25.03.2022, 11:29
Оқылды: 82

Мешіт – имандылық мекені

Бүгінде ел имандылыққа бет бұрып, ата дінімізді үйренгісі келеді. Исламның не екенін түсініп, бабалар дінін ұстансақ деген жандар да көбейіп келеді. Ондай азаматтарға мешіт пен ондағы имам көмекке келеді. Қазақстан мұсұлмандары діні бірлестігінде оқыған азаматтар да ислам әліппесін интернеттен немесе түсініксіз кітаптар мен өз-өздерін шейх, ұстаз етіп сайлап алған күмәнді жандардан емес, дін басқармасы бекіткен мешіт имамдарынан үйренген жөн екенін айтады. 

IMG-20220317-WA0077

Бәйтерек ауданына қарасты мешіт имамдары білім алам, Құран кәрімді үйренем деген жанның бетін қақпай, үйретуден жалыққан емес. Әсіресе Дариян ауылындағы мешіт имамы осы істі ойдағыдай атқарып келеді. Тағайындалғанына жеті айдан астам уақыт болған Халықбек Садықов осы күні жергілікті жамағатпен байланысты нығайтып, мешітке келушілер санын арттырған. Дарияндық имам халықпен диалог орнатып, ел ішінде аздап болса да бедел иеленуіне осы кезге дейін ауыл имамы қызметін атқарған Азамат Абдрахмановтың көп көмегі тигенін де жасырмайды.

IMG-20220317-WA0078

-Жергілікті жамағат жақсы. Осыған дейін де мешіт пен халық арасында байланыс болғаны көрініп тұр. Түрлі қайырымдылық шараларға да белсенді араласады, -дейді Халықбек имам.

Шыны керек, осы күні имамдардың да жұмысы көбейген. Бір кездегідей тек жаназа мен түрлі тойларда ғана көрінетін имамдар қазір халық арасында жүріп, ағарту жұмыстарымен де айналысады. Одан қалса, білім алам деген жандарға сабақ өткізеді.

-Рубежка, Достық, Трекин ауылдық округтері мен Озерный елді мекенінің халқымен кездесу өткіздім. Ол кездесулер барысында негізінен дін төңірегіндегі мәселелер қозғалды. Сонымен қатар балаға ат қою, жаназа шығару секілді сұрақтарды ел көтереді,-деді сөз барысында Халықбек Садықов.

Мұнымен жұмыс тоқтамағанын түсінетін имам болашақта жергілікті әкімдікпен де тығыз қарым-қатынас орнатып, тек жамағатпен ғана емес, жалпы барлық ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізсем деген ниетте. Қазіргі таңда ондай кездесулердің жоспары да құрылған.

- Жаман айтпай жақсы жоқ. Кейде жұмыстың тығыздығынан алыс ауылдарда орын алған жаназаларға баратын мүмкіндік болмай жатады. Оның үстіне қыста және жер балшық боп жататын көктем мен күзде шақырған жерге жете алмай қаламыз. Сондай жайттардың алдын алу үшін ауылдарда имам көмекшілері мен молдаларды сайлауды жөн көрдік. Діни білімі бар, жаназа шығара алатын азаматтарды халықтың қалауымен сайлап, молда етіп бекіттік. Лайықты деген жігіттер де табылды. Көбіне ел де қолдауын білдірді. Ниет еткен жандарды арнайы шақыртып білімдерін де толықтыруға мүмкіндік бар,-дейді Дариян мешітінің имамы Халықбек Садықов.

Кей кезде Дариян, Трекин, Достық секілді үлкен ауылдарда бір күнде екі жаназа болып жататын кездерге де куә болып жүрміз. Оның барлығына бір имам мен оған бекітілген бір көмекші үлгере алмасы анық. Сол себепті ауылдан молда сайлап, білмеген жерін толықтырып жіберу артық етпейді. Мұндай шаралар керек екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Бірнеше округті аралап, елді мекендерде де болған имам халық рухани азыққа шөлдеп жүргенін айтады. Білімге, ілімге ұмтылған ауыл тұрғындары мен алыс-жақын маңдағы ауыл азаматтарының басын қосып, түрлі бағыттағы уағыз айтып, дастархан жаю мешіттің дәстүріне айналған.

- Дастархан жайып, дінге қызыққан жанды жиып, уағыз айту дәстүрі қалыптасты. Осы күні бейсенбіні күтіп, сабақ алсам, бір нәрсе үйренсем деген жандар саны артты. Ер адамдармен қатар қыз-келіншектер де келетін болды. Оларды бөлек отырғызамыз,-дейді имам.

Осындай кездесулердің арқасында қайырымдылық шараларының да жайы шешілетін болған.

Сөздің шыны керек, қазір дінімізді теріс жағынан танытып, жастарымызды адастырып жатқан түрлі түсініксіз діни ағымдардың лаңы да елді алаңдатуда. Мешіт имамы ондай жайттарды болдырмас үшін де біраз іс тындырған. Жоғарыда аталған бейсенбілік кездесу барысында ел дін атын жамылған жаттардан қорғану жайын сұрап, ата-бабамыз ұстанған жолға түсудің мәселесіне үлкен мән береді екен.

-Білімді адам дінсіздікке бармайды. Адасудың бірден-бір жолы да білімсіздіктен туады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өз хадисінде мұсылман адам тілі мен де, қолымен де өзгеге қиянат жасамау керек екенін айтқан. Сол себепті исламға бет бұрам деген әр адам осы хадисті есте ұстауы керек,-деді өз сөзінде Халықбек Садықов.

Кей сәтте діни сауатымды ашсам деп мешітке келген балаларын үйіне шыбықпен қуып алып кететін ата-аналар да имамнан сабақ алсам деген баласымен бірге біздің уағызымызды тыңдаса деген ұсынысын да айтады дарияндық имам.

- Исламды үйренбес бұрын қазақылыққа бет бұрған жөн секілді. Өйткені біздің салт-дәстүріміздің барлығы исламмен қабысып жатыр. Сол себепті тілін кәлимаға келтіріп, ілімін тереңдеткісі келетін жан ең алдымен қазақы тәрбие мен қазақы менталитет, қазақы философияны меңгергені жөн сықылды. Неге десеңіз, біздің дәстүр исламға негізделген,-дейді Халықбек Садықов.

Дариян мешіті тек оқу-ағарту ісімен ғана айналыспайды, қайырымдылық шараларын да жиі өткізіп тұрады. Имамның айтуынша, игі іске негізінен жергілікті жамағат пен ауыл кәсіпкерлері көмектеседі екен. Осы күнге дейін 15 отбасыға көмек көрсетілген. Сонымен қатар ауданның ірі ауылдарына мешіт салу мәселесі де жиі көтерілетінін имам өз сөзінде айтып кетті. Округтерді аралап жүрген кезде де осы жайт айтылыпты.

- Достық ауылында болғанымызда жергілікті тұрғындар ауылға мешіт керек екенін айтты. Өкінішке орай ол сұрауды қанағаттандыру жағы болыңқырамайды. Десе де намазхана салу жайы шешіліп қалуы мүмкін. Сөз басында айтқан ауыл молдасын сайлау жайы да Достықта оңынан шешілді. Исламнан хабары бар, білімі де әжептәуір жас жігіт сайланды. Жамағат та оны қолдап отыр. Енді менің Достықта да көмекшім бар,-дейді имам.

Жалпы исламның жақсы тұстарын, мұсылман адамның қандай болатынын көрсету, мұсылман парыздарын үйрету сияқты сабақтар мешітте жиі өтіп тұрады. Бір сөзбен айтар болсақ, мешіт жұмысы бір жолға қойылған. Жамағат ішіндегі ауызбіршілік бар. Имам да қолынан келетін жұмысты одан әрі жалғастыра бермек ойда.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале