20.04.2022, 17:15
Оқылды: 29

Мерейің тасысын, ауылдас

Ауылының абыройын асыратын, қызметімен жұртқа жаққан жерлестер көп Есенсайда. Әрқайсысының туған мекеніміздің дамуы, өркендеуі жолындағы еңбегі бір-бір әңгімеге арқау боларлықтай. Осындай жандардың қатарында ауылымыздағы тірлігі жарасымды Есқайыровтардың отбасын айтар едім. Отағасы Мейірман мен зайыбы Сәнімай әрдайым көпшіліктің алғысына бөленіп жүр.

13

Орда бұзар отызынан жасы енді асқан Мейірман Шаймарданұлының туған ауылы – іргелес Сайқұдық. Осында орта білім алған ол Орал газ-мұнай салалық технологиялар колледжінде оқиды. Еш жұмыс өтілі жоқ жасқа мамандығымен қызмет бірден қайдан табыла кетсін, бастапқыда қалада күзетшілік жұмыста да болды. Тағдырдың берген сыйы – осыдан 11 жыл бұрын теректілік ару бойжеткен Сәнімайды жолықтырып, отау көтереді.

Жанұяның қамымен Мейірман талай қызметтің басын шалды, құрылысшы болып елордамызда да жұмыс істеді. Ірі қалаларда жүрсе де, ауылға деген ықыласы бөлек азамат 2016 жылы Есенсайға келіп, ветеринар болып қызметке орналасып, есенсайлық малшылардың тынысы ашылды. Түліктердің ауруының алдын алу үшін мезгілінде қан алу, паспорт бойынша түгендеу, басқада толып жатқан қам-қарекетті барынша ықтиярлықпен атқарған маманды ауылдастары сыйлап, құрмет көрсетуде. Кесел адамға да, малға да бірдей уақыт таңдамайды. Аяқасты қолдағы түлігіміз ауыра қалса, дереу келіп, мұқият қарап, тиісті ем-домын береді. Күзгі-жазғытұры мал егу жұмыстарын тыңғылықты ұйымдастырып, мал басын сақтауда еңбегі зор. Оның әр ауылдастарын зейін қоя тыңдап, сауалдарына толық нақты жауап беруі де адамгершілігінен хабар берсе керек. Осындай жұмыстың арқасында ауылда бірде-бір мал ауруға шыққан жоқ. Уақытпен санаспаған еңбегі үшін аудан әкімінен, бөлім басшыларынан алған алғысхаттары бір төбе.

Жары Сәнімай екеуі көтерген шаңырақта бүгінде 4 бала өсіп жатыр. Еңбекқорлық, адамгершілік, ізет, кішіпейілдік секілді қасиеттерді ата-аналары осы балдырғандарының бойында баулуда. Сәнімай Болатқызы – Есенсай жалпы орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі, әрі мектеп тәлімгері ретінде қызметін  абыроймен атқаруда. Тұла бойы тұнған өнер деп айтсам, асыра айтқаным болмас. Мектептің қоғамдық қызметінің бел ортасында жүретін жас келіншек ән де айтады, бидіде жақсы билейді. Жуырда аудандық Төлеген Айбергенов оқуларының қатысып, ІІІ орынға ие болды. Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған аудандық ән байқауында ІІ орынды иеленіп, талантымен әріптестерінің үмітін ақтады.

Міне, өздерінің еңбегімен, адами келбетімен ауыл-елдің мерейін асырған отбасының келісті өмірін қалай мақтамасқа?! Мейірман мен келіншегі Сәнімай - ауылдың абыройын асырып жүрген жандар. Осындай жастардың үлгісін өзім сүйіп оқитын «Жайық таңы» газетіне жазуды жөн көрдім.

Мерует Қауымбаева,

зейнеткер, еңбек ардагері.

Ақжайық ауданы

Есенсай ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале