7.04.2022, 15:16
Оқылды: 65

Мичуринді қинап тұрған қос мәселе

Редакцияға Бәйтерек ауданы Мичурин ауылдық округіне қарасты Октябрьск елді мекенінің тұрғындары хабарласып, балшық кесірінен ауылға кіре алмай жатқанын айтты. Сөздерінше, жөнделуі керек жол бетіне төселген құм балшыққа айналып, ауылға көлік кіре алмай қалған.

октябрь (1)

Өткен жылы басталған ауылға кірер жол әлі күнге дейін реттелмей жатқанын айтты. Былтыр басталған жалпы ұзындығы 9 шақырым болатын жол жөндеу жұмыстары ауа райының қолайсыздығына байланысты биылға қалдырылды. Бірақ жол үстіне төселген жаңа құм күзде езіліп, көктемде тіптен ми батпаққа айналды. Соның кесірінен көлігі бар ауыл тұрғындары қалаға шыға алмай қалды. Тіпті егде жастағы кейуана он күн бойы Оралдағы тума-туыстарының үйін жағалауға мәжбүр болыпты. Өйткені көлікпен ауылға кіре алмайсың, ал жаяу жүргіншілер көпірі арқылы өтіп, үйіне баратын шамасы жоқ. Неге десеңіз жасы келген ананың аяғы ауыратын.

Хабар жеткен бойда Октябрьск ауылына жолға шықтық. Өкінішке орай ауылға біз де кіре алмадық. Қуаныштысы жер кеуіп, балшық жол жүруге мүмкіндік берді. Осы күні октябьрлік ағайын ауылға кіріп-шығып жүр.

Аталған мәселенің жауабын алып, елеңдеген елді тыныштандыру үшін Мичурин ауылдық окрігінің әкімдігіне хабарластық. Бізбен байланысқа шыққан ауылнай Максим Мусалимов аталған жайтпен таныс екенін айтты. Жер кепкен бойда ауылға автогрейдер жіберіп, жолды тегістеген. Қазір бір жағын су, бір жағын сапасыз жол қысқан елді мекен тұрғындары қара жолға оңай шыға бастаған. Сөз арасында айтылған кейуана да үйіне жетіпті.

Ал "Жолды жөндеу жұмыстары қашан басталады?" деген сауалымызға округ әкімі Максим Мусалимов оның жай-күйін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен ғана білуге болатынын жеткізді. Дереу аталған бөлім басшысы Данияр Кушубаевқа шықтық. Ол да осы мәселемен айналысып жатқанын жеткізді. Бізге хабарласқан ауыл тұрғындары бөлімге де телефон шалып, жол мәселесін көтеріпті.

- Октябрьск ауылына кірер жолды жөндеу жұмыстары жер аяғы кеңіген шақта басталады. Қазір қажетті құрал-жабдық түгел алынды. Мамыр айында жұмыс басталады. Мердігер де анықталып қойды. Тұрғындар жыл соңына дейін жаңа жол игілігін көре алады,- деді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Данияр Кушубаев.

5

Әңгіме Мичуринге қатысты болға соң округті мазалаған тағы бір мәселе су басу қаупі туралы да сұрап білдік. Қар түгел еріп кеткенімен, үлкен су әлі келе қойған оқ. Сол себепті ауылдық округ әкімдігі ауыл ішін қардан тазалап, тасқынға тосқын болудың қамын жасаған.

Ауылдық округ әкімі Максим Мусалимовтың айтуынша, наурыз айында басталған жұмыстар әлі де жалғасып жатыр екен.

- Ауыл су басу қаупі жоғары аумақта орналасқандықтан, әкімдік тасқынның алдын алу жұмыстарын ерте бастады. Осы кезге дейін Мичурин және Асан ауылдарында жалпы ұзындығы екі шақырымнан астам арық тазартылды. Су өтетін арнайы тұрбалар толықтай тазартылды. Қарды шығарып, еріген суды сору туралы келісімшарттар жасалды. Кей қауіпті аймақтарды түнгі кезекшілік қойылды,- дейді ауылдық округ әкімі Максим Мусалимов.

Ауыл қауіпті аймақта тұрғандықтан, республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны да дәл осы Мичуринде өтті. Ол жерде жергілікті әкімдік су тасқынына дайындығын көрсетті. Қажетті құм, тасқынға тосқауыл болатын жұмысшы отрядтары да құрылғанын көпшілікке таныстырды.

Бүгінде ауылда су тасқынына қарсы арнайы штаб құрылған ауылда. Су басу аумағында тұрған үйлер қоршалып, бірінші кезекте осы жерлердің қары шығарылып, суы сорылған.

Жалпы ауылдан 2250 текше метр қар, 2850 текше метр су шығарылған. Бұл жұмыстарға жергілікті 15 тұрғын атсалысқан. Алғашқы су көтерілген шақта уақтылы жасалған жұмыс арқасында бірде-бір үй суға кетпеген. Тек бірнеше үйдің ауласына дейін барыпты тасқын. Қазіргі таңда Шаған өзені көтеріледі деген қауіп қана бар. Округ әкімі оған да дайын екенін жеткізді.

- Қазір 50 тонна шиыршықты құм, 1000 қапшық дайын. Барлық жұмыстар толық аяқталды. Бірде-бір көшеде су қалған жоқ. Шаған өзені көтерілуі мүмкін. Оған арнайы белгі қойдық. Су деңгейін бақылап отырмыз. Жағдайды тұрақты деуге болады. Тасқынның алдын алу жұмыстарына атсалысқан әр азаматқа алғысымыз шексіз,- дейді ауылдық округ әкімі Максим Мусалимов.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале