22.03.2024, 9:00
Оқылды: 79

Мичурин ауылында әз-Наурыз тойы тойланды

Мичуриндіктер Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтті. «Наурыз тойы – мереке, салт-дәстүрім – береке!» деген атаумен болған іс-шараны Мичурин ауылдық округінің тұрғындарымен қатар оралдықтар да тамашалады.

34b7e6ff-13e3-4485-a16d-9e7c453756d7

«Дина» гипермаркеті алаңында ұйымдастырылған мереке Ұлыстың ұлы күні келе жатқаны жөнінде жаршының сөзімен басталды. Саханаға шыққан Қыдыр ата осы күні жанды-жансыз табиғат Алла Тағаланың айырықша нұры жауатынынан белгі беретінін жырмен кестелеп, наурыз-батасын берді. Алаңға ат мініп шыққан Ай мен Күн келіп жеткен жаңа жыл, жаңа күн туралы сыр шертті. Одан соң ежелгі түркілердің мифологиялық түсінігі бойынша жақсылық жаршысы, ана мен баланың қорғаны табылатын Ұмай ана елге береке тілеп, ақ тілегін жолдаған соң, ортаға бір топ әжелер шығып, пәле-жаланы, тіл-көзді аластату ырымын жасады.

IMG_4267 (1)

– Биыл елімізде Наурыз мейрамы ерекше мәнерде тойлануда. Мемлекет басшысының ұсынысымен арнайы "Наурызнама" тұжырымдамасы қабылданды. 14 - 23 наурыз аралығында әр күнге атау беріліп, соған орай біздің ауылдық округте де түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындарға қуаныш сыйлауда. Жалпыға ортақ мерекеміз, жаңа жылымыз құтты болсын! Еліміздің мерейі үстем болсын, ынтымақтастығымыз жалғасын тапсын, береке-дәулетіміз ортаймасын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, - деді өз құттықтауында Мичурин ауылдық округінің әкімі Максим Мусалимов.

e8cedd9c-3b06-45ca-8242-04709ed0d737

Іс-шара барысында әннен, күйден, биден шашу шашылды. Асан ауылының қолөнер шебері Қарлығаш Құрманованың этнобағыттағы сән үлгісі көрсетілді.

c8d96ff5-64d2-4815-889a-a4e4fe9f3f5a

Одан бөлек ұлттық спорттық, лоторея ойындарының өтуі, жәрменкеде палау мен наурыз көже сынды тағамдардың тегін таратылуы мерекенің шырайын келтіріп, келбетін айшықтай түсті.

c168d0ec-5919-4b50-9e2c-71baa7a5db68

Осынау мерекеге арнайы келген Ерболат Айдархановты ат жүгіртіп, соңына ит еріткен кешегі серілердің сарқыты десе де болады. Мичурин ауылдық округіне қарасты Көктерек саяжайында тұратын ол балаларды бәйге, көкпар секілді ұлттық ойындарға баулиды екен. Өне бойынан қазақылықтың исі есіп тұрған Ерекең - Сырым елінің тумасы.

cd7d7e3d-4802-41fa-9301-be88d40b2fed

– Жүйрік ат пен құмай тазы көрсе делебесі қозатын қазақпыз ғой. Наурыз – ұлттық мереке болған соң жеті қазынаға кіретін, ер азаматтың қос серігі, қайраты болып табылатын жылқы пен қазақы итті арнайы алып келдім. Биыл Наурыз мерекесі ерекше тойланып жатыр ғой, салт-дәстүрімізге, ұлттық спортқа арнайы күндер белгіленгеніне қуаныштымыз. Ендігі уақытта ата дәстүріміз жаңғыртуға баршамыз да мүмкіндігімізше үлесімізді қосуымыз керек. Бұл - біздің парызымыз, - дейді Ерболат Амантайұлы.

Серік Маратұлы, 

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале