16.01.2023, 12:30
Оқылды: 16

«Мал баққанға бітеді»

Бұл Көнекеткен ауылдық округіне қарасты «Аймырза» шаруа қожалығына келгенде, оның жетекшісі Хасан Аймурзиннің бізге сұхбатында айтқан ең бірінші сөзі. Мал бағып, сол еңбегінің нәсібін көрген ата-бабамыздың осы бір сөзін берік ұстанып, шаруашылығын өркендетіп отырған бүгінгі кейіпкеріміздің шаруасы өзгеге үлгі болғандай.

InShot_20230116_111325756

Міне, қылышын сүйретіп қыс келді. Биылғы ауа райы малшы қауымға біраз уақыт жылы шырайлы болды десек, келісетіндеріңіз анық. Алайда қыстың аты қыс, соңғы күндері қытымыр мінезін көрсетіп, аяз күшейді. Қожалық жетекшісі қыстан малдың қоңды шығуын әуелден қамдап қойған сыңайлы. Тай-тай шөп, қамсыз жайылған түлік...

2012 жылы Хасан бауырларымен ақылдаса келе, Көнекеткен ауылынан  жиырма шақырым жерден жер телімін алыпты. Істің берекелі болуы үшін алдымен баспана мен қора-қопсыларын салып, орынын жайғастырды. Ағайынды жігіттер өз қораларындағы аздаған малдың басын біріктіріп, шаруашылықты бастап кетеді. Хасан сол кезде Чапаев тұсында орналасқан «KEGOK» компаниясы электр торабында күзетшілік қызметте еді. Сол жерде 23 жыл еңбек етіп, зейнетке шыққаны да күні кеше. Қызметінен қол үзбей, ауылдан жырақтағы түліктің көбеюін де қамдап жүрген өзі.  Мал шаруашылығына келген адам оның ыстық-суығына төземін деп белін буып алады емес пе, сол кездің өзінде қожалықтың болашағына сенген Х.Аймурзин ісін өркендетуге аянбай еңбектенді, әлі де бағытынан тайған емес. Оған дәлел – жылдан жылға мал басы көбейіп келеді. Қазірдің өзінде 139 бас ірі қараның 85-і ақ бас тұқымды сиырдың аналығы. Ол аз десеңіз, 900 бас қой бар.  Жаңақаладан сатып алған еділбай тұқымдас уақ жандықтар да іргелі шаруашылықтың ырысын арттыратынын тағы айқын. Аязға қарамастан, далада тебіндегі  үш үйір жылқыны шашау шығармай, басын көбейтсе, ол да ғанибет жұмыс.

InShot_20230116_111854940

– Қыс аяқталған соң, жаз келеді. Ол аралықта көктемгі мал төлдету жұмыстары, әрі қарай шабындық, одан қыстың қамы – шаруашылықта жұмыс осылай жыл он екі ай жалғаса береді. Басында  ағайынды жігіттер болып ашқанымызбен, әркімнің өз алдына тірлігі, жанұясы бар дегендей, бауырларым үйдің үлкені ретінде  маған сенім артып, осы шаруашылықты аманаттады. Әрине, қолдан келген көмегін аяған емес, қарбалас шақта жан-жақтан шауып келеді. Осындай ауызбіршіліктің арқасында жүгі ауыр қожалықтың тірлігін ілгерілеттік деген ойдамын. Еңбектің құдыретіне сену керек, қандай жұмыс болса да, байыз тауып отыруға болмайтынын түйсіндім. Қожалық орын тепкен дала төсі маған бала кезден таныс. Әкем Сейфолла – 44 жыл орман қорықшысы  болып қызмет жасаған адам. Қарауында Көнеккеткен ауылына қарасты осы алқап та болған.  Бүгінде әкеміздің табанының ізі қалған жерде шаруашылықты жүргізу маған нәсіп еткен екен. Өз шаңырағым Чапаев ауылында.  Жолдасым Мәншүк ұзақ жылдар аудандық ауруханада еңбек етіп, зейнет жасына жетті.  Қос бірдей қызым өз алдарына теңдерін тапты, үйге қыдырып келген жиендеріміздің қызығына шаттанып отырған жайымыз бар.  Ал мында екі қызметші күн-түн демей жұмыс істейді. Жалақыларын уақытында төлеп отырмын. Бас-көз болып, өзім жүремін. Жаз айларында мал азығын дайындауға қажет үш трактор аулада тұр. Шалғы мен шөп тайлағыш техника да қатарда. ДТ-75, Т-25 шынжыр табанды трактор мен «КАМАЗ» көлігіміз  шөп тасымалында пайдаға жарап тұр. Алдағы жазда жеңілдікпен жаңа трактор сатып алу да ойда бар. Ол уақыт еншісінде.

InShot_20230116_111920994

Иа, шаруашылықтың басында қай кезде де тынбайтын бір қарбалас жұмыс. Осыдан екі жыл бұрын жаздың қуаң болғаны көпшіліктің есінде, кейіпкеріміз де сөз арасында сол кезде шалғыға ілігетін шөп іздеп, әуре-сарсаңға түскенін айтып қалды:

– Қуаңшылық әсіресе біз секілді мал өсіріп отырған ағайынды біраз әбігерге салды. Ауылдан ұзақ кетіп, тіпті көршілес аудандардың жерінен дайындап әкелдік. Ал биыл, шүкіршілік айту керек, өз жерімізден мал азығы артығымен дайындалды. Былтырдан қалған 500 орамаға тағы  1000-ы қосылды. Қылқұйрықтылар болса, әлі далада жайылуда. Қасымыздан қарасу ағып жатыр, оған қоса  қораның маңынан екі құдық қазып алдық.

Хасан Аймурзиннің азаматтығын көнеккеткендіктер биік бағалайды. Бізбен әңгімелескен округ әкімдігінің бас маманы Гүлнәр Нұғманова он жылдан астам уақытта шаруа иесінің ауылдағы ауқымды іс-шараларға да көмектесуге әзір тұратын шарулардың қатарынан екенін айтады.

– Жалғызбасты қарияларға көмек, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға қолдау сынды ауыл-аймақтағы шаруалардың бел ортасында болып, қашан да демеушілік танытудан  танған емес. Өте еңбекқор, бастаған жұмысына мығым, жақсылық жасауға әрдайым құштар адам. Біздің ауылдық округте 19 шаруа қожалығы, 1 коорператив бар, солардың алдыңғы қатарында, – дейді ол.

Қолға алған істің тиянақты, өркенді болуы – азаматтың қолында. Зейнет жасына жетсе де,  кәсібінің берекесін шалқытып, артылғанын жұртшылықтың ырыздығы деп білген осындай азаматтармен құнды Ақжайығымыз.

Әсет Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале