16.03.2021, 10:17
Оқылды: 194

Қызметтік көліктер «құпиясы»

Мемлекеттік қызметкер – халықтың адамы деген пікірді құлағымыз жиі шалады. Олардың қызметі мінсіз болу керектігін айтып та, жазып та жүрміз. Мемлекеттік қызметкер дәрігер сыңайлы, оларға қателесуге болмайды. Мінсіздік дегенді осыдан-ақ ұға беріңіз. Алайда халық арасында мемқызметкерге деген сенім азайып барады...

1E9C79D1-D8F0-4A09-BA94-4CA9127C9AD7

Аудандық «Теректі жаңалығы» газеті бетінде осыған дейін «Мемқызметкер мәдениетсіздігі: ақиқат па, аңыз ба?» деген тақырыпта мақала шығып, мінсіз қызмет иелерінің мәдениетсіздігі, одан кейін қарапайым халықтың оларға деген сұранысты тым жоғары қоюы туралы әңгіме өрбіткенбіз. Қарап тұрсаңыз, екі жақтың да пікірі тыңдалды. Бірақ пікірталас бұнымен бітпеген сыңайлы.

Пікірталасты енді бастаушы халықтың тағы бір өкілі - журналистер. Сынға ілігетін тарап өзгерген жоқ. Енді мәдениетсіздікті «жырлап» болсақ, мемқызметкердің қоғамдағы тірлігіне назар аударалықшы. Бұл жолы қатардағы қызметкерлер емес, шен-шекпенділер, яки басшылар тарапы.

Басшыларға берілетін міндет-мақсаттар, арнайы кабинеттерден бөлек, қызметтік көліктер бар. Қызметтік көлік дегеніміз – аты айтып тұрғандай, қызмет бабында ғана пайдаланатын көліктер. Бірақ жағдай шын мәнінде солай ма?

Ауылдық округтерді қозғамаймыз. Олардың мініп жүрген жалғыз «Нива» не болмаса «УАЗ» маркалы автокөліктері «хәл үстінде» десек, жаңылыспаймыз. Бірнеше жыл бойы жөндеу көрмеген көліктермен округ әкімдері сайға да барады, «айға» да барады. Мәселе, аудан орталығындағы бөлімдердің қызметтік көлікті пайдалану этикасына байланысты. Расы керек, қызметтік көлік кешкі сағат 18:00-ден кейін көп назарға ілікпеуі шарт. Әрине, кейде жиындардың ұзаққа созылуы, яки іссапарлардың орын алуы мүмкін. Бірақ күнде емес. Енді аудан орталығынан нендей жағдайларды көзіміз шалады? Таң болса, балабақша не болмаса мектепке қызметтік көліктер ағыла бастайды. Не үшін? Дұрыс, басшылардың ұл-қызын «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» межелі жерге жеткізу үшін. Одан кейін әлгі көлік сол шекпендінің үйіне келіп, әйелі мен өзін жұмысқа тасиды. Кешкісін осы әрекеттер қайталанады: мектеп пен балабақшадан һәм жұмыстан үйге. Бұл жағдай күн сайын, еш өзгеріссіз қайталанатын әрекеттер. Демалыс күндері осы қызметтік көліктер ішіне бала-шағаны толтырып, «Орал, қайдасың?» деп құйғытады кеп.  Рас па? Ешкім өтірікке шығара алмас жағдаят бұл.

Қала берді, таңғы 8:00-де аудан орталығына кеп, кешкі 19:00-де облыс орталығына қарай бет түзейтін қызметтік көліктер бар. Олар Орал қаласында тұратын, бірақ Теректі ауданында қызмет ететін шекпенділер. Енді осындай жайттар қарапайым халықтың шамына тимейді деп ойлайсыздар ма? Осыны көрген тұрғынның мемқызметкерге қандай құрметі қалады? Ойланарлық сауал.

Осыдан бір жыл бұрын аудандық әкімдікте қызметтік көліктерді жұмыс уақыты аяқталысымен гаражға қою мәселесі жіті назарда-тұғын. Тіпті, әр басшы көлікті қойғандығы туралы фото-есеп жолдайтынын естігенбіз. Бірақ осы «дәстүрдің» ғұмыры ұзаққа бармады.

Сонда қызметтік көлікпен отбасын қыдыртып, қаладан ауданға такси қылып жүру  заңға қайшы әрекет емес пе? Жоғарыда айтылған жайттарды көзіміз көріп-көріп бойымыз үйреніп кетті. Ауданға қызмет бабымен келген мемқызметкерге қызметтік баспана беріледі ғой. Жұмысы ауданда, көңілі қалада жүретін қызметкердің ісі алға баса ма? Сұрақтар лек-легімен сананы жаулай бастағасын Теректі ауданы әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Артур Баяхатовқа арнайы бардық.

- Қызметтік көлікті жұмыс барысында ғана, жұмыс уақытында ғана пайдалану керек. Бірақ кейде жұмыс уақытынан тыс жиындар мен іссапарлар орын алып жатса, ол қателікке жатпайды. Мен аудан әкімі аппаратына тиесілі, яғни аудан әкімінің, үш орынбасардың және «кезекші» қызметтік көліктерге ғана жауап бере аламын. Олар жұмыс уақытынан соң арнайы гаражға қойылады. Ал бөлім басшыларының қызметтік көліктері менің ұдайы назарымда бола бермейді. Алайда көліктерді жеке бас пайдасына пайдаланып жатқан әрекеттерді естісем мен лезде басшыларға телефон шалып, болған жайттың дұрыс-бұрысын анықтаймын. Бұл менің Әдеп жөніндегі уәкіл ретіндегі міндетім. Рас, бөлім басшылары жеке мақсатта көлікті пайдаланып жүр дегенді жиі естимін. Бірақ нақты дәлел жоқ. Егер, нақты суреттер не болмаса видео дәлелдемелер болса, біз міндетті түрде шара қабылдаймыз. Осыған дейін, нақтырақ, 2019 жылы ветеринария бөлімінің қызметтік көлігі нақты дәлелдермен ұсталып, бөлім облысқа қарағандықтан біз арнайы хатты облыс орталығына жолдадық. Көлік жүргізушісі мас күйде болған екен,- дейді Артур Мақашұлы.

Сонда жыл бойына тек бір ғана факті болғандай сұқбат берді бізге аппарат басшысы. Онда да мас күйде дейді. Ал отбасымен қыдыру, түрлі мейрамханаларға қызметтік көлікпен бару, балабақшадан ұл-қызыңды тасу еш заңға қайшы еместей. Аппарат басшысының әңгімесінен біз осыны ұқтық.

Шамамен, 2017 жылы еліміз бойынша Әдеп кодексінде белгіленген ережелерді сақтауды күшейту мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен қызметтік көліктерге сенім телефоны көрсетілген арнайы жапсырмаларды жапсыру жаппай белең алған еді. Егер де әкімдіктің және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың қызметтік көліктерін жұмыс уақытынан тыс, яғни түнгі уақыттарда кафе, мейрамхана, кинотеатр, түнгі клуб сияқты кәсіпорындардың маңайынан көзіңіз шалып қалса, бұл жөнінде жапсырмада көрсетілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталықтың сенім телефонына хабарласып немесе WhatsApp желісі арқылы сурет, бейне яки аудио ақпаратты жолдауға мүмкіндік болған. ҚР Мемлекеттік қызмет істері туралы заңға сәйкес, қызметтік тәртіпті бұзушыларға тиісті шаралар қолданылады деп жарыса жазған да едік. Дәл сол жылы қызметтік көлікті өз мақсатына пайдаланған мемқызметкерлер анықталып, жазалана бастады. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында – 9, Маңғыстауда – 4, Ақтөбе облысында 3 факт анықталып, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту шаралары қолданылған екен. Дегенмен, бұл тыныштық алдындағы дауыл болғандай (тіркесті әдейі теріс жеткізіп отырғанымызды ескерерсіздер).

Ондай жапсырмаларды Теректі ауданындағы бөлімдердің бірер қызметтік көліктерінен деп көргенбіз. Бірақ бұл жапсырма ешкімге тоқтау сала алмайтындай. Сол баяғы жеке басты күйттеудің тірлігі.

Сөйтсек, жапсырма жапсыру биыл жаңаша қарқын алған көрінеді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мұрындық болуымен жапсырманың өзге дизайндегі нұсқасы еліміз бойынша тарап жатыр. «Қызметтік көлік – қызметтік мақсатта!» атты акция арқылы «дүниеге келген» арнайы белгіде автокөлік тиесілі мемлекеттік орган туралы мәлімет, сондай-ақ автокөліктің қызметтен тыс пайдаланғанын айғақтайтын фотосурет, видео жолдауға арналған WhatsApp желісіне тіркелген нөмір көрсетілген. Осыдан төрт-бес жыл бұрын жасалған жапсырмадан бүгінгі күннің жапсырмасының тек дизайні өзгеше. Бұндайда «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дейді қазақ. Немесе бұл ұялған тек тұрмастың кебі.

Аудан әкімі аппаратының басшысы Артур Баяхатов «дәлел көрсетілсе шара қолданылады» деді ғой жоғарыда. Олай болса, дәлел жинауға журналистер кіріседі. Мақсат – біреуді жазалау емес, мақсат - заң бәріне ортақ екендігін мінсіз қызмет иелеріне түсіндіру. Сондықтан, қызметтік көліктердің «құпиялары» толық ашылмады, оқырман!

 Әділет Орынбасаров,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале