жұмысы қашан басталатыны әзірге белгісіз. Десек те мердігер жұмыс уақытында аяқталады деген уәдесін берді.

Жиында халық сөзін мінбердегілерге жеткізген депутаттар сөзінің де жаны бар. Халық көңілінде қорқыныш бар. Өйткені А.Оразбаева мектебінің ескі ғимараты апаттық жағдайда, ал Казталов мектеп-лицейінің шәкірттері мен ұстаздары ауылдың анау басынан мына басына тентіреп жүргенін көргенде елең етпес жан болмас, сірә?! Әйтсе де жиында маңызды мәселе талқыға түсті. Құрғақ уәде ауыз кептірмесе игі. Жан-жақты сарапталған жиынның қорытындысы бойынша бюджет, экономика және инфрақұрылымды дамыту мәселелері мен білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялар тиісті қаулы қабылдады. Әліптің артын бақпақ керек...

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале