28.01.2022, 12:55
Оқылды: 53

Мен таңдаған мамандық

Адам баласы екі нәрседен шатаспауы керек. Бірі жар таңдау болса, екіншісі мамандық таңдау.

IMG-20220128-WA0011

Мен бағыма қарай екеуінен де жолы болған жанмын. Шаттыққа толы шаңырағымда сүйікті келін, асыл жар, аяулы  ана атансам, түзде өз жүрек қалауымен таңдап алған мамандығым – балабақша тәрбиешісі болып қызмет етіп келемін. Ақ парақтай таза көңілді бүлдіршіндермен жұмыс жасау үлкен төзімділік пен ізденісті қажет ететіні белгілі. Өзін қоршаған ортаны біліп, түсінуге ұмтылған балалардың әрекеттері кім-кімнің де жүрегіне  қуаныш ұялатады. Ал тілі жаңадан ғана былдырлап шығып, қалт-құлт етіп алға қарай қадам жасап үйреніп жүрген балапандармен жұмыс жасау  тіпті ғанибет! Мен биыл ерте жас тобына яғни, 2020 жылы дүниеге келген балдай тәтті қылықты балапандарымды қабылдап алдым. Таңғы қабылдаудан бастап бала болып жылап, қиғылық салуды білместен құлдыраң қағып ойнап кететін бүлдіршіндермен әр күнді бірге өткізу мен үшін бақыттың базарындай. Күнделікті жоспар бойынша ұйымдастырылатын оқу қызметіне бөбектер белсене қатысады. Сурет бойынша әңгімелеу кезінде нанның суретіне қарап, «бауырсақ, әже, қасқыр, жейді» деген тәтті тілдеріне қалай риза болмассың? Өздерінің күні бойы ойнаған ойыншықтарын орнына жинау балапандар үшін мәртебелі қызмет. Жарыса жүріп  жинайтындары сонша түскі тамақтарын ішіп алып бастарын жастыққа қоя сала қалай ұйықтап кеткендерін өзері де білмей қалады.

Иә, аспаны ашық заманы түзу қоғамда, қазақ елінің топырағында дүниеге келіп, туған ел үшін қызмет етуден асқан не бар?! Еліміздің келешек ірге тасын қалаушы бүлдіршіндерді дұрыс бағытта тәрбиелеу жолындағы еңбегім елеусіз қалған емес, жеткен жетістіктерім үшін алған марапаттарым да жеткілікті. Мен қашанда өзім қызмет ететін балабақшамды мақтан тұтамын, әріптестерімнің еңбегін ерекше бағалаймын. Әрине мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс жасау, соның ішінде әр сәбидің тілін тауып, көңілін аулау арқылы оның сөздік қорын кеңейту, ой-өрісін өрістету біздің басты парызымыз. Осы жолда мен  талмай ізденіп еңбектенетін боламын. Өйткені бұл-менің сүйікті мамандығым.

Асылай Оразғалиева, 

Жаңақала балалар бөбекжайының тәрбиешісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале