15.03.2022, 19:17
Оқылды: 75

Мінезі келбетімен жарасқан жан

Әлемдегі ең сұлу және ең керемет атау – «Ана». Қазақ қоғамында әйелдің орны ерекше. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген тәмсіл бар. Ұлттың болашағы да қазақ әйелінің қолында. Сондықтан қазақ әйелі отбасы қоғамының ұйытқысы, тәрбиенің берік қорғаны. «Дүниеде үш нұр бар. Біріншісі – күннің нұры, екіншісі – ақылдың нұры, ал үшіншісі – ананың нұры» дейді халық даналығы. Күнделікті тұрмыстағы басты құндылықтарымыз аналардың бақыты отбасының жарасымды тірлігі десек қателеспейміз. «Жұмақтың кілті анаңның табанының астында» деген сөздің мәнін ашу үшін анаңызды Меккеге үш рет апару аздық етеді. Бір тағдырды дүниеге әкеліп, бағып-қағып өсіру жауапкершіліктің үлкені. Әлемдегі ең кешірімді, ең мейірімді жан – ана. Оның мейірімділігінде шек жоқ. Ана болу - бүкіл өміріне жететін рухани күш пен ерен еңбек. Өз баласын бағып-қағуда ана өзін-өзі ұмытып, барлық күш-жігерін перзентіне жұмсайды, ол арқылы оның жаны нұрланып, нәрлене түседі. Ананың мейірімі жан-жағына өз шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейірім алып жүрген барша адамзат аналарды мәңгі ардақтап, аялай білсе, бұдан асқан бақыт жоқ шығар. Иә, ана бала десе шыбын жанын ортаға салатын бірден бір аяулы да қамқор жан. Осы тұрғыда балаларының бақытына бөленіп жүрген аяулы ана, ибалы келін, сүйікті жар Гүлнұр Қуатқалиқызы жөнінде әңгіме өрбітуді жөн көрдім.

Мінезі келбетімен жарасқан жан

Қол бастаған Сырым батырдың елінде дүние есігін ашқан Гүлнұр Ғалымова - бүгінде күй астанасы саналатын киелі Жаңақала өлкесінің келіні. Қазіргі таңда жолдасымен бірге1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша тәмамдап, қазіргі таңда ауданымыздың қара шаңырағы саналатын Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі қызметін атқарып келеді.

- Осыдан 12 жыл бұрын киелі Жаңақала ауылына келін болып түстім. Жолдасым Дамир күзет қызметі басқармасында полиция старшинасы болып қызмет атқарып келеді. Үлкен қызым Айкөркем Жаңақала мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы. Ұлым Бейбарыс Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің 2-сынып оқушысы, кіші қызым Айназ Жаңақала мектеп-гимазиясының мектеп алды даярлық тобында білім алуда. Жолдасымның анасы, менің екінші анамнан үйренген ең басты ұстанымым – отбасындағы берекені сақтау және өзгелерге сыйластық таныту. Әйел адам әрдайым отағасын жоғары санап, ұрпақ тәрбиесіне жолдасы екеуі бірлесе араласа жүріп, бір-біріне құрмет көрсетсе отбасы құндылықтарын сақтап қалуға болады. Осы орайда менің білім алып, өмірге қанаттандырған анамның орны бір бөлек. Көркем мінезді, келбетті жеңгелер көбінесе көркем әдебиетте қалып отыр. Алайда менің жеңгелерім парасатты, ибалы жеңге болды. Анамызға айта алмаған құпия-сырларымды жеңгеммен бөлісетін едім. Анамнан, ата-әжемнен алған тәрбие бір бөлек. Соның ішінде жеңгелерімнен алған тәрбие ерекше. Отбасылық тұрмыс-тіршілікте әйел ретінде, ана ретінде, сүйікті жар атану, ибалы келін бола білу, бойымдағы адамгершілігімді әрқашанда алдыңғы орынға қоюды жеңгемнен үйренген болатынмын.

Келін болып Жаңақала топырағын аттаған кезімде сабырлыққа, қиындықтарға мойымауға үйреткен ол менің екінші анам болатын. Ол кісіге құрметіміз шексіз. Отбасылық өмірімде 12 жылдың ішінде енеммен ренжісіп көрмегенбіз. Біздің тату-тәтті өмір сүріп келуіміз менің енемнің парасаттылығы, ақылдылығы деп білемін. Кез келген әйел адамды, келінді жас келіннен үлкен дана адамға айналғанға дейін тәрбиелейтін екінші анасы деп білемін. Тәлімгер ретінде еңбектің ыстық-суығына төзуге, қыр-сырына бағыттай білген ол Бекзат Бақтығұлқызы болатын. Ол кісіге де алғысым шексіз. Менің осындай бетке ұстар тұлғаларым барда мен ешқашан қор болмаймын деп есептеймін. Мені аналыққа, даналыққа, ұстаздық жолға, адал жар, сүйкімді келін болуға баулып, тағылымды тәрбие беріп, жол сілтеген барша адамдарға алғысым шексіз. Жүрегіміздің түпкірінен орын алатын анамыздан алған ұмытылмас тәрбие ол әкеге деген құрмет және кез келген қиындыққа мойымай, өмір-өзен ағысына төтеп беріп, жоқтан бар жасау. Біз өмірлік серігіммен отбасын құрған кезде бірталай қиындықтар алдымызда тосып тұрды. Қаржылай қиналған кезімізде болды, бірақ сол бір сәттерде жоқтан бар жасап, әр күнімізге шүкірлік етуді анамнан үйрендім. Осы орайда барша қыздар мен аналар қауымын Халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтағым келеді, - деп өмірінің бір бөлігімен бөлісіп, ізгі тілегін білдірді.

Ананың мейірімі жан-жағына өз шуағын төгеді. Осы шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейірім алып жүрген барша адамзат аналарды мәңгі ардақтап, аялай білсе, бұдан асқан бақыт жоқ шығар.

Р.Амантайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале