27.05.2019, 13:03
Оқылды: 129

Мұратсайлық түлектер зейнеткердің үйіне газ кіргізіп берді

Бөкей ордасы ауданы Мұратсай ауылындағы А.Құсайынов атындағы мектепті осыдан 10 жыл бұрын тәмамдаған түлектер өздерінің мерейлі күнін дүркіретіп  тойлаудан бас тартты. Оның орнына ауыл тұрғыны, зейнеткер Нұрзия Мамилинаның үйіне табиғи газ кіргізіп берді.

 IMG_8441

Жолдасы мен қызы дүние салған Нұрзия апай тұрмыстағы жалғызының тілеуін тілеп отырған жайы бар. Зейнеткердің қолында інісі Мейрам отбасымен тұрады.

– Нұрзия апайды бала кезімізден көріп-өстік. Қай үйде қуаныш, қайғы болса, сол үйдің ауыртпашылығын көтерісіп, көмектесіп жүреді. Өзі де бір кісідей қайғы көрді. Ауыл тұтастай табиғи отын тұтынып отырғанда жалғыз апайымыздың үйі ғана тезекке тәуелді еді. Осыны біліп, көріп отырғандықтан, бәріміз бір ауыздан, бір кісідей келісімге келген едік, -дейді түлектер.

– Жасыратыны жоқ, көз алдымда өскен балаларым келіп, «үйіңізге газ кіргізуге көмектесеміз» дегенде сенер-сенбесімді де білмедім. Міне, бүгін үйіме газ қосылып, қуанғанымнан төбем көкке сәл-пәл жетпей тұр. Іні мен келінім, балалар да дән риза. Жыл сайын жазда қысты ойлап, отын жинап, қыста тезегімен кіріп, күлімен шығып, мехнатын тартатын едік. Енді мұның бәрі артта қалады. Аллаға мыңда бір шүкір! Қайырымды жастар өсіп келе жатқаны қандай жақсы. Түлектердің рамазан айында жасаған игі істерін Алла сауапқа жазсын. Баршасына да алғысым зор,-деді Нұрзия апай көзіне жас алып.

Айта кетелік, түлектер ораза ұстап жатқан барша ауыл тұрғындарына ауызашар беріп, көпшіліктің алғысына бөленді. Сондай-ақ, мерекеге сай ұйымдастырылған волейбол ойынына да ақшалай демеушілік көрсетті. Бұдан өзге түлеп ұшқан мектептеріне музыкалық аспап та тарту етті.

Айша Құрмаш,

Бөкей ордасы ауданы,

zhaikpress.kz

IMG-20190527-WA0001 IMG-20190527-WA0003

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале