16.06.2022, 18:22
Оқылды: 47

Құрылыс жұмыстарын жеделдету керек

Бүгін «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Сарықұдық, А.Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебі мен А.Құсайынов атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің құрылыс жұмыстарының жүргізілу барысымен танысты.

2CFE6987-66AA-4B16-A070-6AE8A6AF0C65

Комиссия мүшелері құрылысқа жауапты участок басшылары және құрылысшылармен кездесіп, мәселелеріне құлақ түріп, құрылыс жұмыстарын жеделдету керектігін атап өтті.

- Білім ордаларының құрылыс жұмыстары өз уақытында аяқталуы тиіс. Бұл халықтың қалауы екендігін өздеріңізде жақсы білесіздер. Бүгін түйткілді мәселе болса шешімін табуға ықпал ету мақсатында өздеріңізбен жүздесіп отырмыз. Қаржы уақытында бөлініп, құрылыс жабдықтары мерзімінен кешікпей жеткізілсе жұмысты жеделдету керек. Ауыл оқушылары сапалы, заманауи білім ордасында білім алса саладағы көрсеткішіміздіңде артары сөзсіз. Біз халыққа, соның ішінде балаларға қолайлы орта қалыптастырып, сапалы білім алуына жағдай жасауымыз керек. Өз кезегінде мемлекет тарапынан да қолдау артып отыр. Сондықтан, халық үніне құлақ асып, сұраныстары мен пікірлерін ескеріп, назарға алып, жұмыстанамыз. Ал, Сарықұдық және Жұлдыз ауылының тұрғындарының күн тәртібіндегі басты мәселелерінің бірі мектеп құрылыстарының аяқталуы. Бұл партияның тікелей бақылауында, - деді Ерболат Мұратқалиұлы.

ED2BC345-FAB6-4EE4-AA8D-840E74CF139A

Талдыапан ауылдық округіне қарасты Сарықұдық ауылындағы білім ордасының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мектептің ішкі және сыртқы жұмыстарын 10 азамат атқарып жатыр. Қазіргі таңда абаттандыру жұмыстары, спорт залдың құрылыс жұмыстары мен мектеп ғимаратының ішкі жұмыстары жүргізілуде. Жұлдыз ауылындағы А.Құсайынов атындағы мектептің құрылыс жұмыстарына тоқталар болсақ, тұрғындар наразылығын тудырған құрылыста сең бар. Нысанның іргесі қаланып, жер қазу жұмыстары жүргізілуде. Аудандық мәслихат депутаты жергілікті тұрғындармен де кездесіп, жұмыс күшін арттыру керектігін атап өтіп, бірге жұмыстануға шақырды. Сонымен қатар, құрылыс басқармасы жұмыскерлерге айлықтың уақытылы төленуін бақылауда ұстайтынын жеткізді. Ал, аудан орталығындағы тұралап қалған А.Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектептің құрылысы қайта жанданды. Үш білім ордасы да ағымдағы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале