17.04.2024, 11:00
Оқылды: 43

Құстарға ұя жасауды ұмытпайық

Табиғаттың ең шуақты мезгілі келген соң бәйтеректік оқушылар құстарға ұя жасап, табиғаттың көркі саналатын жаратылыс иелеріне құрмет көрсетті. Мәселен, таяуда Дариян ауылындағы Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының жоғарғы сынып оқушылары технология пәнінің мұғалімі Мирболат Исмағұловпен бірге 15 ұя жасап, мектеп ауласы мен саябақтағы теректерге ілді.

IMG-20240416-WA0093

Аталмыш білім ұясының география пәнінің мұғалімі Амангүл Ержанованың сөзіне қарағанда, оқушыларының құстарды қамқорлыққа алғанына біраз жыл болды. Әр көктем мен күзде ұя жасап, қыста оларға арналған түрлі акциялар аясында қорек беріп отырады. «Құстардың табиғатқа тигізер пайдасы мол, - дейді Амангүл Ержанова. - Жыл құстарын туған мекеніне тартып, олардың санын көбейту үшін оқушылармен бірге қолдан ұя жасап, орнатамыз. Сөйтіп, қоршаған ортаны қорғауға, жасыл желекті жайқалтуға өз үлесімізді қосуымыз қажет».

IMG-20240416-WA0092

Бұл істе белсенділік танытатын оқушылардың бірі - Бекет Сұлтанов. Оның айтуынша, оқушылар шеберханада ұя жасап болған соң жіп пен балға-шеге секілді құралдарды пайдаланып, олардың ағаштың бұтақтарының арасына бекітеді. Құстарды жел мен тура түсетін күн сәулесінен қорғау үшін сәл еңкіс орнатады екен. «Құстар – біздің досымыз, оларға ұя жасап, қамқорлық танытуда ұмытпауымыз керек,» деді ол.

Салтанат Зұлқарнаева,

Бәйтерек ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале