28.11.2023, 12:15
Оқылды: 39

Қызылша асқынса пневмонияға – өкпенің қабынуына апарып соғады

Жәнібек аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Қызылша - қауіпті инфекция» тақырыбында екпе алудың маңызы түсіндірілген жиын өтті.

msg809220844-11913

Жиынға аталмыш бөлімнің басшысы Ләззат Садирова және бөлім қызметкерлері, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы Іңкәр Хасайынова, аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің басшысы Айбек Ғазезов қатысты.

Іңкәр Жәдігерқызы облыста қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз екендігін және аурушаңдықтың өсуі байқалатынын ескертіп, ауру көбіне қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар арасында тіркеліп жатқандығын баса айтты. Ал екпе алмаудың негізгі себебі ата-аналардың вакцинадан бас тартуы, денсаулықтарына байланысты медициналық қарсы көрсеткіштердің болуынан және баланың егу жасына жетпегендігінен болып отыр.

af53b276-bd07-42ad-b47a-0fb70ae033b9

- Қызылша – бүгінгі күні жылдам дамитын, кең таралған инфекциялық ауру. Ол өте жұқпалы. Жөтелгенде, түшкіргенде, тіпті сөйлегенде ауа арқылы тарайды және сол орында вирус жетпіс екі сағатқа дейін сақталады. Қызылшамен ауырған адамның қасына жақындамай-ақ ауа арқылы жұқтыру қаупі жоғары. Ал бұл аурудан қорғанудың бірден-бір жолы – екпе қабылдау, яғни вакцина. Тек вакцина жасату арқылы қорғана аласыздар. Себебі оның әлі күнге дейін тек біздің елімізде емес, жалпы әлем бойынша емі жоқ. Басты амалымыз – жұқпалы аурудың алдын алу, сақтану. Сол үшін де, әсіресе, балаларға екпе алу керектігін қатаң ескертіп, түсіндірме жұмысын жүргізудеміз. Қазіргі таңда облыста 2023 жылдың басынан қызылшаның зертханалық расталған 251 жағдайы тіркелген болса, Жәнібек ауданында, қуанышымызға орай, бірде-бір жағдай тіркелмеген. Дегенмен вакцина алып, қазірден емі жоқ аурудан сақтануымыз тиіс. Себебі көрші аудандардан, қаладан вирустың адам не ауа арқылы бізге де келуі әбден ықтимал. Екпе алмаған және бұрын қызылшамен ауырмаған адам тез жұқтырады. Егер қызылша асқынса, пневмонияға – өкпенің қабынуына, отитке, энцефалитке, синуситтерге апарып соғады. Жүкті әйелдер қызылшамен ауырса, мерзімінен бұрын босану, түсік тастау қаупі де бар, - деп ескертті Іңкәр Жәдігерқызы.

Сондай-ақ ол бұл аурумен көбінесе балалар ауыратынын, дене қызуының 38-40°C дейін көтерілу, мұрын, көз, тамақ қабыну, теріде бөртпе пайда болу белгілерімен сипатталатынын айтып өтті.

Ауруды анықтау қиындық туғызбайды. Теріде қызылша бөртпелері шықпай тұрып, науқастың қызылшамен ауырған ортада болуы, тамағындағы қабыну, көздің қызаруы, ауыз қуысында ақшыл бөртпелердің пайда болуы диагнозды айғақтайды. Кейін теріде үш күнде біртіндеп шыққан бөртпелер диагнозды толық дәлелдейді. Есте сақтау керек, ауру бөртпенің шығуымен басталмайды. Ол суық тию белгілері сияқты дене қызуы көтерілу, әлсіздік, тәбет тартпау, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағумен басталады. Соңынан коньюктивит секілді көзі қызарып, қабыну пайда болады. Алғашқы белгілері байқалып, шамамен екі-үш күннен кейін ауыз қуысына ұсақ ақшылдау бөртпелер шығады. Шамамен төрт күннен кейін бөртпелер қаптап, көбейіп кетеді. Құлақтың түбінен, маңдайдан бастап денесіне түгелдей тарай бастайды. Бөртпе пайда болып, екі-үш күннен кейін дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы тағы да көтерілуі мүмкін. Бөртпе денеде жеті күн тұрады. Олар жоғалған соң орнында қоңырлау дақтар қалады, екі аптадан соң ғана тері тазарады.

Ауданда жүз жеті баланың сексен екісі екпе алған, ал қалған 25 баланың ата-аналары екпе алудан бас тартып отыр. Қызылшаға қарсы вакцина ертеңімізді аурудан қорғайтынын және болашақтағы дені сау ұрпақтың кепілі болатынын естен шығармайық!

Айсұлу Жұмабай,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале