13.12.2023, 0:11
Оқылды: 67

Мичурин ауылдық округінің әкімі сайланды

Бұрын хабарланғандай, өткен жексенбіде, яғни 10 желтоқсанда Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин ауылдық округі әкімінің сайлауы болды. Онда дауыс берген округ тұрғындарының басым көпшілігі Мичуриннің бұрынғы әкімі Максим Мусалимовке сенім білдірді. Соған сәйкес аудан әкімі Марат Тоқжанов Мичурин ауылына барып, Максим Болатұлын бұрынғы лауазымына қайта тағайындады.

IMG-20231213-WA0028

Ауылдық округ активімен болған жиын барысында алғаш болып сөз алған аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Радик Ихласов айтып өткендей, Мичурин сайлау округі бойынша тіркелген 7078 сайлаушының 1349-ы таңдауын жасаған. Олардың 1133-і (89,8%) М.Мусалимовке, 74-і (5,9%) М.Мұхтаровқа, 54-і (4,3%) М.Төрешовке дауыстарын берді. Соған сәйкес аудандық аумақтық сайлау комиссиясы Максим Мусалимовтің Мичурин ауылдық округі әкімі болып сайланғаны туралы шешімін шығарды.

IMG-20231213-WA0027

- Мичурин ауылдық округінің бір олқы тұсы, тұрғындар жиналғанда көп мәселе айтады, ал сол түйіткілдерді шешуге келгенде басым көпшілікті таба алмай қаламыз. Бұл осы сайлау кезінде де анық көрінді. Яғни 7 мыңнан аса адамның 1,3 мыңы сайлау учаскесіне келген. Қалғандарына бәрібір. Түрлі қиындыққа тап болғанда олар осында, әкімді іздеп келеді. Ауылдың мәселесіне қатысты сөз болғанда ондайлар ауыздыға сөз бермейді, ал іске келгенде, тіпті сенбілікке шықпайтыны да жасырын емес. Сенбілік түгілі, өздерінің ауласын да жинамайды. Сол себепті кешегі сайлауға ауылға шын жаны ашитын тұрғындар ғана қатысты деп ойлаймын. Мичуриндіктердің жан-жақтан көшіп келгендігі, бір-бірін танымайтындығы, көбі іргеде тұрған Оралда жұмыс істейтіндігі сынды себептер өзара ынтымақтастықтың мығым болмауына әсер етіп тұрған шығар. Дегенмен де әр адамның өз ауылына жаны ашуы керек. Осы олқы тұсты жөндеу жайын түрлі жиындарда, отбасылық отырыстарда айтып отырсаңыздар нұр үстіне нұр. Ал, Максим Болатұлы тұрғындар сізге сеніп дауыстарын берді. Енді олардың үмітін ақтау керек. Бұл үлкен жауапкершілік, - деген аудан әкімі Мичурин ауылдық округін жарықтандыру, жолдарды жөндеу сынды мәселелерді шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.

IMG-20231213-WA0032

Серік Маратұлы, 

Бәйтерек ауданы 

 zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале