Бүгін Казталов ауданына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов жұмыс сапарымен келді. Облыс басшысының орынбасары жұмыс сапары барысында «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, кәсібін кеңейтіп жатқан кәсіпкерлердің жұмысымен танысты.
Казталов ауданы орталығындағы құрылысқа қажетті қосалқы бөлшектер жасайтын «Қабдығалиев» жеке кәсіпкерлігінің жұмыс көрген Қалияр Шадиярұлы кәсіпкердің жұмысына оң бағасын берді. Ақылбек Қабдығалиев көп жылдан бері құрылыс саласында еңбек етіп жүрген жан. Ол былтырғы жылы кәсібін кеңейту үшін «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, 2,5 пайызбен 9 млн. 200 мың теңге несиеге қол жеткізген. Алған қаражатқа ғимарат, тұрғын үй шатырына қажетті профильді парақтарды жасайтын құрылғы сатып алған.
Сонымен қатар, Қалияр Шадиярұлы аудан орталығында жиһаз жасайтын Ербол Аяповтың цехында болып, кәсіпкермен тілдесіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы сатып алған жиһаз өңдейтін құрылғылар жұмысымен танысты.
— Өз бизнесін бастаймын немесе шағын кәсібімді кеңейтемін деген азаматтарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мен де жоба аясында кәсібімді кеңейтуге мүмкіндік алып, жиһаз жасауға қажетті станоктарды сатып алған болатынмын. Қазіргі кезде ауыл, елді мекендер және облыс орталықтарынан тапсырыстар алып, уақытында жасап, жеткізіп жатырмыз. Тапсырыстар негізінде ауыл ішінде, көрші аудандардан, мекемелер мен әкімшіліктерден (мемлекеттік сатып алу порталы бойынша) түседі. Жиһаздың бағасы ауыл тұрғындарына қолжетімді.
Цехта 4 адамды тұрақты жұмыс жасайды. Алдағы жоспарымызда ғимаратты үлкейтіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтуды ойластырудамыз. Біздер үйге қажетті шкаф, ас үйге керек үстел, отырғыштар, кішкентай бүлдіршіндерге арналған жатын жиһаз түрлерін жасап жатырмыз. Алдағы уақытта балаларға арналған ойыншықтар да жасау жоспарымызда бар. Бәрі жақсы болса, табысымызды арттырып, үлкен жетістіктерге жетеміз деген ойдамыз, - дейді «Казталов жиһаз» цехының жетекшісі Ербол Аяпов.
Нұр Рахман,
Казталов ауданы