9.10.2020, 10:24
Оқылды: 585

Насыбайдың настығына наныңыз

Бүгінде есірткіге елігіп, ішімдікке құмартып, шылымның шырмауына түскен жастар аз емес. Солардың қатарына насыбайды «нандай жейтіндер де» қосылды. Бұрын егде жастағылар тұтынған зиянды зат қазір жасөспірімдер арасында кең таралған. Жақсыны көрмекке әзір тұратын қазақ баласы жаман әдетке де үйір екені жасырын емес. Арақ, темекі, есірткіге қатысты айтып ауыз ауырып, жазып қол жауыр болғалы қашан. Бұл үш кеселдің денсаулықты құртып, болашақты бұлыңғыр халге түсіретінін біле тұра қайта одан сайын соның құшағына құлауға үйір. Айтпақшы, темекінің зияндылығы туралы әңгіме бір басылған емес. Оны айтасыз, темекінің қорабында оны шеккен адамның өз денсаулығына өзінің балта шауып отырғаны туралы сүйектен өтердей суық сөз жазылған. Арақ пен темекіні ашық жарнамалауға тыйым, шектеу бар. Ал насыбай ұмыт қалған. Оған қарсы үгіт-насихат та, күрес те байқалмайды. Насыбайдың құрамы және оның адам ағзасына келтірер зияны туралы зерттеп жүрген мамандар туралы да естімеппіз. Енді «мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықтының» керімен насыбай деген құмарлықтың құны арзан түрі күн өткен сайын күш алып барады.

Nasybai (2)

Қауіпті екенін біле тұра, соған саналы түрде баратын жас толқынның насыбай атуға ден қоя бастауының бірнеше себептері бар. Үкімет арақ пен темекінің бағасын қымбаттатты. Қазір 500-600 теңгеге тәуір арақ табыла қоймайды. Темекі шегейін десе, оның өзінің «сырт көз сыншыға» дұрыс көрінгенін жөн санайды. Бүгінде бір қорап темекінің арзаны 400 теңге шамасында. Оның өзі көп болса, екі-үш күннің ар жақ бер жағында түбі көрініп, тағы да қалтаға салмақ салады. Бір апта ішінде 1000 теңгенің өзі күнделікті жүріп тұру, тамақтану шығынын қоспағанда жай ғана темекіге кетеді. Темекіні арнайы орынға барып тартпасаң, қазір бұрынғыдай құныға сорып, көшеде алшаңдай басып бара жататын дәурен өткені тағы бар. Осындай тентекті тезге салатын тегеурінді тәртіпті күшіне енгізген билік неге екені белгісіз насыбайды елеусіз қалдырды. Қазір тіл астына салатын түйіршік мектеп жасындағы баланың да ермегіне айналды. «Әләулайым біткенде хәлаулайым тағы бар» дегеннің кері осы, темекі ала алмасаң да темекі жапырағының ұнтақталған түрін көшеде жайып салып, жабайы сауда жасап отырғандардан ала салу оп-оңай. Зияны зор болса да, адам насыбайға неге әуес?

Қайта шапқан жау жаман

Күні кеше ғана осы насыбайды «ескіліктің қалдығы» деп жүруші едік. Ауылдың бірен-саран шалдары болмаса, оны пайдаланатындар сирек еді. Бұл жаман әдет өзінен-өзі келмеске кететіндей көрінетін. Мән бермейтінбіз. Сол қалып бара жатқан тоқсаныншы жылдардағы жаман әдет қайтып оралып, әсіресе жастар арасында кең тарап барады. Соған қарамастан, жекелеген адамдарды есепке алмағанда, жалпы денсаулық сақтау, білім және тәрбие беру, құқық қорғау органдары жеткілікті мән берер емес. Бірқатар көршілеріміздің дабыл қаққандарына біздің тиісті мекемелер бұрылып қарамағандай. Мысалы, Ресей мен Түркіменстан насыбайды тұтынуға, оны сырттан әкелуге, сатуға тыйым салып отыр. Тіпті ереуілдеуден көз ашпаған Қырғызстанның өзінде бұл бағытта қозғалыс бар. Қырғыз дәрігерлері зерттеулер жүргізіп, насыбайдың ішкі секрециялық бездерді қабындырып, ерлерді белсіздікке ұрындыратынын ашына айтып жүр. Сондықтан да құзырлы органдар тез арада насыбайды ноқталауды қолға алғандары абзал. Адам денсаулығына аса зиянды насыбаймен күрес шараларын қолға алатын тиісті органдар ырғалып-жырғалып жүргенде бұл дерт студенттер мен оқушылар арасында кедергісіз тарап барады. «Қайта шапқан жау жаман» демекші, біраз жылғы әлсіреуден, шегіністен кейін қайта шабуылға шыққан насыбай күш алып кетті.

Насыбай арзан, дерт қымбат

Бір кезде «нас» деген иісі жұпар ағаш болыпты. Сол насты жұрт иіскейді екен. Насыбай о баста содан шыққан. Міне, осындай аңыз бар. Иә, ол аңыз. Шындық басқаша.

Жаман әдеттен арылу дегенің қиын. Насыбай етекке жабысып жүріп, тұрмысқа сіңісті болып кеткен. Ең жаманы насыбай атып, жан-жағына былш-былш түкіріп жүргендерге саусақ арасынан қараймыз. Не істесе де әркімнің өз еркі дейміз. Ондай надандықтың күйе сияқты жақындағанға, әсіресе жастарға жұға кететініне мән бермейміз. Өркениетті бірсыпыра елдер адам денсаулығына зиянды деп тауып, сарымай мен ірімшікті пайдалануға шектеу қойып, оны жұртшылық құп алып, әлгіндей дәмді, таза тағамдарды тартына жеп жүргенде біз кәдімгі күл-қоқыстан бір асап алып, былш-былш түкіруді жалғастыра бермекпіз бе?! Насыбай ататындар оның неден және қалай жасалатынына мән бермейді. Білсе, бәлкім, басқаша болар ма еді? Сондықтан осы жайында бір-екі ауыз сөз айтқанды жөн көріп отырмыз. Насыбайға әдетте темекі жапырағының ұнтағы, әк, ағаштың күлі, тауықтың саңғырығы қосылады. Кейінгі кезде пайда табуды ғана көздейтін насыбай жасаушылар оған кәдімгі желімді де қосады дегенді естіп жүрміз. Бұндағы мақсат насыбайды есірткіге жақындата түсу шығар, сірә.

Атының өзінен ат үркеді

Насыбайдың заты түгілі атының өзі қалыпты адамның жирену сезімін тудырады емес пе. «Нас» және «бай» сөздерінен қосарланып тұруының өзі көп нәрсені аңғартады ғой. Енді бір қарағанда пәлендей зиянды әсері жоқ сияқты көрінетін нәрсенің адам ағзасына әсері, ықпалы қандай екеніне тоқталайық. Көзі қарақты оқырман темекінің құрамында никотиннен басқа да 29 түрлі улы зат барын біледі. Ал насыбай темекіге қарағанда әлдеқайда улы, зиянды, былғаныш. Ол рак ауруына жол ашады. Насыбай ататындардың ауыз қуысы ойылып, жара-жара болып жүреді. Бұл әктің әсері. Тауықтың қиы қаншалықты қауіпті екенін айтып жеткізу қиын. Қазақтар тауықты «Құстың шошқасы» деп атайды. Өйткені оның жемейтіні жоқ, тамақ талғамайды, бәрін қылғыта береді. Сондықтан тауық ішегінде құрттар да көп. Тауық қиының қаншалықты улы екеніне бір мысал келтірейін. Егер қой шөппен бірге тауықтың қиын жеп қойса, өліп қалады. Ал, біз оны тіл астына салып, сорамыз-ау. Сорақысы сол насыбайға лицензия алу міндеттелмейді, оның сапасына жауап бере алатын сертификат та талап етілмейді. Тағы бір таңғалдырарлығы сол тауарлық сипаты болмаса да, ол еркін сауда айналымында. Қауіптілігі темекі мен арақтан күшті бола тұра, құнының одан арзандығы да шошытпасқа қоймайды.

Түйін: Иә, сонымен, қорыта айтқанда, насыбай ататындар рак, ішек құрттары және белсіздік ауруымен басқаларға қарағанда жиі ауырады. Насыбайға әуестік ең алдымен өз денсаулығыңа балта шабу. Ракпен ауылдас боламын демесеңіз, насыбайдан аулақ жүргеніңіз жөн.

Ақсәуле Сексенбайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале