10.09.2021, 12:21
Оқылды: 71

Мемлекеттік тіл – ұлт рухы

Бәйтерек ауданы Переметный ауылындағы «Бәйтерек» мәдени-ағарту және тынығу орталығында Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне арналған «Мемлекеттік тіл – ұлт рухы» атты кеш ұйымдастырылды.

IMG-20210910-WA0049

Ана тіліміздің мәртебесін арттырып, мемлекеттік тілге деген көпшілік көзқарасын оң бағытқа бұруды мақсат еткен шараға аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов, тіл жанашырлары мен жастар қатысты.

- Тіл – кез келген ұлт пен халықтың, жалпы адамзаттың негізгі қатынас құралы. «Ұлтты жоям десең, әуелі тілінен баста» деген ойдың астарында терең мағына бар. Расымен халқымыздың, дініміз бен діліміздің негізгі түп қазығы, ол – біздің ана тіліміз. Тіліміз бен ұлтымыздың жойылмауы жолында қаншама жанның құрбан болғаны тарихтан белгілі. Ана тіліміз бен ата дәстүрімізге салғырт қарауға ешбіріміздің құқығымыз жоқ.

Зайырлы, тәуелсіз, көпұлтты, берекелі еліміз, отанымыз Қазақстан жасай берсін! Басқа ұлт өкілдерімен достастығымыз арта берсін! Ең басты қарым-қатынас құралына айналған тіліміздің мерейі арта берсін, - деді шара басында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.

IMG-20210910-WA0054

Одан соң Ерікқали Ғұмарұлы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту бағытында еңбек етіп, ана тілімізге қолдау танытып және қоғам алдында азаматтық белсенділік танытқаны үшін Краснов ауылдық округінің әкімі Жұмабай Сатаев пен Бәйтерек ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдістемелік бөлім меңгерушісі Ақгүл Абдрахмановаға БҚО тілдер басқармасы басшысының алғыс хатын табыс етті.

IMG-20210910-WA0051

Сондай-ақ шара барысында тіл мерейін асырып, ана тіліміздің мәртебесін арттырып жүрген мәдениет, білім, кітапхана саласында қызмет жасап жүрген бір топ азамат аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Жиын соңында көпшілікке аудандық кітапхана қорындағы оқулықтардан жасақталған кітап көрмесі таныстырылды.

 

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале