13.12.2023, 17:15
Оқылды: 39

«Мұғалімдер - зиялы қауымның авангарды! »

Мерзімді баспасөз беттеріне жазылу науқанына қатысу - зиялы адамның азаматтық борышы. Оқырман жаңа науқаннан не күтеді?! Газет бетінен не іздейді?! Міне, осы бағытта пікірлеспек ниетпен Сырым ауданына облыстық “Орал өңірі” қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы, белгілі жазушы, ҚР Жазушылар Одағы БҚО филиалының төрағасы Бауыржан Ғұбайдуллин келді.​
image-13-12-23-03-45-3
Бас редактор әуелі Шолақаңқаты ауылдық округінде болып, В. И. Шубин атындағы мектептің педагогтарымен кездесті.​
image-13-12-23-03-45-1
Бауыржан Ғұбайдуллин - ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі. Әңгіме мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаевтың ұлт жиынында қозғаған мәселелері турасында басталды.​
image-13-12-23-03-45
- ​ Халықтың әлеуметтік желінің ықпалына еруі, оқу мен жазудан алыстауы, ересектермен қатар балалардың смартфонға байланғаны тек жазу адамдарын ғана емес, Президентті де алаңдатып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев “оқитын халық” болуға үндеді. Оқитын, жазатын халық - жоғалмайтын халық. Әлеуметтік желі - білім көзі, сауат мектебі бола алмайды. Оқымысты Эйнштейннің “Ақпарат - білім емес!” деген сөзі бүгін өзекті болып тұр емес пе?! Телефон сипалауды сәл доғарып, кітап, газет парақтау керек! Қазақ даласындағы ХХІ ғасырдағы ағарту реформасының көш басында педагогтар жүру керек деп есептеймін. Себебі, мұғалімдер - зиялы қауымның авангарды! - деді Бауыржан Ғұбайдуллин.​
image-13-12-23-03-45-6
Тарих пәнінің мұғалімі Ғарифолла Ғабдолов жергілікті “Сырым елі”, облыстық “Орал өңірі” басылымдарын, қоғамдағы пікірлер тоғысын білу үшін “Уральская неделя”, “Мой город” секілді газеттерді де оқитынын айтты. Оның ойынша, газеттердің тілі өткір, сыны шынайы әрі дәл болуы тиіс. Әрине, мінеу міндет екен деп, жөнсіз - жосықсыз тілдеуден аулақ болған абзал.​
- Сын айтудың газеттегі көркем әдісі - фельетон, сатира мен шарждар қайда?! - деді тарихшы.
Ал Қ. Мырзалиев атындағы мектептегі кездесуде ұстаздар газет бетінен педагогтар еңбегін дәріптейтін, ата-аналарды пікірге шақыратын мақалалар көргісі келетінін айтты.​
- Оқушының сауаты, тәрбиесі - ең бірінші ата - анасынан! - дейді мырзалиевтік мұғалімдер.
Бауыржан Ғұбайдуллин осы күні М. Есламғалиев атындағы аудандық орталықтандырылған кітапханадағы Алаш үкіметінің 105 жылдығына арналған “Алашорда - Тәуелсіздік бастауы!” атты дөңгелек үстелге спикер ретінде қатысты.​
Бауыржан Ширмединұлы,​
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале